Жаңалықтар

Қазақстан әскерінде 12 мыңнан астам әйел қызмет етеді

Қазақстан әскерінде 12 мыңнан астам әйел қызмет етеді
Фото: Қорғаныс министрлігі 06.03.2024 23:08 945

Қазақстан әскерінде 12 мыңнан астам әйел қызмет етеді. Оның ішінде 800-ге жуық офицер, 6 мыңнан аса келісімшарт бойынша әскери қызметші және 5 мың азаматтық персонал еңбек етіп жүр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов Халықаралық әйелдер күні қарсаңында өмір жолын Қарулы күштердегі қызметпен байланыстырған қыз-келіншектермен кездесуі кезінде айтты. 

Салтанатты іс-шарада министр қатысушыларды Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, ел Қарулы күштерінде күрделі әрі абыройлы әскери қызметте жүрген әйелдерге шын жүректен алғыс білдірді.

Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінгі таңда елімізде «полковник» әскери шенінде 25 әйел болса, 11 нәзік жанды басшылық лауазымдарда, 55-і мемлекеттік наградалармен марапатталған.

Әскери қызметші әйелдер оқу-жауынгерлік міндеттерді ер-азаматтармен тең орындай отырып, адал қызмет атқарып жүр. Олардың арасында теңізшілер, десантшылар, барлаушылар, мергендер, механик-жүргізушілер де бар. Кәсіп таңдауда әрбіріңіздің өз жолыңыз, өз тағдырыңыз бар, – деп атап өтті министр. 

Бейресми әңгіме барысында генерал-полковник Руслан Жақсылықов әйелдердің отбасындағы әл-ауқатты сақтауға, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты нығайтуға қосқан үлесін ерекше атап өтті. 

Салтанатты шарада Ұлттық қорғаныс университеті «Бас штаб академиясы» факультетінің мемлекеттік, әскери басқару және құқық кафедрасының аға оқытушысы подполковник Айсұлу Молдашева сөз сөйледі. Педагог жедел-тактикалық деңгейдегі офицерлерді даярлауға бағытталған оқытушылық қызметінің бағыты туралы айтып берді.

(Фото: Қорғаныс министрлігі)

Әскерде қызмет пен спорт қатар жүреді. Бұл салада әскери қызметші-спортшылар Қарулы күштердің беделін арттыруға едәуір үлес қосуда. Оған Спорт комитеті – Орталық спорт клубы бокс командасының аға маманы, Қарулы күштер қызметкері Ангелина Лукас айқын мысал бола алады. Наурыз айының басында кәсіпқой боксшы Ангелина Лукас шаршы алаңда жетінші мәрте жеңіске жетіп, Таиландтан елге олжалы оралды. Ангелина спортшыларға көрсеткен жан-жақты қолдауы үшін министрге алғыс айтты.

(Фото: Қорғаныс министрлігі)

55765 әскери бөлімінің әскери байланысшысы ефрейтор Татьяна Скокова «Арыс жағасында» әнін шырқап, өз сөзінде әрбір нәзік әйелдің бойында бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін күші бар екенін атап өтті. Бұл күш-жігер әйелдерге қамқор ана, абзал жан және өз ісінің маманы болуға ықпал етеді.

Шара соңында генерал-полковник Руслан Жақсылықов қыз-келіншектерге құттықтау хаттар мен гүл шоқтарын табыс етті. 

Оқи отырыңыз: 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға