“Қазақ тіліндегі фильм ешқашан пайда әкелмейді”: Қайрат Әділгерей “Аватар” дубляжы туралы шындықты айтты
Белгілі актер, әзілкеш Қайрат Әділгерей «Аватар» фильмінің қазақ тіліндегі нұсқасын жасау үшін актерлер арасында ешқандай кастинг өтпегенін мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
«Біз «Аватарға» кастинг жасалды деген әңгімені естіген жоқпыз. Мүмкін, астаналықтар естіген шығар. Алматыда біз естіген жоқпыз. Бірақ, біздің құлағымызға іліп қойды. Голивудтық фильм қазақша сөйлейді, Анджелина Джолли мен Бред Питтің өзі қазақша мақалдап сөйлейді деп айтты. Біз қатты күттік. Шолпанның өзіне де қанша рет мүмкіндікті жіберіп алмайық деп айтып жүрдім», - дейді актер Динара Сәтжанға берген сұхбатында.
Оның айтуынша, «Аватар» фильмінің қазақ тіліндегі премьерасы болатыны туралы да көпшілік хабардар болмаған.
«Мен дубляж режиссері Шахмұрат Ордабаевпен де сөйлестім. «Шахмұрат, ертең қазақша фильмнің премьерасы. Неге бұл туралы ешкім білмейді? Бұл мемлекеттік тапсырыс болғандықтан блогерлерден бастап, газет-журналдың бәріне хабарландыру беру керек еді. Бұл – тарихи оқиға ғой. Мен осы жағдайға қатты ренжідім. Шахмұратқа ең болмағанда маған «дубляждың актерларын жина» деп айтпадың деп ренжідім. Әйтеуір, дубляжға кеткен ақша 75 млн теңге жинапты. Оған да шүкір. Негізі фильм аударуға кеткен қаржы 3-4 есе көп. Иә, кеткен ақшаны мүлде ақтамады. Біздің қазақ тіліндегі голивудтық фильм ешқашан пайда әкелмейді», - деп айтты Қайрат Әділгерей.
Динара Сәтжан әзілкештен дубляждың сапасы туралы сұрағанда Қайрат Әділгерей кинотеатрдағы кестеге сай бара алмағанын айтты. Оның айтуынша, орыс тіліндегі кинода 12 сеанс болса, қазақ тілінде бір ғана сеанс болған.
Айта кетейік, былтырғы жылдың 15 желтоқсанында Джеймс Кэмеронның "Аватар: Су жолы" ғылыми-фантастикалық фильмі қазақ тілінде жарыққа шыққан еді. Фильм Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен дубляждалған.