Жаңалықтар

Қазақ жігіті үш жылда алты тілді қалай меңгерді?

Қазақ жігіті үш жылда алты тілді қалай меңгерді?
Фото: Коллаж El.kz 16.08.2024 14:00 800

Болашақтың кілті білімді жастардың қолында. Олар мемлекеттің дамуына, өсіп-өркендеуіне сөзсіз үлес қосатыны анық. Сондықтанда қазіргі жас буынның кішкентай кезінен бастап жан-жақты білімді, терең ойлы болуға, еңбексүйгіштікке ұмтылатындығы қуантады.

Осы ретте біз еліміздің дарынды, бәсекеге қабілетті жастарының бірі Абдуллах Саликовпен әңгіме құрдық. Ол небәрі 18 жаста ғана болса да ауыз толтырып айтарлықтай жеткен жетістігі көп. Кейіпкеріміз бүгінгі сұхбатымызда қалай шетелге оқуға түскені, бірнеше тілді меңгергені, 16 жасынан бастап миллион теңге табыс тауып бастағаны жайлы айтып берді.  

Өмірге деген көзқарасымды қалыптастырған – ата-анам

Абдуллах Амангелдіұлы Қарағанды қаласында дүниеге келген. Кейіннен отбасымен Орал, Ақтау сынды еліміздің түрлі қалаларында тұрған.

Шымкент қаласындағы Мағжан Жұмабаев атындағы №39 жалпы орта білім беретін мектепте оқыдым. 11-сыныпты Ақтөбе облысы Алға ауданы Бестамақ орта NIS тірек мектебінен аяқтадым. Үздік аттестат иегері атандым. Сабақ берген ұстаздарым маған өте жақсы көңіл бөлді. Мектеп директоры Анара Истегулова, бастауыш сыныпта сауатымды ашқан Анар Аязбаева, сынып жетекшім Гүлзада Гумаровна және тарих пәнінің мұғалімі Сұлушаш Есеноваға шексіз алғысымды білдіремін. Олар менің бүгінге дейін жеткен жетістігіме демеу бола білді, - деді кейіпкеріміз.

Сондай-ақ Абдуллах Саликов анасының әрдайым ерекше қолдау көрсететінін де атап өтті.

Анам көзі ашық, көкірегі ояу, ақылды, парасатты жан болғандықтан, маған кішкентай кезімнен көп көңіл бөлетін. Әрдайым мені түрлі курстарға апарып, еш жерден қалдырмайтын. Өмірге деген көзқарасымды қалыптастырған – ата-анам. Сол себепті де оларға айтар алғысым шексіз, - деді студент.

Қытай, Оңтүстік Корея, Түркияда оқығым келді

Абдуллах шетелде білім алуды кішкентай кезінен бері армандаған. Ол ата-анасының қарсылығына қарамастан, 11-сыныпта өзіне шет мемлекетте оқуды мақсат етеді.

Шетелде оқуға арналған түрлі бағдарламаларды қарастырдым. Ал ҰБТ мен үшін екінші кезекте болды. Оған аса қатты бір дайындалдым деп айта алмаймын. Небәрі 2-3 ай көлеміндей оқу орталығына бардым. Сөйтіп, ҰБТ-дан жоғары бал жинап, Almaty Management University-ге грант ұтып алдым. Оған мектепте жақсы оқығанымның септігі тиді деп ойлаймын, - деді студент.

Кейіпкеріміз Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия секілді мемлекеттерде оқығысы келді. Бірақ ата-анасы баласын Қытайға, Оңтүстік Кореяға жіберуге қарсылық білдірді. Өйткені ол елдер Қазақстаннан өте алыс әрі тұрғындарының салт-дәстүрі, өмірге деген көзқарасы қазақтардан бөлек.

Осылайша оқуға түсуге үшінші мемлекет Түркияны таңдадым. Оған менің грант жеңіп алуым, түрік тілін мектеп кезінен жетік меңгергенім себеп болды, - деді Абдуллах Амангелдіұлы.

Түркияға грантқа түстім

Абдуллах Саликов Түркия мемлекетінде орналасқан Азия мен Еуропа арасындағы үздік оқу орны болып саналатын университеттердің қазақстандық ірі компаниямен бірігіп өткізген конкурсына қатысқан.

Ол байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 1500 талапкер қатысты. Үш деңгейден тұратын сынақтан өттік. Біріншісінде мотивациялық хат жаздық. Оны бірден түрік тілінде жазып шығу туралы шешім қабылдадым. Осылайша комиссия мүшелерінің көзіне түсемін деген ниетім болды. Екінші кезеңде видео түсіріп, оны әлеуметтік желіге салу қажет еді.  Ал үшінші кезең мен мектеп бітіріп жатқан кезде мамыр айында өтті. Бізді Астана қаласына әңгімелесуге шақырды. Комиссия мүшелері «не үшін мына университетте оқығыңыз келеді? Неліктен осы мамандықты таңдадыңыз?» деген секілді әртүрлі сұрақтар қойды. Барлық сауалға жақсы жауап бере алдым, - деді ол.

Әңгімелесу барасында комиссия мүшелері Абдуллахтың тілдерге деген қызығушылығын көріп, таңғалған. Кейіпкеріміз де олармен жақсы тіл табысқаннан кейін грантқа түсемін деп сенген.

Сөйтіп, байқаудың нәтижесі он күннің ішінде белгілі болады.

Конкурстың соңғы кезеңіне қатысқалы бері он күн өтеді. Содан кейін мектепке барып, өзімнің он бір жыл бойы күткен қызыл аттестатымды аламын. Негізі алтын белгіге келе жатыр едім, белгілі бір себептерге байланысты одан бас тарттым. Аттестатымды алып, үйге қайтқан күні поштама университеттен шақырту қағазы келеді. Ол жерде менің 7 жыл бойы оқуға грант ұтып алғаным жайлы жазылған, - деді студент.

Жеті жылдық оқудың ішіне Foundation бағдарламасы, 4 жылдық бакалаврде білім алу кезеңі кіреді. Кез келген студент өзінің қалауы бойынша бакалаврдегі оқуын ұзарта алады.

Студенттің айтуынша, шет мемлекеттерде білім беру жүйесі жоғары деңгейде дамыған. Түркия Болон жүйесі арқылы өтетін ең жақсы жоғары білімі бар елдердің қатарына кіреді.

Әлемге әйгілі Француз императоры әрі қолбасшысы Наполеон Бонапарт бір сөзінде «Егер дүние жүзі үлкен бір ел болса, Ыстамбұл оның астанасы болар еді» деп айтқан еді. Сондықтанда таңдауым осы қалаға түсті. Ыстамбұл – өте үлкен, тіпті ішіне бір Қазақстан сыйып кететіндей көрінеді. Мұнда қаншама ұлт өкілі тұрады, - деді кейіпкер.

Болашақта өз еліме қызмет етемін

Абдуллахтың жеңіп алған гранты оның университетте 100 пайыз тегін білім алуын қамтамасыз етеді.

Ыстамбұлда Босфор бұғазының Азия бөлігінде орналасқан «Istanbul Medipol University» атты университетке оқуға түстім. Таңдаған мамандығым – құрылыс инженериясы. Бұны бала күнімнен бері армандадым. Кішкентай кезімде конструктормен ойнағанды жақсы көретінмін, - деді ол.

Абдуллах Амангелдіұлы құрылыс инженериясын сұранысқа ие мамандықтардың бірі деп есептейді.

Қазақ жігіті үш жылда алты тілді қалай меңгерді?

Сурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан 

Аты әлемге танымал Стив Джобс, Илон Маск секілді мықты инженер болғым келеді. Болашақта өз еліме қызмет етіп, пайдамды тигізуді қалаймын, - дейді студент.

Ағылшын тілінде білім аламын

Кейіпкеріміз түрік тілін жетік меңгерсе де ағылшын тілінде білім алу туралы шешім қабылдайды.

Сабақтарым 100 пайыз ағылшын тілінде өтеді. Сондықтан бір жыл бойы Foundation бағдарламасы аясында академиялық мақсатта ағылшын тілін меңгеріп шықтым. Енді бұйырса биыл бірінші курсқа барамын. Оқуымды аяқтаған соң осы мамандығыммен шетелде де, Қазақстанда да жұмыс істегім келеді, - деді Абдуллах.  

Абдуллах Саликов оныншы сынып оқып жүрген кезінде түрік ұстаздарынан түрік тілін үйреніп алған. Сол себепті де оған Түркияға сіңісіп кету қиынға соққан жоқ.

Түріктер таза өзінің ана тілінде сөйлейді. Олар тілін құрметтейтін патриот халық, - деді кейіпкер.

Студент жігіт бүгінде Ыстамбұлда достарымен пәтер жалдап тұрады.

Қазақстан мен Түркиядағы білім беру жүйесі

Абдуллахтың сөзінше, Қазақстан мен Түркиядағы білім жүйесінің айтарлықтай бір-бірінен айырмашылығы бар.

Біріншіден, еліміздегі талапкерлер ҰБТ тапсырғаннан соң барлық оқу орнына түсуге бірден өтініш білдіре алады. Ал Түркияда әр университетке оқуға тапсырудың өз уақыты бар. Екіншіден, Түркиядағы оқу еуропалық стандартқа негізделген. Сондықтан мұндағы барлық университет түлектеріне еуропалық стандартқа сай диплом береді. Үшіншіден, ол әрине, орта. Бұл мемлекетте түрлі ұлт өкілі келіп білім алатындықтан, адамның ойлау қабілеті де, ойлау өрісі де кеңейеді, - деді студент.

Кейіпкеріміз қазақстандықтарға Түркияға барып білім алуға кеңес береді.

Түркия Қазақстаннан қатты алыс емес. Оны Еуропа мен Азияны қосып тұрған мәдениет ортасы дей аламын. Түркияда білім алу әсіресе қазақтар үшін қолжетімді әрі тиімді. Себебі түріктер қазақ халқын құрметтейді, біз бауырлас елдерміз. Өзіңізді дәл Қазақстанда жүргендей сезінбесеңіз де, жалғызсырамайсыз, - деді Абдуллах Амангелдіұлы.

Сегіз тіл білемін

Кейіпкеріміз төрт тілді, атап айтқанда қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілін жетік меңгерсе, төрт тілді, яғни корей, араб, қытай, испан тілін үйреніп жүр.

Бірнеше тілде сөйлегенімді көрген адамдар қызығушылықпен қарайды. «Сен халықаралық қатынастар бөлімі немесе шет тілдері факультетінде оқисың ба?» деп сұрайтындар көптеп кездеседі. Сөйтіп, инженерия мамандығында оқитыным жайлы естігенде, олар таңданысын жасыра алмайды, - деді ол.

Бүгінде кейіпкеріміз сегіз тілді де күнделікті өмірде қолданады.

Тілдерді үйрену – менің хоббиім. Оған үлкен үлес қосқан – анам. Үш жасымда төрт тілдің, яғни қазақ, орыс, ағылшын, араб тілінің әліпбиін жатқа білетін едім. Ал төрт жасқа толғанда әріптерді жүргізіп оқитынмын, - дейді Абдуллах Амангелдіұлы.

Осы ретте студент жігіт шет тілдерін үйренудегі мақсатына да тоқтала кетті.

Тілдерді әлемді шарлап, түрлі ұлттың мәдениетімен танысу мақсатында үйренемін. Әр ұлт өкілімен ана тілінде сөйлескенде өзара тығыз байланыс орнайды, - деді кейіпкер.

250-ге жуық адамға түрік тілін үйреттім

Абдуллах Саликов оқудан бөлек, түрік тілін үйретумен айналысады.

Түрік тілінен сабақ беруді он бірінші сыныптың соңында бастадым. Ол кезде тілді ақысыз, өзім секілді студенттерге Zoom арқылы үйрететін едім. Соның арқасына біраз тәжірибе жинақтадым. Уақыт өте келе қатарға әлемнің әр бұрышынан жиналған білім алушылар қосыла бастады. Қазіргі таңда Қазақстан, Ресей, Германия, Оңтүстік Корея, Өзбекстан және Қырғызстан секілді мемлекеттің азаматтары менен сабақ алады, - деді студент.

Абдуллах Амангелдіұлы осы уақытқа дейін 15-55 жас аралығындағы 250-ге жуық адамды оқытқан. Оның 70 пайызы түрік тілін жоғары деңгейге дейін меңгерген.

Қазақ жігіті үш жылда алты тілді қалай меңгерді?

Сурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан 

Түрік тілі қазақ тіліне ұқсайды. Орташа есеппен бір-екі айдың ішінде бір деңгейді алып шығуға болады, - деді ол.

Кейіпкеріміз тілдерді үйрену және оны үйрету тек хоббиі ғана екенін алға тартты.

Болашақта әрине, тілдерді үйрену процесін жетілдіргім келеді. Бірақ оқуымды аяқтаған соң өз мамандығым бойынша жұмыс істеймін, - деп ойын жеткізді Абдуллах.

Алғашқы бір миллион теңгемді 16 жасымда таптым

Студент тіл үйретумен қатар бір компанияда маркетинг бөлімінде топты басқарушы болып қызмет етеді.

Жалпы өзіме маркетинг, дизайн, компьютерлік дизайн ұнайды. Сондықтан қазір осы салада жұмыс істеп жүрмін, - деді ол.

Студент жігіт он алты жасында ата-анасынан ақша сұрауды ұят санағанын айтты.

Өзімнің қатарластарым әке-шешесінен 200, 500 теңге сұрайтын. Ол маған ұнамайтын еді. Сондықтан ақырындап ақша таба бастадым, - деді ол.

Абдуллах алғашқы бір миллион теңге табысын 16 жасында тапқан.

Ата-анам мен 15 жаста болғанда SMM, инфобизнес саласындағы мықты бір кісінің курсын сатып алып берді. Оның сабақтарын оқып, SMM болып жұмыс істедім. Сөйтіп, бір ірі жобаны қолға алып, одан он күннің ішінде бір миллион теңге табыс таптым. Сол қаражатқа MacBook  сатып алдым, - деді кейіпкер.

Дипломы бар жас маманды дайын жұмыс күтпейді

Абдуллах Саликовтың ойынша, сабақ оқумен қатар қосымша жұмыс істеу заман талабы болып отыр.

Университет бітіргеннен кейін екінің бірін жақсы жұмыс күтіп тұрмайды. Қазақстандағы көптеген студент жоғары оқу орнын аяқтаған соң жұмыс таба алмай қиналады. Мұндай мәселе тек біздің елде ғана емес, өзге мемлекеттерде де бар. Сол үшін оған қазірден бастап дағдылану керек, - деді ол.

Кейіпкеріміздің сөзінше, студент жұмыс істесе де ең басты назарды оқуына аударуы тиіс.

Білім алушының бос уақытын хоббиіне немесе өзін дамытуына жұмсағаны дұрыс болады. Мәселен, мен күнде күн тәртібімді жоспарлаймын. Сондықтан көптеген жұмысымды іске асыруға тырысамын, - деді Абдуллах.

Абдуллах студентке оқып жүріп жұмыс істеу қиын болса да өзінің жеке айналысатын ісі болуы қажет деп есептейді.

Егер студент әу бастан еңбек етуге дағдыланса, бұйырса университетті тәмамдаған соң көлік, пәтер сатып ала алатын деңгейге жетеді. Себебі білім алушы диплом алғаннан кейін оны ешқандайда дайын жұмыс, көлік, пәтер күтіп тұрмайды. Сол үшін де адам болашаққа қарай ұмтылуы керек, - деп атап өтті студент.

Кейіпкеріміз қазіргі таңда он сегіз жасында өзін-өзі ақшамен толық қамтамасыз етіп отыр.

Қазақ жігіті үш жылда алты тілді қалай меңгерді?

Сурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан 

Шетелге оқуға кетпес бұрын ата-анаммен тек біз жалдайтын пәтердің ғана ақысын төлеп береді деп келістік. Қалған қажеттіліктерімді өзім өтеймін. Яғни, қалаған жеріме барып, қалаған затымды сатып ала аламын. Жалпы табысым айына бір миллион теңге. Мен сияқты бірінші курстың студентіне ол жеткілікті қаражат деп есептеймін. Алайда бұл ақшамен шектелмеймін, алда әлі тағы табысым көбейе түседі деген ойдамын, - дейді ол.

Абдуллах үнемі даму жолында жүрген тұлғаларды үлгі етеді. Олармен көп әңгімелесуге, араласуға тырысады.

Катарда, БАӘ-де оқып, жұмыс істеуге ниетім бар

Абдуллах Амангелдіұлы бакалаврді бітірген соң магистратураға түсу әзірге ойда жоқ екенін айтады.

Магистратураны барлық адам емес, тек әрі қарай білім алғысы келетіндер ғана оқуы тиіс деп есептеймін. Бірақ алдағы уақытта көре жатармыз. Бұйырса бакалаврды бітіргеннен кейін өз мамандығыммен бір-екі жыл жұмыс істеп көргім келеді, - деді студент.

Кейіпкеріміз Катарда немесе Біріккен араб әмірліктерінде білім алғысы келеді.

Қазіргі таңда мен оқып жатқан жоғары оқу орнында «Erasmus Mundus» бағдарламасы бар. Студенттер ол арқылы бірнеше семестр Еуропа мемлекеттерінде тегін білім ала алады. Өзімді дамыған мемлекеттерде білім алуға міндеттімін деп санаймын. Сондықтан осы бағдарламаны пайдала отырып, әртүрлі елде оқуды, сосын Катар, Біріккен араб әмірліктерінде жұмыс істеп, тәжірибе жинақтауды көздеп отырмын, - дейді Абдуллах.

Студент жігіт дүние жүзін шарлауды армандайды. Ол көптеген әдемі жерлерді тамашалап, әлемді танығысы келеді.

Кез келген адам бала күнінде көп армандайды. Бірақ кейде қоршаған орта оған шектеу қойып жатады. Бұл мүлде дұрыс емес. Әркімнің армандауы хақы бар. Бастысы оны тек арман күйінде қалдырмай, қағаз бетіне түсіріп, мақсатқа айналдыруы керек. Сол мақсатты өмірге енгізу үшін іс-әрекет ету қажет. Адамдарға «көп армандау керек, бірақ мақсаттарыңмен бөліспеу қажет» деген кеңесті жиі беремін. Жетістікке жетудің бір жолы тұрақтылықтың болуы, яғни басталған ісін аяғына жеткізуі, өзін үнемі құлшындырып, алға жетелеуі. Сонда ғана нәтиже болады, - деп кеңес берді Абдуллах Саликов.

Кейіпкеріміз өзін үлкен жетістікке жеттім деп есептемесе де болашағы үшін қолынан келгеннің барлығын жасап жүргенін айтады.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға