Жаңалықтар

Қазақстан 16 млн тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттады

Қазақстан 16 млн тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттады
Фото: ҚР АШМ 19.03.2025 21:09 124

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте ауыл шаруашылығы өнімдері экспортын кеңейту бойынша қабылданып жатқан шаралар талқыланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, вице-министр Ербол Тасжүреков соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының көлемі 51%-ға артып, $5,1 млрд-қа жеткенін хабарлады. Экспорт аумағы 66 мемлекетті қамтып, өңделген өнімдердің үлесі 52%-ды құрап отыр. Негізгі нарықтар қатарына Орталық Азия елдері, ЕАЭО, Иран, Түркия, Қытай және ЕО елдері кіреді.

2024 жылы ауыл шаруашылығы өнімдері экспорты $5,1 млрд-ты құрады. Табиғи көрсеткіш бойынша өсім 3,9%-ға, ал көлемі 16,1 млн тоннаға жетті. Негізгі экспортталатын тауарлар қатарында бидай, арпа, зығыр тұқымы, сиыр және қой еті, мұздатылған балық, бидай ұны, күнбағыс майы, газдалған су, мақта талшығы және басқа да өнімдер бар.

Жиында астық экспорты мәселелеріне ерекше назар аударылды. 2024 жылы экспорттың жалпы көлемі 8,1 млн тоннаны құрады. 2024 жылдың қыркүйегінен 2025 жылдың 18 наурызына дейін Орталық Азия елдеріне (Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан), Қытай, Ауғанстан және Еуропа елдеріне 6,3 млн тонна жаңа өнім экспортталды (өсім 53%). Оның ішінде Иранға сәйкес кезеңде 741 мың тонна (17 есе өсті), Әзербайжанға – 408 мың тонна өнім жөнелтілді.

Айта кету керек, бұл қазақстандық астықты Әзербайжанға жеткізудің соңғы 5 жылдағы ең жоғары көлемі. 2023 жылдың қыркүйегінен 2024 жылдың ақпанына дейін астық тасымалы небәрі 4 мың тоннаны құрады.

Қайта өңделген өнім экспортының көлемі 14,9%-ға артып, $2,7 млрд-ты құрады, бұл ретте экспорттың жалпы көлеміндегі қайта өңделген өнім үлесі 42%-дан 52%-ға дейін өсті. Экспортталатын өнімдерге өсімдік майы, ұннан жасалған кондитерлік өнімдер, шұжық өнімдері, сиыр және қой еті кіреді. Елімізде күнбағыс майы өндірісінің қарқынды өсу жылдамдығын және майлы дақылдар алқаптарының ұлғаюын ескере отырып, Серік Жұманғарин Ауыл шаруашылығы министрлігіне күнбағыс тұқымын өндірушілерді қолдау үшін мүмкіндіктер қарастыруды тапсырды.

Өсімдік шаруашылығы өнімдерін ілгерілету мақсатында Қазақстан Әзербайжан, Түркия, Иран, Қытай және ТМД елдерімен өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдер жасасты. Қытайға экспорттаушылар тізілімінде мақсары, бұршақ, жасымық және рапс жеткізетін 2,4 мыңнан астам қазақстандық кәсіпорын тіркелген. 2025 жылы Қытай нарығына қызылша целлюлозасы, 2026 жылы күріш, маш, мақта және бақша дақылдарын шығару жоспарланып отыр. ШҚО-да биылғы бірінші жартыжылдықта қытай тарапы салған, халықаралық стандарттар бойынша аккредиттелген ауыл шаруашылығы өнімдері сапасын тексеру зертханасы іске қосылады деп күтілуде. Бұл қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытайға экспорттауды едәуір жеңілдетеді.

Жиында жылқы еті мен тауық еті өндірісінің қарқынды өсіп келе жатқан көлемін ескере отырып, ет түрлерін экспорттау мүмкіндіктері де талқыланды.

Біздің елімізде жылқы етін өндіру бүгінде халықтың сұранысын толық қанағаттандырып отыр. Ірі құс фабрикалары салынып, олар таяу жылдары тұрғындарымыздың құс етіне деген сұранысын қанағаттандырады және экспортқа қажеттілік мәселесі туындайды. Біз қазірден бастап аталған өнім түрлерін экспорттау үшін әлеуетті бағыттарды қарастыруымыз керек, – деді премьер-министрдің орынбасары.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға