Жаңалықтар

Қазақ тілін үйренудің ешқандай қиындығы жоқ - Ассамблея өкілі

Қазақ тілін үйренудің ешқандай қиындығы жоқ - Ассамблея өкілі
Фото: жеке мұрағат 27.08.2024 13:53 427

Ел бірлігінің бірегей моделін қалыптастыруда Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызы зор. Басты міндеті – мемлекеттік ұлттық саясатты іске асыру, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру.

Бүгінде Ассамблея этносаралық келісімді, қоғамдағы толеранттылықты және халық бірлігін одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасауға септігін тигізеді. Сонымен қатар, мемлекеттік органдарға экстремизм мен радикализм көріністеріне қарсы әрекет етуге, азаматтардың демократия нормаларына негізделген саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыруға көмек көрсетеді.

Ассамблеяның мақсаты – қазақ халқының топтастырушылық рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру. Және Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде қазақстандық біркелкілікті және бәсекеге қабілетті ұлтты құру.

Қазақстан ұйғырларының мәдени орталығының Алматы қалалық филиалының төрағасы Абайдулла Жапаров  El.kz ақпараттық агенттігіне Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарып жатқан қызметі туралы айтып берді:

El.kz: Қазақстан халқы ассамблеясы – түрлі мәдениет өкілдерінің басын қосып, ұйытқы болып отырған ұйым. Сіздің ше, бұл ұйымның басты ерекшелігі, бірегейлігі неде?

Абайдулла Жапаров: Өзім он жылдан бері Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесімін.  Ұлтым – ұйғыр. Қазақстан ұйғырларының мәдени орталығының Алматы қалалық филиалының төрағасымын. Қазақстан халқы ассамблеясы еліміздегі барлық этностардың басын қосып, ұлттық бірлікті сақтау үшін құрылған. Қазақстанның дамуына өзге ұлттар да өз үлесін қоссын деп, жұмыс істеп жатырмыз.

Шынын айту керек, біз жасап жатқан істер күнде көзге көріне бермейді. Өздеріңізге мәлім, еліміздің батыс, солтүстік және шығыс өңірлерінде су тасқыны болды. Талай отандастарымыз шығынға ұшырады. Үйлері жарамай қалды. Мал-мүлкі суға кетті. Ұйғырлар зардап шеккендерге көмек ретінде жылу жиды. Тіпті, азын-аулақ зейнетақы алатын қарияларымызға дейін мәдени орталығымызға өз аяғымен келіп, соңғы ақшасын беріп кетті. Осындай жағдайда біздің халқымыздың ауызбіршілігін көзіммен көріп, қатты қайран қалдым.

Қазақ халқы мен ұйғыр халқы – бауырлас халық. Дініміз, діліміз бір. Өзімнің достарым, құдаларым – қазақтар. Қыз алысып, қыз беріп жатқан құдандалы жұртпыз.

Қазақстанда қырыққа жуық достық үйлері бар. Алматы қаласында екі Достық үйі бар. Бірі – қалалық, екіншісі – республикалық. Осы Достық үйлерінде әрбір этностардың өзінің офистері бар. Біз өзіміздің мәдениетімізді, салт-дәстүрлерімізді өзге халықтарға таныстыру жұмыс істеп жатырмыз.

El.kz: Атқарылып жатқан нақты шараларды атап көрсете аласыз ба?

Абайдулла Жапаров: Жаңа Қазақстан құрылып, еліміз жаңа жолға түсіп жатыр. Президентіміз Қазақстан халқы ассамблеясының алдына жаңа міндет қойды. Ол – мемлекеттік тілді, яғни қазақ тілін насихаттау. Шынын айту керек, ұйғырларға қазақ тілін үйренудің ешқандай қиындығы жоқ. Тілдеріміз өте ұқсас. Ұйғыр тілін білсең, қазақ тілін білгенің. Қазақ тілін білсең, ұйғыр тілін білгенің. Бұған қарамастан, біз мектептерде, Достық үйлерінде қазақ тілін үйрететін курстар аштық.

Біз төл мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді фестивалдарда көрсетуге ұмтылып жатырмыз. Ондағы мақсатымыз – халқымызды таныстыру. Біз бір-бірімізді танысақ, мәдениетімізді білсек, халықтар бір-біріне құрметтейтін болады. Жақындасады. Татулық орнайды.

Таяуда қазақ ақыны Шөмішбай Сариевтің шығармаларын Елдияр Тохтияров деген ақынымыз ұйғыр тіліне аударды. Кітаптың тұсау кесері үлкен театрда өтті. Шараға Шөмішбай Сариевтің жақындары қатысты. Бұл да – бір-біріміздің мәдениетімізді, ақындарымыздың шығармаларын насихаттау.

Бұдан бөлек, біздің «Ұйғыр авази» деген республикалық газетіміз бар. Онда қазақ ақындарының шығармалары ұдайы жарияланып тұрады. Кейде таза қазақ тілінде, кейде аудармалары басылады. Қазақ әдебиетін – ұйғырларға, ұйғыр әдебиетін қазақтарға таныстырып, екі мәдениет арасындағы көпір болып отырған жайымыз бар. 

Біздің Илья Бахтияр деген ақынымыз Мұқағали Мақатаевпен дос, бауыр болған. Екеуіне арнап фестиваль өткіздік. Мектеп оқушылары екі ақынның өлеңдерін жатқа оқыды. Мұқағали Мақатаев – біз жақтың жігіті. Ұйғыр халқы өте сүйіп оқиды. Ал Илья Бахтиярдың шығармаларын қазақ тіліне аударып жатырмыз.

Ассамблея саясатқа араласпайды. Біз – саяси ұйым емеспіз. Біз Қазақстанда туылдық. Көк түсті төлқұжатымыз бар. Тек қана этникамыз ғана бөлек. Мемлекет құраушы ұлт – қазақ халқы. Қазақ халқымен бірге, бауырлас ұлт болып, Қазақстанды көркейтуге ат салысуымыз керек. Сол үшін ұйғырлардың арасына насихат жүргізіп, елдің бірлігін сақтауға шақырамыз.

Басқа елдердегі жағдайды өздеріңіз жақсы білесіздер. Украина мен Ресей арасындағы жанжал болып жатыр. Мұндай жаман жолдан аулақ болуымыз керек деп есептеймін.

El.kz: Жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісі қалыптасып келеді деген сөз жиі айтылып келеді. Бұл пікірмен келісесіз бе?

Абайдулла Жапаров: Кеңес одағы кезінде біз «ұлтқа» бөлінетін едік. Әр ұлттың өзінің мемлекеті болады. Қазір «ұлт» сөзін қолданыстан шығарып, этнос деп атап жүрміз. Мемлекеттің негізі – қазақ халқы. Сондықтан, осы мемлекетте тұратын этностар қазақ тілін, мәдениетін біліп, Қазақстан мемлекетін дамытуымыз қажет.

Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған кезде кейбіреулер «мұның керегі қанша? Би билеп, өлең айтумен шектелесіңдер» деп сын айтқанда да бар. Ассамблеяның мақсаты – бірлікке, ынтымаққа бастау. Бірлік бар да, тірлік болады.

Қазақстанда бес миллиондай басқа этнос өкілдері тұрып жатыр. Ассамблея болмаса, басқа осынша адамдардың басын кім қоса алады? Әртүрлі мақсаттағы ұйымдар бар. Шетелден қаржы беріп, күш салса, біздің мемлекетіміздің болашағы не болмақ? Қазақстан халқы ассамблеясының мақсаты – сондай ұйымдарға жол бермеу.

Жастармен жұмыс жүргізу керек. Біз – бір мемлекеттің адамдарымыз. Қазақстанды бірге өркендетуіміз керек деп насихат жүргіземіз. Қазіргі заманда ештеңеге тосқауыл қоя алмайсыз. Интернет деген нәрсе бар. Сондықтан бәрін айтып, түсіндіріп отырған абзал.

Кейбір жерлерде балалар арасында төбелес шықса, оны этносаралық жанжал деп көрсететіндер де бар. Мәдени орталықтар ақсақалдар кеңесін құрып, халықтың арасына барып: «Қазақстанның заңдары баршаға бірдей. Сен кінәлі болсаң, жазаға тартыласың» деп ашық айту керек. Ішкі жанжалдарға жол бермеу қажет. 

El.kz: Әрине, заң баршаға ортақ. Шыққан тегіне қарай ешкімді аламайды. Сондықтан барлық адамдар Қазақстанның дамуына өз үлесін қосуы керек дейсіз бе?

Абайдулла Жапаров: Әрине, бәріміз – бір елдің азаматтарымыз. Қолдарымызда көк төлқұжат бар. Қазақстан азаматтарына заң ортақ. Сен орыссың, кәріссің, шешенсің деп бөлу жоқ. Сондықтан Қазақстанды көркейтуге, бар күш-жігерімізді салуға тиіспіз. Біздің мақсатымыз – халықты, жастарды дұрыс жолға салу.

El.kz: Қоғамдық келісім және ұлтаралық келісім деген ұғым бар. Бұл қалай жүзеге асып жатыр?

Абайдулла Жапаров: Алматыдағы шағын ассамблеямыз тікелей қоғамдық келісіммен айналысады. Әрбір ауылда, әрбір ауданда Мәдени орталықтардың филиалдары бар. Қажет болса, ұйғырларда «жігітбасы» деген институт бар. Мұндай институт басқа этностарда жоқ. Бұдан бөлек, жер-жерде ақсақалдар кеңестерін құрып жатырмыз. Бұл кеңеске тек қана ұйғырлар емес, басқа ұлттың ақсақалдары да мүше болады. Қандай да бір мәселе туындаса, оны ақсақалдар кеңесі шешеді. 

El.kz: Жігітбасы туралы кеңірек тоқтала кетсеңіз. Оның негізгі міндеттері қандай?

Абайдулла Жапаров: Жігітбасын сайлау – ұйғыр халқының ертеден келе жатқан ғұрпы. Мәселен, бір ауылда бір адамды жігітбасы деп сайлайды. Жігітбасы ауылдағы барлық мәселелерді шешеді. Өмір болған соң, өлім болады. Біреу қаза болса, қаралы отбасыға қолғабыс тигізеді. Бірдеңе жетпей жатса, ауыл адамдарын ұйымдастырып, көмек береді. Немесе, той болса, «менің қызым тұрмысқа шығып жатыр еді, балам үйленіп жатыр еді» деп жігітбасыға шығады. Жігітбасы халыққа айтып, қандай көмек керек екенін анықтайды. Бұл институт тек бізде бар. Аралас ауылдарда қазақтардың арасында да жігітбасы пайда болыпты. Жігітбасы ауылдың барлық мәселесін шешеді, халықты ұйымдастырады.

Оны халық өзі сайлайды. Еті тірі, сыйлы адамдарды сайлайды. Әрине, оның көмекшілері болады. Әрбір ауылда жігітбасы бар. Ауданның жігітбасы бар. Республикалық жігітбасы бар. Қандай да бір жағдай болса, жігітбасы істі ушықтырмай, мәселелерді дер кезінде шешіп отырады. Сондықтан, жігітбасы – тәрбие құралы да. Оған бағыну керек.

El.kz: Мәдени орталықтарыңыз ұйғыр халқының мәдениетін, тілін, дәстүрін сақтауға да ықпал ететін болар?

Абайдулла Жапаров: Ең бақытты ұйғырлар Қазақстанда тұрып жатыр. Біз мұны ұдайы айтамыз. Жастарға насихат жасаймыз. Неге десеңіз, тек қана Қазақстанда ұйғыр тілінде шығатын газетіміз бар. Академиялық театрымыз бар. Жақында оның тоқсан жылдығын тойладық. Мектептерде балаларымыз ұйғыр тілінде сабақ оқиды. Ендеше, біз бақытты болмай, кім бақытты болады?

Мәдени орталығымыз жастарды қазақ халқымен тату тұруға, рахмет айтуға шақырамыз. Сондықтан бұл жер, бұл ел – бізге жат емес. Бәрі өзіміздікі. Барлық жағдай жасалған.

El.kz: Әңгімеңізге көп рахмет.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға