Жаңалықтар

Қазақ тілінде сөйлеп жүргенімді жетістік деп санамаймын – Максим Рожин

Қазақ тілінде сөйлеп жүргенімді жетістік деп санамаймын –  Максим Рожин
Фото: El.kz 01.05.2023 09:15 4564

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұл мереке  жыл сайын еліміздің барлық өңірінде атап өтіледі. Себебі татулық пен ізгілікті басты назарға алған ел үшін бұл күннің орны қашанда ерекше. Мереке аясында El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі Парламент Мәжілісінің VIII шақырылымының депутаты, қазақ тілін жетік меңгерген Максим Рожинмен әңгімелескен еді.

El.kz: Өзіңізге белгілі, бүгін елімізде ынтымақ пен бірлік күні тойланып жатыр. Сіз үшін бұл мерекенің маңызы қандай?

Максим Рожин: 1 мамыр – бұл орны ерекше мерекелердің бірі. Еліміздің барлық өңірінде ел ішіндегі түрлі ұлт пен дін өкілдері үшін татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды  насихаттау күндердің бірегейі деп қабылдаймын. «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» деген сөз бар ғой. Қазақстанның киелі жерінде тұрып жатқан 130-дан астам этнос өкілдері қара шаңырақта бой түзеп, ортақ құндылықтарды біріктіретін маңызды фактор ретінде қабылдап, тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығын тойлайды. Мен лайым осылай болсын, біздің бірлік тек нығая берсін деген тілекпен қарсы алатын күндердің бірі – осы мереке. Әжемнің өсиеттері, ақылы, айтқан аманат сөздері есіме түсетін күн. Ол туралы жақында әлеуметтік парақшамда бөліскен болатынмын.

El.kz: Бұл сұрақты қояуымыздың себебі бар. Өйткені, қоғамда бірлік күнін атап өтуге қатысты екі түрлі пікір қалыптасқан. Бірлік күнін атап өту қаншалықты қажет?

Максим Рожин: Бірлік күнін атап өту маңызды деп есептеймін. Себебі ол – бұрында бірліктің арқасында елімізге түрлі жолмен қоныстанған әр этнос өкілдерінің ата-бабалары аман қалған кезін, елдің дамуы үшін бірліктің сақталу керектігін тағы бір еске салатын күн. Мереке сонысымен маңызды әрі қымбат. Мен бұл күні міндетті түрде балаларыма қазақ ұлтының бір бөлігі, бір мүшесі екенін сезінуге көмектесетін әңгімелерді айтуға уақыт бөлемін. Өйткені мен мұндай әңгімелерді мереке күні ғана емес, күнде естіп өскенмін. «Ұяда не көресің, ұшқанда соны ілерсің» деген сөз бар еді ғой. Соны ескеріп, өзім көрген тәрбиені менің де балаларым көрсін, сезінсін деген ниетпен айтып отырамын. Сондықтан бұл күн мен үшін ғана емес, менің отбасым үшін де ерекше. Әрине оған қатысты әртүрлі пікірдің болуы дұрыс та шығар, бірақ жалпы менің бірлік күніне қатысты ойым осындай.

El.kz: Елдің бірлігін, тұтастығын, халқының татулығын сақтайтын құралдардың бірі – тіл. Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Сіз мемлекеттік тілді жоғары деңгейде меңгергенсіз. Қазақ тілін қашан, қалай үйрендіңіз? Оған деген қызығушылығыңыз қалай пайда болды?

Максим Рожин: Менің бойымдағы барлық жақсы қасиеттерді қалыптастырған қазақ халқы және қазақ тілі! Осыдан 30 жыл бұрын алты жасар бала болып, Қаскелеңнен Арыс қаласына көшiп келген кезде Дулатов көшесінде қазақ балалармен ойнап жүрiп, қазақ тiлін меңгеріп алғанмын.  Бір-ақ жылда үйреніп алдым. Бұл мен үшін – Алланың берген сыйы. Содан болар қазақ тілінде сөйлеп жүргенімді жетістік деп санамаймын. Себебі кейбiр өзге ұлттан шыққан достарым секiлдi терлеп-тепшiп, кiтап арқылы қазақ тiлiн меңгермей, далада жүріп-ақ үйренiп алдым. Барлығына бір ғана ауылдағы ортам, қазақ достарым себепкер болды. Олардың алдында басымды иемiн.

Жұрттың көрсететін құрметі мен алғысы менің емес, қазақ тілінде сөйлеуіме себепкер болған Арыс қаласы, Міржақып Дулатов көшесiнде менімен бірге ойнап жүрген көршiлерiм Иман, Қадыр, Құрман, Ахмет, Қайрат, Нұрлыбек, Базарбек, Берік, Мақсат, Бахтияр, Бақдәулет, Бауыржан, Самат атты жігіттердің еншісінде. Мені қазақша сөйлеткен осы ауылдас достарым. Тілді меңгерем дейтін әрбір азаматқа осындай орта бұйырсын! Мен осы достарымның алдында өмір бойы қарыздармын.

El.kz: Петропавл мен Павлодар сынды қалалардың атауын қазақшалауға қатысты ұсыныстар жиі айтылып тұрады. Қазақстан дәл қазір солтүстіктегі қалалардың атын ауыстыруға дайын ба?

Максим Рожин: Иә, бұл мәселелер жиі көтеріледі. Менің бұған өзімнің азаматтық көзқарасым бар. Кезінде қазақтың су, жер, қала атауларының байырғы заманда өзіндік қазақы атаулары болған. Сол атаулардың қалыпқа келуін өз басым тарихи әділдік деп санаймын. Бірақ оны қазіргі таңда сол жердің тұрғындары шешеді. Мен осы талаптарға бағынсам да, сырттай болсын сол жерде тұратын азаматтарға үндеу жасар едім. Егер біз өзімізді шынайы қазақ ұлтының өкілі ретінде санасақ, тарихымызды сыйласақ, сол атаулардың қалпына келуіне жанашырлық танытып, жұмыстануымыз керек. Бұл өте әділ қадам болар еді деп есептеймін! Әділдікті қаласақ, осы мәселеде де әділ болуымыз қажет. Көп жердің байырғы атауы ауысты. Ол кезде ешкім ешкімнен рұқсат сұрамады, аталған мәселеде демократияның иісі де келмеген еді. Ал бүгінде демократия мен плюралисттік амалдары бұл мәселеде үстемдік етсек те, тарихи әділдікке бойымызды үйретуіміз керек. Жергілікті жұрт осыны ескеріп, қазақ халқына тиесілі мәрттікті өздері де көрсетсе екен деймін.

El.kz: Қоғамдағы екіұшты пікір қалыптастырып отырған сұрақтың бірі - Қазақстан халқы ассамблеясы. Бұл ұйым өз миссиясын орындап болды дейтіндер бар. Сіз қалай ойлайсыз?

Максим Рожин: Біздің орындауға тиіс миссиямыз – біреу ғана. Ол – бірлікке жету, тұрақтылық пен ынтымағымызды нығайтып, даму жолын қарқынды жалғастыру. Бұл туралы Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жақында ғана өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында айқындап берген еді. Бізде бұл бағытта жасайтын жұмыс аз емес. Оның ішінде аз этностар шоғырланған мекендердің де мәселесі бар.

Біз мемлекеттік тілдің қолдану деңгейін көтеруіміз керек пе? Иә! Демек, Ассамблея өзіне жүктелген жүкті әлі де арқалап жүруі тиіс деп есептеймін. Ендігі кезекте жаңа форматта, жаңа мақсаттарға бет бұрып, партиялармен, жергілікті өзін өзі басқару құрылымдарымен бірлесе отырып осы жұмысты лайықты, ел мүддесіне сай жалғастыру керек. Меніңше, біз нақты нәтижеге жұмыс істеуіміз қажет, оның ішінде Ассамблеяның да қызметі бар!

El.kz: Бүгінде өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренуге деген құлшынысы артып келе жатқан сыңайлы. Ал кейбір мемлекет құраушы жергілікті қазақ азаматтары болса, әлі күнге дейін қазақша сөйлеуден ұялады...

Максим Рожин: Біз мемлекеттік тілге деген сұранысты әрмен қарай күшейтуіміз тиіс. Талап болмай нәтиже болмайды. Кейде біздің қоғамда «мемлекеттік тіл бізге керек пе?», «оны білмейтіндер осы уақытқа дейін неге үйренбеген?» деген сұрақ қоятын азаматтарымыз бар. Олар тіл жанашыры әрине. Сонымен қатар оларға қарсы шығып жүрген тағы бір топ азаматтарымыз  «біз тілді осы уақытқа дейін үйрене алмадық», «бізге жағдай жасалмады», «осы мәселе бойынша қанша көмек сұрадық, алайда қолдау таппадық», «мемлекет бұған көп қаражат жұмсады, бірақ нәтиже жоқ» дейді. Осындай дүниені айтатындар қазақ тілін әлі де білмейді. Жалпы соңғы уақытта тіл мәселесінің айналасында әлеуметтік желіде де, өмірде де көтерілген шуды байқап жүрмін. Сондықтан бұл мәселені дауласпай, бір халық, бір ел болып шешетін кез келді деген ойға келдім. Қазақ тілін үйренгісі келетін адамға ерікті қолдау көрсету өте маңызды.

Әрқайсымыздың қасымызда қазақ тілін үйренгісі келетін азаматтар көп. Біздің елде қазақ тілін үйренген бірнеше мың өзге ұлт өкілі және шет тілін меңгерген қазақтар баршылық. Олардың тіл үйренудегі тәжірибесі мол. Әрбіріміз тіл үйренуге ниет білдірген адамдарға қол ұшын созуымыз қажет. Қазақ тілі дамып, өзіне лайықты деңгейде болсын десек, тілді оқытып жатқандар, жетік меңгергендер, үйренгісі келетіндер болып барлығымыз осы мәселеде бірігуіміз керек. Мемлекет те өз тарапынан қаражатты нәтижелі жұмсауы маңызды. Ұзын-сонар бағдарламалар мен оларға  бөлінетін миллиондаған қаржы әр адамның қазақ тілінде сөйлеп кетуі үшін қызмет етуі керек.

El.kz: Солтүстік көршіміздің тарапынан әртүрлі арандатулар болып тұрады. Мұндай кезде өзімізді қалай ұстауымыз қажет?

Максим Рожин: Тек елді мүддесіне сай, ешқандай арандатуға жол бермей, нақты ой мен пікірде болуымыз керек! Мен өзім эмоцияға берілетін адам болсам да, бірінші кезекте «елдің мүддесіне, қазағыма кері әсер етпей, кесірін алып келмесе екен» деген ойда боламын. Мен үшін өз елімнің мүддесі, оның амандығы, ел халқының тыныштығы бірінші орында! Сондықтан менің көзқарасым ел мүддесі арнасынан ешқашан шықпайды. Біздің елдің берекесін өзімізден, қазақ ұлтынан басқа ешкім ойламайды. Оның амандығын сырттан келіп ешкім тілеп отырмайды. Мендегі бар байлық – тек осы асыл қасиетті туған топырағым, жанымдағы арыстандай айбатты отандастарым! Сондықтан «мен отандастарыма, ал олар менің берік ұстанымдарыма  кәміл сене алады» деген оймен сырттан келетін, іште туындайтын кез келген мәселе мен қауіпке қатысты ойымды жеткіземін. Ұстанымым да, көзқарасым да осындай!

El.kz: Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға