Жаңалықтар

Қазақстан бетбұрыс кезеңінде тұр – БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі

Қазақстан бетбұрыс кезеңінде тұр – БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі
Фото: ©El.kz/Амангүл ТІЛЕЙ 12.09.2023 11:35 1014

Астанада тұрақты даму мақсаттарының саммитіне орай жоғары деңгейде брифинг өтіп жатыр. 2023 жылдың 18-19 қыркүйегінде Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясы шеңберінде өтетін 2023 Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) маңызды саммиті қарсаңында БҰҰ-ның Қазақстандағы кеңсесі Қазақстанда тіркелген дипломатиялық корпустың 50 өкілінің қатысуымен жоғары деңгейдегі брифинг басталды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Аталмыш жиынға шет мемлекеттерден спикерлер қатысып, жаһандық мәселелерді қозғады. Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори тұрақты дамуға қол жеткізудегі ілгерілеушілік барлық жерде баяу жүріп жатқанын тілге тиек етті.

Өзара бірлескен әрекет тапшылығынан ең осал топтар зардап шегетіні анық. Бірақ сәтсіздіктерге қарамастан, оң өзгеріс әлі де болуы мүмкін. Саммитте саяси декларациядан бөлек, біз елдерді 2030 жылға дейінгі күн тәртібін іске асыруды жеделдететін әрекеттерге ерікті міндеттемелер қабылдауға шақырамыз. Көптеген басқа елдер сияқты Қазақстан да бетбұрыс кезеңінде тұр, – деді спикер.

Сондай-ақ ол Қазақстанда 30 жылдан астам уақыт жұмыс істеп жатқанын және рөлі өзгергенін тілге тиек етті.

Қазақстанда жұмыс істей бастағанымызда тәуелсіздігін енді ғана алған ел болған. Біз гуманитарлық қызмет көрсеттік. Яғни жаңа ғана тәуелсіздігін алған кезде экономикалық тұрғыдан көмек және өзінің оқу бағдарламасын жасау деген сияқты көмектер болды. Ал қазір Қазақстанмен серіктеспіз. Бүгінгі күні бізде 27 БҰҰ-ның агенттігі бар. Әлем елдеріне тұрақты даму мақсаттарын өздерінің даму жоспарлары, саясаты және стратегияларына одан әрі енгізу керек. Осылайша біз тұрақты дамуға бірыңғай әрі тиімді тәсіл жасаймыз, – деді Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори.

ҚР ҰЭМ Әлеуметтік саясат және мемлекеттік органдарды дамыту департаментінің директоры Нұргүл Жанназарова бұл саммит орнықты даму мақсаттарының жеделтетілген прогресінің жаңа кезеңінің басталуын белгілейді деді.

Орнықты даму мақсаттарының тарихы 2015 жылдың 25 қыркүйегінен басталады. Дәл сол кезде БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб пәтерінде әлемдік көшбасшылар 2030 жылға дейінгі тұрақты күн тәртібін қабылдаған болатын. Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың толыққанды қатысушысы бола отырып, 2030 жылға дейінгі күн тәртібінде қойылған сұрақтарды орындау бойынша өзіне міндеттемелер қойды. Тұрақты даму күн тәртібі кедейлікті жоюға, теңсіздікпен күресуге, сондай-ақ климаттың өзгеруіне байланысты мәселелерді шешуге бағытталған 17 орнықты даму мақсатын көздейді. Біз халықаралық серіктестеріміздің қолдауын жоғары бағалаймыз, – деді Нұргүл Жанназарова.

Алдағы ТДМ саммиті 2030 жылға дейінгі күн тәртібін және оның 17 ТДМ іске асыруда қол жеткізілген прогресті жан-жақты бағалау үшін мемлекет және үкімет басшыларын біріктіруге бағытталған. Әлемдік көшбасшылар ТДМ трансформациясы бойынша батыл жаһандық және ұлттық міндеттемелерді қабылдайды деп күтілуде. Саммиттің қорытындысы келісілген саяси декларация болмақ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға