Жаңалықтар

Қазақстан 2040 жылға қарай ауыз суға зәру елге айналуы мүмкін

Қазақстан 2040 жылға қарай ауыз суға зәру елге айналуы мүмкін
Фото: Pixabay.com 19.04.2023 11:46 1012

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

«Судың да сұрауы бар». Оны неғұрлым көп тұтынсаң, соғұрлым көп ақша төлейсің. Бұл – жұртты үнемшіл болуға үйрететін әділетті және қарапайым ұстаным. Дамыған елдердің тұрғындары әр нәрсенің қадірін біледі. Үнемшілдік олардың өмір салтына айналған. Тіпті су мен жылуды ысырап етпеуді балаларға жастайынан үйретеді, - деді Президент.

Мемлекет басшысы азаматтарды үнемшіл болуға шақырды. Әсіресе суды үнемдеп тұтынуымыз керек екенін айтты.

Мен су тапшылығының артып жатқанын ұдайы айтып жүрмін. Сарапшылардың пайымдауынша, 2040 жылға қарай суға деген сұраныс 50 пайызға артады. Қазақстан 2050 жылға қарай «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін. Қазір елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауыз суға зәру. Бұл – ауылдағы ағайын ғана емес, қала халқы үшін де өте өзекті мәселе, - деді Мемлекет басшысы.

Ірі шаһарлардың инфрақұрылымы жылдан-жылға артып келе жатқан сұранысқа жауап бере алмай отыр. Тіпті Астананың өзінде су тапшылығы өзекті. Ал оған басты себептің бірі – құрылыстың көбеюі. Мұндайда үнемшіл болу мәселесі тағы бой көтереді. 

Үнемшіл болмасақ, таза су беретін жаңа нысандарды іске қосқанмен, тапшылықты жоя алмаймыз, - деді Тоқаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға