Жаңалықтар

Қазақстан боксшылары Азия чемпионатында топ жарды

Қазақстан боксшылары Азия чемпионатында топ жарды
Фото: egemen.kz 26.01.2023 16:21 1899

Таиландтың Банкгок қаласында 22 жасқа дейінгі боксшылар арасында Азия чемпионаты мәресіне жетті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Кеше 11 салмақ дәрежесі бойынша қыздар арасындағы финалдық кездесулер өтті. Қазақстан құрамасы 2 алтын, 7 қол медальмен Өзбекстан мен Таиландтан кейінгі үшінші орынды алды. Жасмин Қизатова 70 кг салмақта және Гүлсая Ержан 81 кг салмақта техникалық басымдық, соққы дәлдігі мен табандылық көрсетіп алтыннан алқа тағып, әнұранымызды шырқатты.

Бұл Азия құрлығының кез-келген елі үшін үлкен спорттық жетістік болғанымен жұдырықтасу өнерінде бай дәстүрі бар Қазақстан үшін кері кету деп бағаласа болады. Себебі ақтық сынға шығуға таласқан 9 боксшы қыздың 7-і сүрініп, оның екеуі ғана финалға шыға алды. Олардың үшеуі көрші қыздардан жеңілді. Азия құрлығында ғана емес барлық деңгейлерді бәсекелеске айналған өзбек құрамасының 7 қызы финалға шығып, оның бесеуі жеңімпаз атанды.

Еркектер арасындағы жарыстар шиеленісті түрде өтіп жатыр. Бүгін еркектер арасындағы финалда Санжар Ташкенбай 48 кг-да өзбек Шадиержан Меликузиевпен кездесіп, жылдамдық, тайминг, интеллект жағынан айқын басымдықпен жеңді. Санжардың боксшы ретінде жанкүйерлерді әлі талай қуантады деп ойлаймын.

Нұрсұлтан Алтынбек 54 кг-да филлипин Флинт Джарды сенімді стильде барлық компоненттер бойынша басымдықпен жеңді.

Санжар мен Нұрсұлтанның жұлдызшалары енді жанса, жарық жұлдызға айналып келе жатқан Махмуд Сабырхан 57 кг-да тай боксшысы Саравут Суктхетпен шайқасында қыл үстінде тұрған жеңісті жұлып әкетті.

67 кг-да Абзал Серік ,  Сабыржан Аққалықов 71 кг-да, Диас Молжігітов 75 кг-да  күміс жүлде иеленді.

Сөйтіп финалға 6 боксшымыз шығып, оның 3-і алтын медальға, 3-уі күміс медальға ие болды.

Жақында ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы ауысты. Ұзақ жылдар жасөспірім, жастармен табысты еңбек етіп келіп ересектер құрамасының тізгінін 2021 жылдың күзінде қолына сенімді алған Қайрат Сәтжанов денсаулығына байланысты кәрі тарлан Мырзағали Айтжановқа екінші шанс беріп  жұмыстан кетті.

Мырзағали Айтжанов ұлттық құраманы 2009 жылдан 2018 жылға дейін басқарды. Ұлттық құраманың ең маңызды тарихи жетістіктері осы кісінің атымен байланысты. Лондондағы Олимпиада ойындарында Серік Сәпиев, Рио-де-Жанейродағы ойындарда Данияр Елеусінов чемпион атанды. Мырзағали Айтжановпен бірге қазақ боксшылары  әлем чемпионаттарында 5 алтын медаль жеңіп алды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға