"Қазақмыс" Ұлытаудағы шахта апатының алдын ала себебін айтты

Ұлытау облысындағы "Жомарт" кенішіндегі апат бойынша жетінші жұмысшының іздестіру жұмыстары жалғасуда. "Қазақмыс" корпорациясы апаттың алдын ала себебін мәлімдеп, қаза тапқандардың отбасыларына қандай өтемақы төленетінін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы корпорациясының желі парақшасында жарияланды.
Алдын ала мәліметтер бойынша, «Қазақмыс» корпорациясының кеніштері үшін тән емес табиғи газдың жарылысы болған. Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталуда. Қайғылы жағдайды тергеу үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. Трагедияның барлық мән-жайын анықтауда толық көмек көрсетуде. «Қазақмыс» басшылығы мен ұжымы қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады,-делінген хабарламада.
"Қазақмыс" ұжымдық келісімшартта көзделгендей, Жомарт кенішінде қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті көмекті көрсетеді. Әлеуметтік және материалдық қолдау мақсатында, соның ішінде моральдық зиянды өтеу үшін қаза тапқандардың отбасыларына жұмыскердің орташа жылдық жалақысының 10 еселенген мөлшері және 2 миллион теңгеден астам жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруға төленеді. Сондай-ақ асыраушысынан айырылу жағдайына ай сайынғы төлемдер, балалардың оқу ақысын төлеу, қаза тапқан жұмысшылардың несие және қарыздарын жабу, сондай-ақ отбасы мүшелерінің өтініші бойынша басқа да көмек түрлері қарастырылған.
17 ақпанда "Қазақмыс" корпорациясына тиесілі "Жомарт" кенішінде 640 метр тереңдікте тау жынысы опырылып, 7 жұмысшы үйінді астында қалды. Олардың аты-жөндері белгілі болды.
Шахта апатына байланысты үкіметтік комиссия құрылды. Шахтадағы апаттан кейін 6 жұмысшының денесі табылды.
