Жаңалықтар

Қазақстан Азия ойындарында төртінші-бесінші орындар алуға қауқарлы – Ермахан Ыбырайымов

Қазақстан Азия ойындарында төртінші-бесінші орындар алуға қауқарлы – Ермахан Ыбырайымов
Фото: kfb.kz 21.09.2023 11:45 646

Қытайдың Ханчжоу қаласында басталатын жазғы Азия ойындары қарсаңында бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымовтың пікірін білген едік, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жазғы Азия ойындарында төртінші және бесінші орындарға таласып көруіміз керек. Оған Қазақстанның толық мүмкіндігі бар. Өйткені бірнеше спорт түрлерінен өткен соңғы әлем, Азия чемпионаттарында нәтижелеріміз тәуір. Бокстан өткен әлем чемпионаты да сөзімнің дәлелі бола алады. Күресті де көріп жатсыздар. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында болмаған еркін күрестен алтын жүлдеге қол жеткізді. Ризабек Айтмұқан бауырымыз 92 келіде топ жарып, халқымызды қуантып жатыр. Басқа да жұлдыздары жарқ етуге лайықты атлеттер жетерлік, - дейді Ермахан Ыбырайымов.

Ол 1998 жылы Тайланд астанасы Бангок қаласында өткен жазғы Азия ойындарында ту көтеріп барып, чемпион атанған болатын. Бокстан 75 келіге дейін салмақта алтын алған.

Иә, бұл ерекше есте қалған сәттердің бірі. Спорттық карьерамда алтын әріптермен жазылған кезең. Капитан ретінде халықтың сенімін ақтадым. Құрама ретінде төртінші орын алғанбыз. Бәрі есімізде, күні кеше болғандай, - дейді Олимпиада чемпионы.

Ол енді осы ретте боксшылардың мүмкіндігіне тоқталды. Биыл Азия ойындарында олимпиадалық 7 салмақ бойынша жүлделер сарапқа салынады. Сонымен қатар фналға шыққан боксшылар Париж Олимпиадасының лицензиясына қол жеткізеді.

Мен бірінші кезекте құрама капитаны, ту ұстаушы батырымыз Асланбек Шымбергенов пен жас дарын Махмұд Сабырханнан ерекше үміт күтемін. Сосын Сәкен Бибосынов та бабында. Басты қарсыласы өзбек боксшысы Хасонбой Дусматов болмақ. Үндістан боксшысы да осал емес. Қамшыбек те бұл жолы бітіспес бәсекелесі Баходир Жалоловтан есе қайтарам, матч реванш жасаймын дейді. Нұрбек Оралбай, Сағындық Тоғамбай, Ертуған Зейнуллаев сияқты жігіттердің кез келгені жүлде алуға жарап тұр, - дейді Ермахан Ыбырайымов.

Айта кетейік, Азия ойындарына еліміздің атынан 524 атлет қатысады. Олар 30 спорт түрінен 305 медаль үшін таласады. Сары құрлықтың басты бәсекесі 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында өтеді.

Бұл ақпараттың жарық көруіне қолдау жасаған «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» КҚ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға