Қазақ тілін әлемге қалай танытамыз?
Қазақ тілін әлемге таныту – бұл еліміздің мәдениеті мен рухани құндылықтарын жаһандық деңгейде дәріптеудің маңызды бөлігі. Осыған орай қазақ тілін шет елдерде оқытудағы жаңа мүмкіндіктер мен тіл үйренушілерге арналған инновациялық әдістемелер жүйесінде тың тәсілдерді енгізу мәселесі жиі көтеріледі. «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Әдістеме LAB басқармасының басшысы, филология ғылымдарының кандидаты Жазира Ысқақова қазақ тілін үйретудің заманауи тәсілдері, Abai.institute платформасының бейнесабақтары мен шетелдегі қандастарға қолдау көрсету бағытындағы жұмыстар туралы әңгімелеп берді.
El.kz: Жақында ғана Әдістеме LAB бөлімі мен Abai.institute шетелдегі қандастар мен қазақ тілін үйренуге арналған жаңа бейнесабақтарды ұсынды. Осы орайда қазақ тілін шет елдерде оқытуда қандай ерекше әдістеме қолданылды?
Жазира Ысқақова: Тілді екінші тіл ретінде оқыту әдістемесінде алуан түрлі әдіс-тәсілдер бар екені мәлім. Қазақ тілін кеңес кезеңінен бастап 2010 жылдарға дейін аударма әдісі арқылы оқытып келгені белгілі. Басқаша айтқанда қазақ тілі орыс тілі арқылы үйретілді. Алайда бұл әдістің тиімділігі жеткіліксіз деңгейде екені анықталып, соңғы 10-15 жыл аралығында қазақ тілін шет тілі ретінде оқыту немесе коммуникативтік әдіс арқылы оқыту, сонымен қатар тілдік ортаға толық бойлау әдісімен үйрету қолға алынды. Аталған әдістерді «Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ҰҒПО» КЕАҚ Әдістеме LAB бөлімі белсенді түрде насихаттап, енгізу жұмыстарын жүзеге асырып келеді. Мәселен, тілді коммуникативтік әдіс арқылы үйретудің артықшылығы неде? деген сұраққа жауап берер болсақ, тіл үйренушінің сөйлеу дағдыларын дамытуға басымдық беру деуге болады. Яғни қазақ тілі грамматиканы үйрету, танымдық мәтіндерді оқыту, әдеби көркем шығармаларды оқыту арқылы үйретілді. Ал қазір қазақ тілі сонымен қатар біздің ұсынып отырған бейнесабақтарымыз күнделікті өмірде жиі қолданатын сөздер, сөз оралымдарын, грамматикалық құрылымдарды үйретеді. Бұл бір деп қояйық.
Екіншіден, біз өзіміздің тікелей бастамамызбен ғылыми-әдістемелік зерттеулер жасап, тәжірибеде тексеріп, тілдік ортаға толық бойлау әдісін насихаттап, енгізудеміз.
Қазақ тілі бүгінде тек қазақстандықтар немесе шетелдегі қазақтар үшін ғана қажет тіл емес, қазақ тілінің көкжиегі әлдеқайда кеңейгенін көріп отырмыз. Қазақ елі әлемге өзінің шығармашылығы, білім-ғылымы, спорты, мәдениеті арқылы танылып отыр, сондықтан қазақ тіліне де сұраныс көптеген шетел азаматтарының тарапынан артып келеді. Осыны ескере отырып, біз бейнесабақтарымыздың кез келген тіл үйренуші үшін қолжетімді болуын қамтамасыз еттік. Осыған дейін түсірілген, тіпті ютуб, инстаграмм т.б. танымал әлеуметтік желілерде қазақ тілін бейнесабақтар арқылы оқытуда аударма әдісі кеңінен қолданылады. «Тіл-Қазынаның» бейнесабақтары қазақ тілін қазақша үйрететін бейнесабақтарды алғаш ұсынып отыр.
El.kz: «Тілдік ортаға толық бойлау» әдісі туралы толығырақ айтып берсеңіз. Бұл әдістің басты артықшылықтары қандай?
Жазира Ысқақова: Тілдік ортаға бойлау немесе иммерсиялық әдіс тіл үйренушіні бірінші сабақтан бастап үйренетін екінші тілге енгізу процесін жүзеге асыруды мақсат етеді. Ол қалай жүзеге асады? Оқытушы оқушылармен тек үйрететін тілде ғана сөйлеседі, барлық тапсырма, нұсқаулар, түсіндірмелер үйрететін тілде беріледі. Басқаша айтқанда біз осы бейнесабақтарымызда тұңғыш рет қазақ тілін тек қазақша үйретуді іске асырдық. Бұл әдісті ХІХ ғасырдың екінші жартысында АҚШ-тың ағылшын тілі мұғалімі Берлиц деген азамат қолданған. Кейін 1960-жылдары Канада иммерсиялық әдіс деген атаумен ағылшын және француз тілдерін үйреткен. Осы тұста Канада елінің тәжірибесі біз үшін өте маңызды, себебі бұл елдегі азаматтар біз сияқты билингвиалдар болып табылады. Канадада екі ресми тіл бар: ағылшын және француз. Азаматтардың тілдік барьерлерін жою үшін және өзара қарым-қатынастарын жақсарту, құндылықтарын құрметтеуді арттыру мақсатында ағылшын тілді азаматтар француз тілін, ал француз тілділер ағылшын тілін осы тілдік ортаға толық бойлау әдісі арқылы үйренген. Әдістің негізгі артықшылығы оқытушы барлық нұсқауларды сол үйрететін тілде беру арқылы тіл үйренуші оны екінші тіл ретінде емес ана тілі ретінде қабылдап, оған терең бойлауға мүмкіндік алады. Міне, осындай озық тәжірибені біз қазақ тілін оқыту әдістемесіне енгізіп, оның практикалық тұрғыда қолданылуын бейнесабақтарымыз арқылы көрсеттік. Сол сияқты бұл әдістеме түрік, чех, ағылшын, неміс, орыс тілдерін үйретуде белсенді қолданылып, тиімділігін дәлелдеген.
El.kz: Оқушылардың тіл үйренудегі прогресін қалай бақылайсыздар?
Жазира Ысқақова: Ол үшін Abai.institute платформасын жетілдіру тетіктері қарастырылған, мәселен, тіл үйренушіге арнайы бейнесабақтарға қоса тапсырмалар берілетін болады. Яғни оқушы өзінің дағдыларын одан да жақсы жетілдіру үшін, файлдармен тапсырмалар жүктелетін болады және чат-бот құрылып, сол боттарда тіл үйренушілер өз сұрақтарын қойып, кері байланыс алуға мүмкіндік алады. Чат-боттарда оларға кеңес берілетін болады. Негізінен бейнесабақтар арқылы тіл үйренуде біз алдымызға оқушылардың прогресін бақылауды мақсат етпейміз. Біздің негізгі мақсатымыз – қазақ тілін үйрететін заманауи, сапалы контент әзірлеу және оны барынша қолжетімді ету.
El.kz: Қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтау үшін қандай бағалау жүйесі қолданылады?
Жазира Ысқақова: Жалпы елімізде қазақ тілін меңгеру деңгейін ресми түрде бағалайтын «Қазтест» емтихандары бар. Бұл емтихан халықаралық тәжірибелер негізінде құрастырылып, жыл сайын жаңарып отырады және қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтайтын бірден-бір жүйе десек қателеспейміз. Десек те біздің платформамызда тіл үйренушінің деңгейін анықтайтын арнайы тесттер қарастырылған. Сол тесттерді тапсыру арқылы тіл үйренуші өзінің деңгейін анықтай алады.
El.kz: «Abai.institute» платформасы үшін әзірленген бейнесабақтардан басқа, болашақта қандай жаңа жобалар ұсынылады?
Жазира Ысқақова: Жалпы болашақта қазақ тілін оқыту әдістемесін халықаралық стандарттауды жүзеге асыру және Әдістеме LAB бөлімі ғалымдары мен еліміздің белгілі ғалым, әдіскерлерімізбен бірлесе әзірленген лексика-грамматикалық минимумды қазақ тілін оқыту бағдарламасына енгізу, насихаттау, тәжірибеден өткізу жұмыстары жоспарланған. Бұдан басқа биыл бейнесабақтардың В1 орта деңгейі түсіріліп, көпшілікке жол тартады. Басты мақсатымыз қазақ тілін халықаралық ұйымдардың стандарттау, сертификаттаудан өткізу, әдістемесін ортақ жүйеге келтіру болмақ.
El.kz: Алдағы уақытта қазақ тілін оқытудың офлайн курстарын кеңейтуді жоспарлап отырсыздар ма?
Жазира Ысқақова: Бізде "Абай институты" негізінде 2024 жылы 8 офлайн курс сабақ өткізді. Биыл да шет елдерде тағы да офлайн курстар санын көбейту жоспарлануда. Жалпы бүгінгі күнге дейін Түркия, АҚШ, Ресей, Франция, Монғолия және басқа елдерде 150-ден астам тіл үйренуші білім алды. Алдағы уақытта тек тіл үйрету курстары ғана емес, Қазақстан мен қазақ тіліне, мәдениеті мен тарихына қызығушылық танытқан азаматтар үшін мәдени шаралар ұйымдастыру жоспары да бар. Біздің негізгі мақсатымыз тек тілдік мадериалдар негізінде тіл үйретіп қоймай, қазақ халқы туралы басқа да тынымдық ақпараттармен таныстырып, елімізге деген қызығушылықты арттыру болып отыр.
El.kz: Қазақ мәдениеті мен тілін үйренушілер арасында сұраныс артып келеді ме? Сұранысты одан әрі қалай арттыруға болады деп ойлайсыз?
Жазира Ысқақова: Менің ойымша, қазақ тіліне деген сұранысты жұмсақ күш арқылы арттыру қажет. Сонымен қатар ғылыми, технологиялық жаңалықтар және туризм арқылы күшейтуге болады. Қазірдің өзінде біз шетелге өзіміздің өнеріміз, бірегей мәдениетіміз арқылы танылып, қызығушылықты арттырып жатырмыз. Сондай-ақ қазақтың дарынды, білімді балалары, жастары шетелдегі түрлі олимпиада, байқауларда бас жүлдені жеңіп, Қазақстанымызды танытып жатыр. Міне, біз осы бағытымыздан тайынбай, қазақ халқына тән қасиеттерімізді сақтай отырып, жаңалық пен жақсылыққа әрдайым ашық болсақ, тіліміз де, еліміз де дамитыны сөзсіз.
El.kz: «Отандастар» қорымен бірлескен жобалар туралы айтып өтсеңіз. Қандай нәтижелерге қол жеткіздіңіздер?
Жазира Ысқақова: Абай институты жобасы 2020 жылы алғаш құрылған кезде шетелдегі қандастар мен ирреденттерге қолдау көрсететін «Отандастар» қорымен бірлесе жұмыс істеді. Осы ынтымақтастық аясында 5 деңгейлік «Шетелдегі қазақтарға арналған қазақ тілі әмбебап оқулығы» офлайн курс сыныбы мен қор ұйымдастырған онлайн курс сыныбы негізінде апробациядан өтті. Сондай-ақ «Отандастар» қорының сұрауына сәйкес, қазақ тілін үйретуге арналған деңгейлік бейнесабақтар әзірленіп жатыр. 2024 жылы бұл бейнесабақтардың А1, А2 (қарапайым және базалық) деңгейлері әзірленсе, биыл В1 деңгейі әзірленеді.
Бүгінде «Абай институты» бағдарламасын жетілдіру аясында жасалған Abai.institute порталының «Қазақша үйрену» бөлімін Отандастар қорының «Qazalem» порталымен интеграциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
El.kz: Шетелдегі қандастар үшін қазақ тілін үйренуде ең басты қиындықтар қандай? Оларды шешу жолдары бар ма?
Жазира Ысқақова: Шетелдегі қандастар үшін қазақ тілін меңгерудің негізгі кедергілері – тілдік ортаның болмауы. Дегенмен заманауи онлайн платформалар құру, оқулықтар мен бейнесабақтарды әзірлеу және қауымдастықтар арқылы сөйлесу практикасын ұйымдастыру арқылы бұл қиындықтарды шешуге болады және осы бағытта жұмыстар істеп жатырмыз.
Сондай-ақ тағы бір қиындық тудырып отырған мәселе – жазу жүйесі. Қазақ тіліндегі оқу-әдістемелік құралдардың кириллицада әзірленуі, ал шетелдегі қандастардың кирилл әрпін білмеуі тіл үйренуді қиындатады.
El.kz: Түрлі елдердегі қазақ мәдени орталықтарымен қандай байланыс орнатылған?
Жазира Ысқақова: Бүгінгі күні Абай институты Ресейдің Омбы қаласында орналасқан «Омбы қазақтары», Астрахан қаласындағы «Астрахан қазақтары» ұйымдарымен, Моңғолияның «Алаш Моңғолия» ұйымымен, Түркияның Ыстамбұл қаласындағы «Қазақ-Түрік қоры» қоғамымен, Анкараның «Көк Ту», «ТүркіТав» мәдени қоғамдарымен, Францияның Париж қаласындағы «Әлем» қазақ қауымдастығымен, Австрияның Вена қаласындағы «Қазақ мәдениеті» қоғамымен, Түркияның Зейтінбұрны, Гюнешлі аудандарындағы, Анкараның қазақ қоғамдарымен жұмыс істеп келеді.
El.kz: Сұхбатыңызға көп рахмет!