Жаңалықтар

«Қазақконцерт» әртістері БАӘ-де өнер көрсетті

«Қазақконцерт» әртістері БАӘ-де өнер көрсетті
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі 23.04.2025 23:11 116

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі БАӘ-нің Дубай қаласына гастрольдік сапармен барды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, онда ұжым халықаралық «InClassica International Music Festival» жобасы аясында классикалық музыка концерттерінің негізгі оркестрі ретінде өнер көрсетті.

Іс-шараға Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрімен бірге Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Айман Мұсахаджаева қатысты.

Гастрольдік сапар еліміздің әлемдік аренадағы мәдени имиджін нығайту және Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы дипломатиялық байланысты күшейту мақсатында ұйымдастырылды.

«InClassica International Music Festival» халықаралық музыкалық фестивалі – халықаралық жоғары деңгейдегі беделді іс-шара. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен оркестрлер қатысып, классикалық музыканың үздік әртістерімен бір сахнада өнер көрсетеді, - делінген мәліметте.

Айта кетейік, өнер ұжымы бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Англия, Франция, Чехия, Италия, Германия, Австрия, Ресей, Оңтүстік Корея, Түркия және Жапония елдерінің үздік концерттік залдарында өнер көрсеткен.

Сонымен қатар, оркестр классикалық музыкаға арналған көптеген халықаралық фестивальге қатысып келеді. Осы уақыт аралығында симфониялық оркестр елде және шет елдерде көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, кәсіби мамандардың жоғары бағасына ие болды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға