Жаңалықтар

Қазақ тілді контентке сұраныс артып келеді – Данияр Қосназар

Қазақ тілді контентке сұраныс артып келеді – Данияр Қосназар
Фото: жеке мұрағат 16.04.2025 17:04 422

Narxoz University президентінің кеңесшісі Данияр Қосназар II Орталық Азия медиафорумында сөз сөйлеп, бүгінгі жастардың ана тіліне деген сұранысы мен брендтердің әлеуметтік миссиясы жайлы ой қозғады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, Z ұрпағы қазақ тіліндегі контентке деген қажеттілікті алғашқылардың бірі болып көтеріп, бұл бағыттағы серпіліске жол ашты. Ал олардан кейінгі Альфа буыны – қазіргі мектеп оқушылары қазақ тіліндегі контентті табиғи жағдай ретінде қабылдап үлгерді.

Альфа ұрпағы үшін қазақша контент  – тосын жаңалық емес, бұл  –  қалыпты жағдай. Сондықтан олар үшін бұл мәселе үлкен тренд емес, керісінше, үйреншікті орта, – деді Данияр Қосназар.

Сонымен қатар, президент кеңесшісінің айтуынша, бүгінгі күнде ана тіліне деген сұраныспен қатар, әлеуметтік тақырыптар, әсіресе экология мен брендтердің қоғамға тигізер әсері де басты назарда.

Z ұрпағы экологиялық мәселелерге бейжай қарамайды. Сонымен бірге олар тек пайда табуды емес, нақты құндылықтар мен ұстанымдарға негізделген брендтерді қолдауға дайын. Әлеуметтік миссиясы бар, қоғаммен тілдесетін брендтерге сұраныс жоғары, – деп атап өтті ол.

Данияр Қосназар ұлттық брендтерге де тоқталып, олардың қазіргі таңда белгілі бір дағдарысты бастан өткеріп жатқанын айтты.

Көптеген отандық брендтер ұлттық реңкті алға шығарып, ішкі нарықта жетістікке жетті. Алайда олар халықаралық деңгейге шыққанда – мысалы, Дубай, Токио немесе Сеул сынды нарықтарға – осы ұлттық концепцияны жеткізе алмай отыр. Сондықтан да біздің брендтерге басқа тәсілдерді де байқап көру керек, – деді ол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға