Қазақ тілінде сапалы мультфильм түсіруге 350 млн теңге бөлінеді
Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында қазақ тілінде мультфильмдер түсіру мәселесін қозғады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша енді сапалы мультфильм түсіруге 350 млн теңге бөлінбек.
Қазақ тіліндегі мультфильмдер өте аз, ал YouTube сияқты қолжетімді платформаларда мүлде жоқтың қасы. Бүгінгі күні бұл үлкен мәселе, өйткені балалар теледидардан гөрі интернет пен YouTube-ты көбірек таңдайды. Балалар “Синий трактор” мен “Маша и Медведь” сияқты мультфильмдермен шектелмей, сапалы әрі қызықты қазақша мультфильмдерді көруі тиіс. Осы мақсатта, келесі жылдың бюджет жобасын қарастыру барысында, қазақ тіліндегі мультфильмдер жасауға 350 миллион теңге бөлуді және олардың тек теледидарға емес, міндетті түрде интернетке, соның ішінде YouTube-қа жүктелуін қамтамасыз ететін норманы заңға енгіздік. Бұл балалардың қазақ тілінде қызықты контентке қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтеді деп сенеміз, - деп жазды ол.
Оның сөзінше, қазақша балалар контентін жасауда белгілі бір қиындықтар бар.
Мәселен, “Балапан” телеарнасының контент жасаушыларға төлейтін қаражаты өте аз болғандықтан, олар тек қазақ тілін қолдау мақсатында жұмыс істеп, көбіне волонтер сияқты әрекет етеді. Сондықтан, осы бюджет арқылы бөлінген қосымша қаражат қазақша контенттің сапасын арттыруға ықпал етеді деп сенеміз, - дейді.
Депутаттың айтуынша тек мұнымен шектелмей, тақырыпты ғылыми тұрғыдан зерттеу қажет.
Жалпы, балалар арасында қазақша контентті тұтыну бойынша сапалы ғылыми зерттеу жүргізу қажет. Осыған байланысты Ғылым министрлігіне тиісті ұсыныс жасадық. Сонымен қатар, әлемдік хит мультфильмдерді де мемлекеттік тілге аударып, YouTube-қа жүктеу маңызды. Бұл үшін авторлық құқық иелерімен ауқымды жұмыс қажет. Әзірге бұл мәселе толық шешілген жоқ, бірақ алдағы уақытта осы бағытта жұмысты жалғастыруды жоспарлап отырмыз, - деп жазды ол.