Жаңалықтар

Қазақстан БАӘ-мен тауар айналымын 1 млрд долларға дейін жеткізуді жоспарлап отыр

Мемлекет басшысы Қазақстан–БАӘ инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты
Қазақстан БАӘ-мен тауар айналымын 1 млрд долларға дейін жеткізуді жоспарлап отыр
Фото: akorda.kz 17.01.2023 22:17 1373

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен кездесу барысында тауар айналымын 1 миллиард долларға дейін жеткізу үшін күш салуға шешім қабылданғанын мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы серіктестік екі негізден тұрады: бірі, орасан зор экономикалық әлеует пен іскерлік мүдделер, екіншісі, өзара құрмет пен ортақ құндылықтар. Елдеріміз арасында орнаған қатынастар 30 жылдан бері жоғары деңгейде жалғасып келеді. БАӘ – біздің негізгі аймақтық сауда-экономикалық серіктесіміз. Бұл кездейсоқ емес. БАӘ Қазақстанға шамамен 3 миллиард доллар инвестиция құйды, ал Қазақстан БАӘ-ге миллиард доллардан астам инвестиция салды. 2022 жылдың аяғында елдеріміз арасындағы тауар айналымы шамамен 600 миллион долларға жетті. Бұл үлкен жетістік. Дегенмен әлі де арттыра түсуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан БАӘ-мен тауар айналымын 1 млрд долларға дейін жеткізуді жоспарлап отыр

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен БАӘ арасындағы іскерлік ынтымақтастықты одан әрі нығайта алатын негізгі бағыттарды атап өтті. Оның айтуынша, біздің еліміз ауыл шаруашылығы саласындағы серіктестікке үлкен үміт артып отыр. Қазақстан органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп, оны БАӘ нарығына жеткізуге дайын. Мемлекет басшысы Әмірліктердің Қазақстанда бұрыннан жұмыс істеп жатқан және басқа да кәсіпорындарын тамақ өнеркәсібіне инвестиция салуға шақырды.

Біз аса маңызды материалдар мен сирек кездесетін металдардың барланған қоры бойынша әлемдегі жетекші он елдің қатарына кіреміз. Біз уран, титан, хром және басқа да материалдардың ірі өндірушісі саналамыз. Көптеген кен орны әлі зерттелмеген. Елеулі технологиялық дамуды ескерсек, маңызды материалдардың мәні арта түседі. Бізге осы саладағы әлеуетімізді толық іске асыру үшін инвестиция мен тәжірибе қажет. Тартымдылығымызды арттыру үшін күрделі газ және мұнай кен орындарын игеру жөнінде жетілдірілген келісімшарт үлгісін қабылдадық. Ол жоғары деңгейдегі құқықтық тұрғыда қорғауды және салықтық жеңілдіктерді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ инвесторларды қолдау үшін Ұлттық геологиялық қызмет пен тиісті цифрлық платформа құрдық. 2023 жылдан бастап тау-кен металлургия секторындағы жаңа стратегиялық жобалар пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықты төлеуден бес жылға дейін босатылады, – деді Президент.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға