Жаңалықтар

Қазақ спорт журналистикасының негізін салған Сейдахмет Бердіқұловтың туғанына 90 жыл

Қазақ спорт журналистикасының негізін салған Сейдахмет Бердіқұловтың  туғанына 90 жыл
Фото: ©El.kz/Арман МУХАТОВ 05.05.2023 17:00 2411

 Қазақ спорт журналистикасының негізін салған Сейдахмет Бердіқұловтың туғана 9 мамырда 90 жыл толады. Осыған орай бүгін «Қазақ газеттерінде» жиын өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Жиынға көзін көрген, тәлімін алған аға буын, Сейдахмет Бердіқұловтың көзін көрген, тәлімін алған шәкірттері, ЕҰУ студенттері қатысты.

Сейдахмет Бердіқұлов қазақ спорт жур­на­лис­ти­ка­сының негізін қалаушы, ел спортын насихаттауға телегей-теңіз еңбек сіңірген, Қазақстан спорт басылымдары қауымдастығының алғашқы президенті, 1966 жылы Лон­донға, 1970 жылы Мексикаға барып, фут­болдан әлем чемпионаты жайлы қалам тартқан алғашқы қазақ. Сондай-ақ, ол 1970-1986 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің редакторы, 1986-1994 жылдары «Жалын», «Балауса» баспаларының директоры болды.

Журналист Сауытбек Әбдірахманов Сейдахмет Бердіқұловтің тілшілік қырына тоқталды. Айтуынша, қаламгер еңбек еткен жылдары қазақ журналистикасына стандарт жасап бергенін айтады.

Қазақ спорт журналистикасының негізін салған Сейдахмет Бердіқұловтың  туғанына 90 жыл

Бүгінгі тілмен айтсақ, жаһандану журналистикасының бастауында тұрған жігіттердің бірі осы Сейдахмет болды. Әсіресе, Сейдағаң қазақ жастарының бойында намысшылдық болуы керек жөнінен ерекше еңбек етті. Қадыр ақын:

Мен спорттың біле бермен мәнісін,

Сонда да айтам, бейтанысым, танысым

Футболға бар, футболға бар, егер де

Қалғып кетіп бара жатса намысың! – дейді. Сол футболдың жалынан ұстап, оны өнер биігіне көтеріп, феноменін және қадір-қасиетін қазаққа алғаш түсіндіріп берген Сейдахмет Бердіқұлов, – дейді.

Сондай-ақ, ол намыс тұрғысынан Сейдахметтің жазғандарынан «Қайратқа» байланысты айтқандарына ерекше назар аудару қажет екенін тілге тиек етті. Айта кетейік, 60-шы жылдардың басында құрылған «Қайрат» одақ көлемінде футбол жарысына қатысатын жалғыз команда болған. Бұл жөнінде Сауытбек Әбдірахманов былай дейді:

Сол жылдары ерекше футбол команда болатын. 13-15-ші орыннан жоғарламаса да, бірақ стадион адамға толып қалатын. Қазақ риза болып шығатын. Өйткені, «Қайрат» 89-шы минутқа дейін жан алып, жан беретін команда болды. Сол арқылы «За болю победа» деген жүлдені алып жүрді. Бүкіл спорт әлемі «Қайраттың» намысшылдығын ерекше бағалады. Осы «Қайрат» футбол командасының ерекшелігін Сейдағаң ашық көрсететін, – деп еске алды Сауытбек Әбдірахманов.

Кезінде Сейдахмет Бердіқұловтің көзін көрген жазушы, публицист Уәлихан Қалижан қаламгер жайында сөз алып, қазақ журналистикасының тарихында алтын әріппен жазылған тұлға екенін айтты.  

Қазақ спорт журналистикасының негізін салған Сейдахмет Бердіқұловтың  туғанына 90 жыл

Сол жылдары «Лениншіл жас» газеті Қазақстандағы ең үлкен тиражды іргелі басылымның бірі болды. Ұлттық рухты көтеріп, ұл сөзін сөйлейтін және ұлтжандылықты дәріптейтін газет еді. Сондықтан да Шерхан Мұртазадан және Сейдахмет Бердіқұловтан кейін маған басқару бұйырған екен. Сол жолды қолымнан келгенше сақтауға, жаңғыртуға тырыстым. Футболдық қазақ топырағына ерекше әсері және тәрбиелік жолы бар екендігін көрсетіп кеткен осы Сейдағаң, – дейді Уәлихан Қалижан.

Сонымен қатар қаламгер Сейдахмет Бердіқұловтың тағы бір қасиетіне аз-кем тоқталып өтті.

Ол кісі әр нәрседен бір деталь іздейтін. Жүрген жүрісі мен киген киімі де қызық болатын. Анда-санда ғана «галустук» тағатын. Ерекше бір кепкісі бар еді. Оны ешкім кие де, таба да алмайтын еді.  Сосын солақай болды. Жазғанда қисайтып жазатын, – деп еске алды Уәлихан Қалижан.

Ал Жарылқап Бейсенбайұлы Сейдахмет Бердіқұловпен  15 жыл бірге жұмыс істеген екен. Сол жылдарға шолу жасап, өзін шәкірті екенін айтты.

Қазақ спорт журналистикасының негізін салған Сейдахмет Бердіқұловтың  туғанына 90 жыл

Сейдағаңның алдына макет сызып алып барамыз. Оны бір қарап жібереді де, кешке дайын болып қалған беттерді алдына апарып көрсетеміз. Алдында сияға толы қалам болады. Беттерді қарап тұрады да, қара сиясы бар қаламды қолына алып, сызып-сызып тақырыбын өзгертіп-өзгертіп ойнатып жібереді. Ол кісі спорт журналистикасының тілін ең жоғары деңгейге көтеріп, көркем әдебиет тіліне айналдыратын. Мені жассың ғой, спортпен айналысқан екенсің деп спорт бөліміне жіберді. Жүрген жері идеяға толы. Өзі жазса тамаша қылып жазатын. Жазған эсселері сұмдық енді. Газет ол кезде бес күн шығатын, – дейді Жарылқап Бейсенбайұлы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға