Жаңалықтар

Қазақстан астығының келешегі қазіргіден де жарқын болуы тиіс

Қазақстан астығының келешегі қазіргіден де жарқын болуы тиіс
Фото: Үкімет 23.01.2023 18:10 1201

Мына цифрға назар аударып көрейік. 2001 жылдан бастап Қазақстанның ұн экспортының көлемі күрт көтерілу үстінде болды. Мәселен, аталған жылы барлығы 170,9 мың тонна ұнды шетке шығарса, 2002 жылы оның көлемі 298 мың, 2003 жылы 483 мың, 2004 жылы 532,3 мың тоннаны құрады. Ал 2005 жылы Қазақстан 932 мың тонна ұн экспорттап, осы жөнінен әлемде Еуропа мен Түркиядан кейінгі үшінші орынды еншілесе, 2006 жылы 1461 мың тоннаны экспорттап, Түркиядан кейінгі екінші орынға, ал 2007 жылы 1 миллион 900 мың тоннадан астам ұн шығарып, әлемде бірінші орынға көтерілді. Айналасы алты-жеті жылда Қазақстанның ұн экспортының көлемі 10 еседен астамға өсті.

2007-2010 жылдары еліміздің ұн экспорты үнемі қарқынды өсу үстінде болды. 2010 жылы 2,3 млн тоннадай ұн шет елдерге сатылып, ұн экспорты өзінің рекордтық шегіне жетті.

Біздің есебіміз бойынша, әзірге Қазақстан өндірісінің ешбір саласы дәл осындай жетістікке жеткен емес.

Дегенмен, мұнан кейінгі жылдары ұн экспортының көлемі күрт төмендей бастады. Оған Қазақстан ұнын көптеп сатып алушы көрші елдердің өздеріне келетін ұн импортына шектеулер енгізе бастауы және еліміздегі ұн өндіру құралдарының тозуы секілді жағдайлар себеп болды.

Соңғы жылдардағы Қазақстан ұн экспортының көлемі 1,3 миллион тонна айналасында қалыптасып отыр деуге болады. Ұн өндірушілер оны 2 млн тоннаға дейін жеткізуге болады деп отыр. Әлемде астық пен ұн бағасының көтеріліп келе жатқанын еске алсақ, бұдан еліміздің едәуір көлемде пайда таба алатындығын аңғарамыз.

Енді астық жағына келейік.

Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанда 2011 жылы таза салмақпен 26,9 миллион тонна астық жиналды. Бұл 1986 жылдан бері болмаған оқиға еді. Оның үстіне содан бір жыл бұрын ғана, яғни 2010 жылы 12 миллион тонна астық жиналғандығын еске алсақ, мұның өте жоғары көрсеткіш екендігіне бірден көз жеткіземіз.

 Астықтың мұндай үлкен көлемін тіпті Ауыл шаруашылығы министрлігіндегілердің өз күтпеген болса керек немесе олар осы тұста «арық сөйлеп семіз шық» қағидатын ұстанған. Мәселен сол кездегі министрліктің жауапты хатшысы Евгений Аман өзінің 15 қыркүйек күні журналистермен өткізген баспасөз мәслихатында сол күнгі мәлімет бойынша елімізде 16 миллион тонна астық бастырылғандығын хабарлап, оның жалпы көлемі 20 миллион тоннаға жетіп жығылатындығын жеткізді.

Өстіп болжам көрсеткіші уақыт өткен сайын бірте-бірте өсе берді. Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтің өзі осыдан кейін өткен «Нұр Отан» партиясы парламенттік фракциясының Үкіметпен өткізген отырысында республика бойынша астықтың әр гектарының өнімділігі 16 центнерге жуықтағандығын, кейбір шаруашылықтар 30 және одан да көп центнерден астық бастыруда екендігін, статистика бойынша мұндай өнімділік көрсеткіші 50-інші жылдардан бері қайталанбағанын атап көрсетті және Азық-түлік келісім-шарт корпорациясының шаруалардан 5 миллион тонна астықты сатып алтындығын мәлімдеді. 

Ал министрліктің баспасөз қызметі 22 қыркүйек күні егіс алқаптарының 77,5 пайызында астық жиналып, көлемі 19,9 миллион тоннаны құрағандығын, астықтың жалпы көлемі 20 миллион тоннадан да асып түсетіндігін, сөйтіп соңғы 60 жыл көлемінде рекордтық өнім алынады деп күтіліп отырғандығын жариялады.

23 қыркүйек күні Қазақстанда 25 миллион тоннаға дейін астық жиналатындығы мәлім болды.

  Мұның сыртындаконецформыначалофор Статистика агенттігі баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, Қазақстанда  2011 жылы 18 млн. 646 мың 800 гектар аумаққа жаздық ауылшаруашылық дақылдары егілді. Соның ішінде 16 миллион 255 мың 900 гектарға дәнді дақыл егілсе, оның 14 миллион 102 мың 600 гектарына бидай себілген. Сонымен қатар агенттіктің баспасөз қызметі Қазақстанда дәнді дақылдардың бағасы 2011 жылдың басынан бастап 14,8 пайызға өскендігін хабарлады. Әрине, өндірген өнімдері жақсы бағаланып жатса, бұл диқандар үшін үлкен жақсылық.

Бұрын-соңды болмаған мол астық жолындағы күрестің ендігі үлкен мәселесі оны қайда қоямыз деген сұраққа тірелді. Елдің ішкі сұранысын қанағаттандыруға 8 миллион тонна жетеді. Сонда 25 миллион тонна астық жиналған жағдайда оның 15-17 миллион тоннасын экспорттау қажет болады. Ал мұншама мол астықтың бір сәтте сыртқа шығарылмайтыны белгілі. Сондықтан экспорт мәселесін елімізге қолайлы баға бойынша жүйелі де ырғақты жүргізу үшін, ең бірінші, жиналып жатқан астықты сақтау мәселесі өткір сипатқа ие болатындығы сол тұстан бастап мәлім болды.

Дегенмен келесі 2012 жылы бұл көрсеткіш қайтадан екі есе төмендеп, 14,8 млн тонна ғана астық жиналды. Дегенмен осының өзі елдің ішін сапалы астықпен молынан қамтып, 6 миллион тонна астықты сыртқа шығаруға мүмкіндік берді. 2013 жылы 18,3 млн тонна астық алынды.

 Қазақстандағы астық өндірісінің көлемі соңғы жылдары да осындай көрсеткіштерді сақтап отыр. Мәселен 2020 жылы таза салмақпен 20 миллион тоннадан астам астық алынса, 2011 жылы ол тағы төмендеп 16,6 миллион тоннаға түсіп қалды. Есесіне өткен 2022 жылы  бункерлік салмақпен 22,8 миллион тонна астық алынды. Мұны соңғы 10 жылдан бергі рекорд деп бағалауға болады.

 

Әлемдік бренд

Әлемдік деңгейдегі бренд тауарлар мен қызмет саласын айқындаудың сан түрлі жолдары бар көрінеді. Мәселен осы сала бойынша маманданған Millward Brown компаниясы осыдан он жыл бұрынғы көрсеткіш бойынша әлемдегі ең қымбат брендтерді соларды шығаратын компаниялардың табысына қарап белгілеген. Осы бойынша бірінші орынға 86 миллиард доллар табыс қаратқан Google шыққан. Екінші орында 71 миллиард доллар табыспен Generall Elektric, үшінші орында 70 миллиард доллармен  Microsoft, төртінші орында 58 миллиард доллармен Coco-Cola өнімі шыққан. Бесінші орынға 57 миллиард доллар табыспен қытайдың ұялы байланыс операторы China Mobile компаниясы табан тіресе, тоғызыншы орынды финдердің Nokia компаниясы, оныншы орынды   Marlboro темекісі еншілепті. Ал немістердің атақты Mercedes мәшинесі 18 миллиард доллар табыспен 36 орынды қанағат тұтыпты.

Сондай-ақ бренд тауарларды халық арасында сауал салу арқылы анықтауға болады. Былайша айтқанда халық қандай тауарды қаласа, сол бренд болып табылады. Біздің көршіміз Қырғызстан Үкіметі 2010 жылдың күзінде арнайы қаулымен осындай жолмен өз брендіне лайық тауарларын айқындау ісімен айналысатын  жұмыс тобын құрған болатын. Бұл топ көршілес орналасқан елдердің азаматтарынан, атап айтқанда Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстанның әрқайсысынан 500 адамнан, Қазақстаннан 600 адамнан, Қытай мен Ресейдің әрқайсысынан 800 адамнан бір мезгілде сауалнама жүргізуге тиіс болған.

Қазақстанда бренд тауарларды айқындау қандай жолмен жүргізілмек? Жалпы мұның өзі қажет пе? Әлде брендті өмірдің өзі айқындай ма? Оған төрелік айта алмаймыз. Дегенмен біреу бізден Қазақстанда брендке сұранып тұрған тауарлар бар ма деп сұрай қалса, бірінші кезекте  Қазақстанның бидайын, соның ішінде ұнды айтқан болар едік. Өйткені бірқатар ғалымдардың пікірінше дүниежүзінде ең сапалы астық Қазақстан мен Канадада өседі екен. Оның үстіне осыдан он жылдан астам уақыт бұрын  Италияның «Малино Алимонти» компаниясы еліміздегі астық сапасына зерттеулер жүргізе келе оны әлемдегі ең жақсы астық деп бағалаған болатын.

Әрине, табыс қарату жағынан алғанда бидаймыз әзірге мұнайға теңесе қойған жоқ. Бәлкім теңесе де алмас. Бірақ әлемдік азық-түлік рыногында қазірдің өзінде жеткен жетістіктері жағынан мәртебесі биік болып отыр.

Біріккен Ұлттар Ұйымының  сарапшылары азық-түлік тапшылығына ұрына бастаған адамзаттың қазіргі жағдайында, әсіресе, әлемдік экспорттаушылар қатарына соңғы он жылдың ішінде келіп қосылған Ресей, Украина, Қазақстан үшеуінен үлкен үміт күтетіндіктерін жасырмай айта бастаған болатын.  Өйткені, олардың бағалауынша, бұл елдерде, әлі айналымға қосылмай отырған егістік жерлер көлемі баршылық.

Әлемнің біраз елдерінің Ресей, Украина, Қазақстан секілді жаңа астық державаларының өнімдеріне тәуелді екендігі Ресей мен Украина арасындағы қарулы қақтығыс кезінде де анық байқалды деп айта аламыз. Сондықтан ұрыс қимылдары қызу жүріп жатқанымен әлемнің жетекші мемлекеттерінің араласуы нәтижесінде Украина астығын сыртқа тасымалдауға жол ашылғандығын білеміз. Бұл оқиға мен келісімнің өзі әлем елдері үшін астықтың маңызы барынша артып келе жатқандығын білдірсе керек.

Егер Қазақстан астығын сыртқа шығару жолдары мен тасымалдау жайы толық шешімін тапса, Қазақстан астығын сатып алуға қызығушылық танытатын елдер аз емес және олардың қатары жыл өткен сайын артып келеді.

Сөйтіп, адамзат баласының 70  пайызы қоныс теуіп отырған Еуразия атты алып құрлықтың кіндік тұсында, яғни әлемдік мұхиттардан жырақта орналасқандықтан ылғал аз түсіп, оның орнына күн шуағын бойына молынан сіңіретін, осының есебінен өсімдіктері ерте сарғаятын Сарыарқадай байтақ даламыз сапалы, қамырлылығы мол астық өсіру жөнінен нағыз құт қонған қасиетті өңір болып шықты. Алғашқы қазақ хандығы  құрылған кезде халыққа жайлы қоныс табу мақсатында Асан қайғы бабамыздың желмаяға мініп алып (сол кездері бабамыздың желмаяға мінуінде де бір гәп бар-ау), тынбай іздеген Жерұйығы да осы жер ме екен дейсіз. Біз бұл өлкенің қасиетін енді ұғып, әлеуетін де енді аша бастаған сыңайлымыз.

Миллиондаған гектарларға созылып жатқан шетсіз-шексіз өңірде жазға салым жер бетіне еркін өніп шыққан бидай мен арпа алқаптары соққан желдің екпінімен көк теңіздей толқып жатады. Ал берекелі күз айларында сары кілемдей жайнайды. Міне, осы даланың қақ ортасында жылдан-жылға келбеттеніп, жарқырай және асқақтай түскен Қазақстанның інжу-маржаны – оның жаңа елордасы Астана қаласының орналасуы сол даланың басына кигізілген тәждей көрініп, маңғаз да сабырлы Сарыарқаға кербездік сипат берер еді. Бұл – бүгінгі күннің көрінісі.

«Еткен еңбек, төккен тер еш кетпейді» дейді дана халқымыз. Қазақстанда тәуелсіздік кезеңінде атқарылған жан-жақты жұмыстарды, өз қолы өз аузына енді жеткен халықтың бейбітшіл ізгі ниетін, жақсы өмірге деген ұмтылысын Табиғат ана да іштей құптап, қол ұшын соза түскендей. Өйткені өз тәуелсіздігінің 30 жылдығын артқа тастап, өткеннің кемшіліктерінен арылып, жаңа Қазақстанды құру ісі басталып кеткен қазіргі шақта, сонымен қатар мұнан кейінгі уақыттары Қазақстан астығының келешегі қазіргіден де жарқын болуы тиіс деген ойдамыз. Біздің мұндай ойға келуімізге мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына үлкен көңіл бөлінуі, субсидия бөлу ісінің де әділетті жолдармен қайта реттеле басталуы, сонымен қатар ауылдардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту үшін таяудағы кезеңнің өзіне арнап триллион теңге қаржының бағытталатыны түрткі болып отыр. 

Қысқасын айтқанда, Қазақстан астық өндірісінің әлем бойынша алғанда қазіргі жеткен жетістіктері мен даму барысы, алдағы алар асуларының молдығы көңілге мақтаныш сезімін тудырады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға