Қазақ тілін 6 айда үйренемін деген шенеуніктер кімдер?
Қазақстанда мемлекеттік тілде сөйлей алмайтын шенеуніктер жиі сынға ұшырап жатады. Кезінде «Миымды ауыстырыңдар. Әйтпесе қазақ тілін үйрене алмаймын» деген бұрынғы сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов та қазақ тілін үйренбестен қызметінен кеткен еді.
Жақында ғана Энергетика министрі қызметіне кіріскен Алмасадам Сәтқалиев те қазақ тілді журналистерден сын естіп үлгерді. Ол өзіне қойылған сұраққа қазақша жауап беруге қиналды.
Әрине, мен ана тілімді білемін. Бірақ маған тілді білу деңгейімді көтеру керек. Маған жарты жыл беріңіз. Сіздің қазақша сұрақтарыңыздың бәріне жауап беретін боламын. Жауап сапалы болу үшін орысша беріп тұрмын, - деп уәде берді.
Мұндай уәдені Сәтқалиевқа дейін де талай шенеунік берген. Бірақ солардың ішінде уәдесін орындағаны аз.
2015 жылдың қараша айынан бастап Ұлттық банкты табан аудармай 3 жыл басқарған Данияр Ақышевтың уәдесін ел ұмыта қойған жоқ. 2016 жылдың жазында келесі жылға дейін тіл үйреніп аламын деген шенеунік үш жыл ішінде уәдесін орындауға қауқарсыз болып шықты. Тілшілерге бір жыл өткеннен кейін де орыс тілінде сұхбат беруін жалғастыра берді. Мемлекеттік тілді меңгере алмаған шенеунік қазақ тілінде баяндама жасауын халық күтіп жүргенде Ақышев қызметінен кетті.
2012 жылдан 2015 жылға дейін Қостанай облысының әкімі болған Нұралы Сәдуақасов мемлекеттік тілде сөйлей алмағаны үшін біраз сыналған еді. Қызметке келген сәтінде қазақша үйренуге уәде берген. Бірақ қызметінен кеткен уақытқа дейін жарытып қазақша жауап бере алмады.
2017 жылы Үкімет отырысынан кейінгі жиында сол кездегі Әділет министрі Марат Бекетаев та қазақ тілін үйренуге журналистерден бір жыл уақыт сұрады. 2016 жылдан 2019 жылға дейін осы қызметті атқарған министр сол күйі уәдесінде тұрмады.
«Қазақша үйренемін» деген шенділердің сөзіне бүгінде ешкім сенбейтін болған. Журналистердің сұрағынан жалтару үшін ғана «қазақша үйренемін» дейтін шенеуніктер қазақ тілі Үкіметтегі жалғыз тілге айналмайынша үйрене қоймайтын сыңайлы.
«Сұрақ қай тілде қойылса, сол тілде жауап берілуі керек» деп бір даурықтық. Үкімет отырыстарында сұрақ қазақ тілінде қойылғанда осы жағы ескерілмей келеді.
«Өзге тілдің бәрін біл» деп ағылшын, француз, урду, хинди тілдерін жетік меңгерген Ерлан Ыдырысов «өз тілін құрметтеуді» ұмытып кеткен сыңайлы. Баяндамаларын тек орыс тілінде жасайтын шенеунікке «Сұраққа қойылған тілде жауап беру керек» деген заңды мақұлдап қойғанымызды ешкім айтпаған ба?
Қазақ тілінде сөйлеуді ар санайтын шенеунік ретінде кулуар шежіресінде қалғандардың бірі – Талғат Мұсабаев. Ғарышты игерген батырымызға қазақ тілін меңгеру тым қиынға соқты.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі болған Асхат Оразбеков қазақша қойылған сұраққа берген қазақша жауабы «сұрағыңызға рахметпен» ғана шектелді. Осындайда шенеуніктер мемлекеттік қызметке келерде мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтайтын тестті қалай өтті екен?деген сұрақ туындайды.
«Бәріне түсінікті болу үшін», «рұқсат болса, орысша жауап берейін» деп сылтаурататын шенділер арасында уәдесінде тұрғандары да бар. Мәселен, Қазақстанның үш өңірінің тізгінін ұстаған, өзін министрлік қызметте де сынап көрген Қанат Бозымбаев Жамбыл облысының халқымен кездесуде қазақ тілін үйреніп алуға уәде берген еді. Жиынында «Сіз оңтүстік өңірге келдіңіз. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған жаққа ат басын бұрған соң қазақша сөйлеуге тиіссіз!» дегенде еш ойланбастан «Мен сіздермен алты айдан кейін қазақша айтысамын» деп жауап берген еді. Осыдан кейін Бозымбаев жиналыстардың бәрін тек қазақша өткізетін болды.