Жаңалықтар

"Қазақстан барысы" атанған Ғалымжан Қырықбайға Тараз қаласынан 2 бөлмелі пәтер берілді

"Қазақстан барысы" атанған Ғалымжан Қырықбайға Тараз қаласынан 2 бөлмелі пәтер берілді
Фото: Жамбыл облысының әкімдігі 07.07.2023 10:47 1123

"Қазақстан барысы" турнирінің биылғы финалдық кезеңінде топ жарған Ғалымжан Қырықбайға Тараз қаласынан 2 бөлмелі пәтер берілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Салтанатты шарада Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов көпшілікті Елорданың  25 жылдығымен құттықтап, даңқты балуанға құрмет көрсеткен. 

Сондай-ақ, Нұржан Нұржігітов өз сөзінде жуырда ғана өткен республикалық «Қазақстан барысы» турнирінде жеңімпаз атанып, жерлестерінің мерейін асырған Ғалымжан Қырықбайдың жетістігін айрықша атап өтті. 41 балуанның ішінен үздік шығып, еліміздің бас балуаны атанған спортшыға Тараз қаласынан 2 бөлмелі пәтердің кілтін табыстап, марапаттады. Ал оның жаттықтырушысы Бахтияр Ақбергеновке 2 миллион теңгенің сертификатын тапсырды.

Ғалымжан Қырықбай "Қазақстан барысы" турнирінде соңғы үш жыл бойы жүлдегерлер қатарына енді. Ол 2021 жылы финалға шығып, күміс белбеу иегері атанған болатын. Ал 2022 жылы үшінші орынға тұрақтап, қола белбеуді тағынған еді. Биыл ол кезекті рет финалға шығып, өзінің байырғы қарсыласы, маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғаповты қосымша уақытта ұтып, он бірінші рет өткен "Қазақстан барысы" турнирінің жеңімпазы атанды. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға