Жаңалықтар

Қазақ тілін үйрену бұрынғыдан да жеңіл болады

Қазақ тілін үйрену бұрынғыдан да жеңіл болады
Фото: abai.institute 04.12.2024 18:03 199

Тілдік мұраны әлемге таныту мақсатында жүзеге асырылып жатқан жобалар арасында Abai.institute-ның орны бөлек. Жақында ғана Abai.institute платформасы шетелдегі қандастар мен қазақ тілін үйренуге қызығушылық танытқан азаматтарға арналған кешенді бейнесабақтар ұсынды. Бұл – тіл үйренушілерге жасалған тиімді, ыңғайлы әрі заманауи жаңа мүмкіндік, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы әзірлеген бейнесабақтарды әлемнің түкпір-түкпіріндегі қазақ тіліне қызығушылық танытқан кез келген азамат көріп, үйрене алады.

«Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы 2020 жылдан бері «Отандастар» қорымен бірлесе отырып, шетелдегі қандастарымызға, қазақ тілін үйренуге ниетті шетел азаматтарына қазақ тілін офлайн форматта оқытып келеді. 2020 жылы АҚШ, Түркия, Ресей, Бельгиядағы 50 азаматқа қазақ тілін оқытудан бастасақ, бүгінде 8 мемлекеттегі тіл үйренушілер саны 150-ден асты. Бұл көрсеткіш қазақ тіліне деген сұраныстың артқанын аңғартады. Сол себепті біз әлемнің қай бұрышында болсын қазақ тілін үйренуге қызығушылығы бар азаматтарға ыңғайлы, тілді кешенді оқытуға бағытталған бейнесабақтар әзірледік. Бұған дейінгі  дәрістерден айырмашылығы мұнда біз «Тілдік ортаға бейімдеу» әдісін қолдандық. Яғни кез келген басқа тілде сөйлейтін адам қазақ тілін тікелей, екінші тілдің көмегінсіз үйренеді,- дейді Abai.institute жобасының жетекшісі Айгүл Орманова.  

Айта кетейік, Abai.institute-ның басты мақсаты – қазақ тілін үйренудің қолжетімділігін арттыру және мәдени көпір орнату. Ал бейнесабақтардың артықшылығы:

  • Қолжетімділік. Сабақтарды кез келген уақытта, кез келген құрылғыдан онлайн көруге болады.
  • Ықшамдылық. Әр сабақтың ұзақтығы - 10 минут.
  • Көп деңгейлі жүйе. Сабақтар тілдерді меңгерудің еуропалық жүйесіне негізделген. Биылғы 40 сабақ А1 және А2 деңгейлеріне арналса, келесі жылы В1 және одан жоғары деңгейлерге ұсынылады.
  • Қазақ тілін қазақша үйрету. Бұл әдіспен тілді әлемнің кез келген азаматы үйрене алады.
  • Сапалы мазмұн. Сабақтар тек тіл дағдыларын дамытумен шектелмейді, тіл үйренушіге қазақ мәдениетінен де мағлұмат береді.

Бейнесабақтар Abai.institute платформасы мен «TilQazyna» YouTube арнасында әлемнің кез келген тұрғынына тегін әрі қолжетімді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға