Жаңалықтар

Қазақстан азаматтығын алу үшін қазақ тілінен емтихан тапсыру керек

Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты
Қазақстан азаматтығын алу үшін қазақ тілінен емтихан тапсыру керек
Фото: bugin.kz 10.11.2022 13:57 2035

Сенаттың жалпы отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында тілшілер Үкімет басшысынан мемлекеттік тілді білмейтіндерге Қазақстан азаматтығын бермейтін заң қабылдау мүмкіндігіне қатысты сұрақ қойды, деп хабарлайды El.kz Қазақпаратқа сілтеме жасап.

«Тиісті заңнамаға өзгерістер қаралып жатыр. Осы нормалар Үкіметте келісу сатысынан өтуде. Жалпы, бұл нормаларды қолдаймыз. Сондықтан осындай өзгерістерді заңнамаға енгізу керек деп санаймыз», - деді Ә. Смайылов.

Бұл тұрғыда ол аталған өзгерістер халықаралық тәжірибеге сүйеніп дайындалғанын атап өтті.

«Көптеген елде азаматтық алу үшін мемлекеттік тілді және сол елдің тарихын білу керек, сондай-ақ тиісті емтихан тапсыру міндеттеледі. Германияда, Түркияда, Канадада, Ресейде және басқа да мемлекеттерде осындай талаптар бар. Ол талаптар аясында азаматтық алатын адамдар сол қоғамға тез бейімделіп кетуіне ықпал етеді. Сондықтан тиісті емтихан тапсыру керек деп ойлаймыз, яғни азаматтық алатындар бұл талаптарға сай болуы қажет», - деді Премьер-Министр.

Сонымен қатар Үкімет басшысы кейбір санаттарға бұл талаптар қолданылмауы мүмкін екенін жеткізді.

«Этникалық қазақтарға және кәмелетке толмағандарға, сондай-ақ халықаралық шарттарға сәйкес жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алатын адамдарға аталған талаптар қолданылмайды. Осы орайда Қазақстанда жақын туыстары тұрса немесе жұбайы Қазақстан азаматы болса, сондай-ақ елімізге еңбегі сіңген адам болса, онда тиісті шешіммен жеңілдетілген түрде осы адамдар азаматтық ала алады», - деді Әлихан Смайылов.

Айта кетейік, Заңға мемлекеттік тілді білмейтіндерді азаматтыққа қабылдаудан бас тартуды көздейтін түзету әзірленетіні туралы жазған едік.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға