Жаңалықтар

Қазақстан 34 шетелдік жоғары оқу орнымен серіктестік келісім жасады

Қазақстан 34 шетелдік жоғары оқу орнымен серіктестік келісім жасады
Фото: pixabay.com 17.01.2025 11:19 180

Қазақстан 34 шетелдік жоғары оқу орнымен серіктестік келісімдер жасады,деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Шетелдік серіктестік аясында жоғары оқу орындарында қазақстандық студенттерге арналған 2090 грант бөлінген.

Ал 2025 жылы Ғылым және жоғары білім министрлігі тағы 11 ЖОО-мен серіктестік келісімін жасауды жоспарлап отыр. 

Министрліктің дерегінше, 31 келісім ішінде Қазақстанда Ұлыбритания, Италия, Қытай, Ресей, АҚШ, Франция және Оңтүстік Кореяның 23 серіктес жоғары оқу орындары жұмыс істейді. Шетелдік серіктес ЖОО-ларды іріктеу жекелеген салалардағы кадрлық қажеттілікке және өңірлердің сұраныстарына негізделеді.

Шетелдік жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық атом өнеркәсібі, «жасыл» сутекті әзірлеу, Қазақстанда баламасы жоқ су қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты аса сұранысқа ие және тапшы мамандықтар бойынша мамандар даярлауға бағытталған.

  • Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті базасында мұнай инженериясы, электр энергетикасы және компьютерлік инженерия бағдарламалары бойынша британдық Heriot Watt университетінің филиалы ашылды.
  • Химия және химиялық технологиялар саласында кадрлар даярлау үшін М.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті базасында Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің филиалы ашылды.
  • Педагогикалық кадрларды даярлау мақсатында Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті базасында Гази университетінің (Түркия) филиалы жұмыс істейді.
  • Бейжің тіл және мәдениет университетінің (ҚХР) филиалы Астана халықаралық университеті базасында жұмыс істейді.
  • Квинс университетінің филиалы (Ирландия) Нархоз университеті базасында жұмыс істейді.

Бүгінгі таңда мыңдаған студент 34 мамандық бойынша білім алады, оның ішінде педагогикалық, инженерлік-техникалық және жасанды интеллект сияқты негізгі бағыттар бар. Бұл мақсаттарға мемлекеттік білім беру гранттары (бірлескен білім беру бағдарламалары және қос диплом бағдарламалары) және мемлекеттің қолдауымен оларға жағдай жасау арқылы инвесторлардың қаражаты бөлінеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға