Жаңалықтар

Қазақстан боксшыларының алғашқы қарсыластары анықталды

Қазақстан боксшыларының алғашқы қарсыластары анықталды
Фото: ҚР МСМ 03.03.2024 09:39 871

Италияның Бусто-Арсицио қаласында бокстан Әлемдік лицензиялық турнир басталады. Бүгін жеребе тарту рәсімі өтіп, боксшыларымыздың алғашқы қарсыластары анықталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Турнирге әлемнің 113 елінен барлығы 602 боксшы тіркелген. Олар тоғыз күн бойы Париж Олимпиадасының 49 жолдамасына таласады. Қазақстан намысын ерлер арасында 6, әйелдер арасында 5 боксшы қорғайды.

Ерлерден алғаш болып шаршы алаңға ертең 51 келіде Сәкен Бибосынов шығады. Оның қарсыласы - Гонконг елінің өкілі Каннет Хин Чун Там. 57 келі салмақ дәрежесінде Махмұд Сабырхан алғашқы айқасын 4 наурыз күні эфиопиялық Ядеса Фикремариам Леатаға қарсы өткізеді. Сондай-ақ 63.5 келіде Мұхамедсабыр Базарбайұлы Тринидад және Тобаго елінің боксшысы Дониэл Филлипке қарсы жұдырықтасады. Бұл жекпе-жек 5 наурызға жоспарланған. Ал Ұлттық құрамамыздың капитаны Асланбек Шымбергенов Италиядағы жорығын екінші айналымнан бастайды. Оның қарсыласы - финляндиялық Сэм Моровати. 80 келідегі бәсекеге 61 боксшы тіркелген екен. Жерлесіміз Нұрбек Оралбай өзінің алғашқы айқасын 4 наурызда Гаити елінің өкілі Кедрик Белони-Дулиепрега қарсы өткізеді. Егіздердің сыңары 92 келідегі Айбек Оралбай 6 наурызда үндістандық Санжит Санжитпен кездеседі.

Сонымен қатар, қыздарымыз да Бусто-Арсициода айқасатын алғашқы қарсыластарын анықтады. 50 келідегі Алуа Балқыбекова бірден екінші кезеңге өтті. Ол гуатемалалық Айлин Джэймс пен чехиялық Клаудиа Тотова арасындағы жұптың жеңімпазымен кездеседі. Жайна Шекербекова да құрбысы секілді бірінші кезеңді жекпе-жексіз өтті. Дегенмен оның қарсыласы анық. Нигериялық Шукура Кариммен кездеседі. Ал 60 келідегі Римма Волосенко шаршы алаңға ертең, яғни 3 наурыз күні шығады. Оның қарсыласы - Хаднас-Шах Тианна (Тринидад және Тобаго). Екінші айналымға айқассыз өткен 66 келідегі Наталья Богданова алғашқы жекпе-жегінде аргентиналық Соледад Лорена Бальбуэнамен жұдырықтасады. Ал 75 келідегі Валентина Хальзова екінші кезеңде түрік қызы Бусра Исилдар мен эквадорлық Инга Малдонадоның қай жеңгенін күтеді.

Естеріңізге сала кетейік, турнир 11 наурызға дейін жалғасады. Қазақстан боксшыларының еншісінде бүгінде Париж Олимпиадасының екі лицензиясы бар. Оларды ерлерден аса ауыр салмақ дәрежесінде Қамшыбек Қоңқабаев пен қыздар арасында 57 келіде Карина Ибрагимова жеңіп алған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға