Жаңалықтар

Қазақ жастары бостандық пен болашақ үшін алаңға шықты – Нұртай Сабильянов

Қазақ жастары бостандық пен болашақ үшін алаңға шықты – Нұртай Сабильянов
Фото: Коллаж El.kz 17.12.2023 11:16 3121

Алаңға шыққан қазақ жастарының ішінде Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов та болды. Депутат желтоқсан көтерілісін көзбен көріп, алаңға шыққаны үшін ұсталып, біраз сергелдеңге түскенін айтады. El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі желтоқсаншыдан оқиғаның қалай болғанын сұрады.

Нұртай Сабильянов 1986 жылы Алматы халық шаруашылығы институтының (нархоз) 3 курсында оқитын жас студент еді. «Республика басшылығына басқа ел танымайтын адам тағайындалғанын естіп, бұған келіспейтінімізді айтып 17 желтоқсанда алаңға шықтық», деп бастады әңгімесін.

Қазақ жастары бостандық пен болашақ үшін алаңға шықты – Нұртай Сабильянов

Алаңда жастар өте көп болды. Ойымызды айттық. Талабымызды қойдық. Рухымызды биік ұстап елдің, қазақтың намысын қорғадық. Бірақ сол кездегі басшылар біздің талабымызға құлақ аспады. Тыңдамай жастарды алаңнан ығыстыра бастады. Өрт сөндіргіш машиналармен қыстың күні суық суды үстімізге шашып, жастарды алаңнан қуды. Ұрды. Соқты. Үлкен қақтығыс болды. Бірақ біз алаңнан кетпедік. Күрестік. Орталық Комитет басшылары бізді тыңдауға шықпаған соң, алаңда тұрып, бәріміз Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнін шырқадық. Бұл – өте құдіретті патриоттық ән. Бүкіл қазақ халқын күреске шақырды. Топ-топ болып тұрған жастар біріне-бірі қосыла шырқағанда жер үсті күңіреніп кеткендей болды. Осы әнді шырқап, бір-бірімізді қолдадық. Түнннің бір уағына дейін күресімізді жалғастырдық, – дейді мәжілісмен.

Қазақ жастары мұнымен тоқтап қалмай, 18 желтоқсанда қайта алаңға шықты. Алаң қоршауда  болғанына қарамастан, олар кіруге ұмтылды. Осылайша, желтоқсан оқиғасы қоғамның саяси өмірін демократияландыруға серпін берді десе болады.

Тағы да қақтығыс болды. Бұл – желтоқсан көтерілісі. Өйткені, қайсар қазақ жастары қазақтың намысы мен болашағы және бостандығы үшін көтерілді. Күресті. Тайсалған жоқ. Желтоқсан көтерлісі бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Кеңес Одағының қаһарына қарамай қазақ жастары оның өктемшіл, әміршіл билігіне тайсалмай қарсы шықты. Намысымызды жоғары ұстайтын халық екенімізді көрсетті, – дейді.

Депутат «Желтоқсан көтерілісі демократияның алғашқы қарлығаштары болды. Демократияның қалай болатынын Кеңес Одағына көрсетіп берді. Қорыққан жоқ. Басқа халықтарға үлгі көрсетті» деп отыр.

Қазақ жастары бостандық пен болашақ үшін алаңға шықты – Нұртай Сабильянов

Желтоқсан көтерілісіне қатысып, қылмыстық, әкімшілік, тәртіптік жауапкершілікке тартылған азаматтар 1991 жылғы 12 желтоқсандағы Қазазақстан Президентінің Жарлығымен ақталды. Кейін Алматы қаласында Желтоқсан қаһармандарына арналған ескерткіш қойылды. Парк ашылды. Іс-шаралар өткізілуде. Кітаптар шығып, шығармалар жазылды, – дейді мәжілісмен.

Қазіргі жастарымыз рух пен намыстың не екенін түсіну керек. Тәуелсіздіктің қалай келгенін және елдің ертеңі бүгінгі ұрпақ екенін ұмытпау қажет. Ал сол ұрпақ қасық қаны қалғанша күрескен тұлғаларды танып, бейбіт өмірдің қадір-қасиетін ұғыну қажет.

Қазіргі жастар білімді және белсенді. Олар рух пен намысты жоғарғы қояды. Жастарымыздың бойында қайсар мінез, Отанға деген сүйіспеншілік бар. Біз жастарымызды әрқашанда қолдап қолымыздан келген көмекті көрсетуіміз керек. Желтоқсан көтерілісіне қатысқан азаматтармен жиі кездесулер өткізіп тұрған маңызды. Ол қоғам үшін қажет. Жастарға патриоттық сезім қалыптастырады, – деді Нұртай Сабильянов.

Осылайша, 1986 жылғы қазақ жастарының бостандыққа, тәуелсіздікке деген ұмтылысы жүзеге асып, 1991 жылы 16 желтоқсанда қазақ елі тәуелсіздік алды. Егемен ел болып,  Ата заңымыз қабылданды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға