Жаңалықтар

Қазақ радиосына – 100 жыл

Елордадағы көшелердің біріне «Қазақ радиосының» атауы берілді
Қазақ радиосына  –   100 жыл
Фото: © El.kz 09.04.2021 12:58 6719

 

Ұлттың үнжариясына айналған Қазақ радиосына 100 жыл толып отыр. Алғаш Қазақ радиосының үні 1921 жылдың қазан айында жер-жерге тарады. Әсіресе Ұлы Отан соғысы жылдары үнжарияның атқарған қызметін ерекше атап өтуге болады. Өйткені халық майдан даласындағы барлық қиыншылықтарды осы радиодан естіп, біліп отырды. Ел арасында болып жатқан соңғы жаңалықтарды халыққа үздіксіз жеткізіп отырған Қазақ радиосының орны қашанда ерекше. Осы айтулы датаға байланысты жақында Нұрсұлтандағы көшелердің біріне «Қазақ радиосының» атауы берілді.

 

Қазақ радиосы алғаш хабарды Орынбордан таратты

 

Иә, биыл Қазақ радиосының әуе толқынына шыққанына – бір ғасыр. Оның республикалық алғашқы хабары қазақ тіл білімінің негізін салушы Ахмет Байтұрсынұлының бастамасымен Орынбор қаласынан әуе толқынына шықты. Редакция 1926 жылы Қызылордаға, 1931 жылы Алматыға көшірілді. Мұнда қазақ радиосының ардагері, Қазақ КСР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, радиохабар тарату ісінің қайраткері Мина Сейітова 1934 жылдан бастап 44 жыл қызмет етсе, диктор, Қазақстанның Халық артисі Әнуарбек Байжанбаев 1943-1989 жылдары қызмет атқарды. Сондай-ақ Совет уақытында жағымды үнімен әрі қоңыр дауысымен миллиондаған тыңдарманның жүрегін жаулаған Мұқағали Мақатаев, Ермек Серкебаев, Диас Омаров және т.б. жұмыс істеді. Қазақ радиосы 2005 жылдан бастап тәулік бойы хабар таратты. Ал 2012 жылдан бері елордадағы «Қазмедиа орталығынан» халыққа жаңалықтарды жеткізіп келеді.

 

Қазақ радиосының сандуғашы

 

Қазақ радиосының сандуғашы атанған Сауық Жақанова жарты ғасырға жуық ғұмырын қазақтың үнжариясына арнады. Ол кісі 1945 жылдың 11-ші ақпанында Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының Еркіндік ауылында дүниеге келген. Бала кезінен әдебиет пен өнерге жақын болып өскен Сауық Мәсіғұтқызы 1966 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған.   

 

– Мектеп қабырғасынан түрлі шараларды жүргізумен айналыстым. Жалпы шығармашылыққа бейім болдым. Университет бітіретін жылы Қазақ радиосы дикторлыққа конкурс жариялады. Бұл байқауға мен де қатыстым. Ол кезде жасым шамамен 20-да. Мұнда түрлі тақырыпта жаңалықтар, әдеби шығармалар, өлеңдер, балаларға арналған ертегілер және т.б. оқып, нәтижесінде конкурстан өтіп, Қазақ радиосында қалдым ғой, - деп еске түсірді Сауық Жақанова.

Қазақ радиосына  –   100 жыл

 

Қызметке алғаш келген жас маман кәсіби тұрғыдан шыңдалу мақсатында алдыңғы буын аға-апаларынан біраз тәжірибе жинақтайды. Ақпаратты сөйлеу арқылы жеткізетін кәсіпте бірінші кезекте диктордың дауысы, тыңдарманға сендіре алатындай таным-түйсігіне үлкен мән берілетінін уақыт өте келе санасына сіңіреді.

 

Ізденімпаздығы мен алғырлығының арқасында бес-алты айдан кейін Сауық Жақановаға бірден 3 категориялы дикторлық беріледі. Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайтыны секілді біздің кейіпкеріміздің де алғаш тәжірибе жинақтаған жылдары сүрінген тұстары болғаны рас.

 

– Шамамен бір-екі ай жұмыс істеген соң мені 10 минуттық хабарды оқуға студияға кіргізді. Ол жақта адам тек тыңдарманға жеткізетін хабарды ғана ойлауы қажет. Яғни көңілін де, ойың да, көзін де барлығы сол мәтін де болуы керек. Ал мен болсам, онсыз да хат танитын халыққа мәтінді тек оқып беріппін. Тіпті сол оқып шыққанымнан өзім де түк түсінбедім. Әлбетте, өзім түсінбеген жаңалықты тыңдарман қауым да түсінбейді. Осындай оқиға болған еді. Тағы да айта кетерім, диктор студияда бәрін ұмытып, бүкіл назары мәтінде болуы шарт. Жүрекпен, бар-ынтасымен оқылған мәтін ғана өз тыңдаушысының жүрегіне жетеді.

 

Үздіксіз еңбек пен талпыныстың арқасында Сауық Жақанова дикторлықтың қыр-сырын жете меңгереді. Кәсібіне төселген маман әріптес-дос-жараңдарының арасында ерекше құрметке де ие бола бастайды.

 

– Студиядағы негізгі жұмыс яғни халыққа соңғы жаңалықтарды жеткізуден бөлек өзге де жұмыстармен айналысамыз. Мәселен, жазушылардың жазған ертегілері мен шығармаларын оқимыз. Кез-келген автор өзінің туындысының жақсы болып шыққанын қалайды ғой. Кейде тәулік бойы эфирдан шықпайтын кездер де болды. Бірлік мерекесі, көктем мейрамы сынды ерекше даталарда алаңдардан репортаж жүргізіп, халықты жаңалықтармен ақпараттандырып тұрдық. Жалпы радионың халыққа сіңірген еңбегі ұшан-теңіз деп білемін,- дейді ардагер.

 

Иә, қазақ радиосы сынды қара шаңырақтың ірі тұлғаларының бірі Сауық Мәсіғұтқызының ашық әрі әуезді үні әуе толқынынан берілетін түрлі жанрдағы мәтіндерді құлпыртып әрі тыңдаушының тек құлағына емес, жүрегіне де жеткізді.

 

Бүгінде ҚР Еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, ардагер, жоғары категориялы диктор Сауық Жақанова 76 жасқа толды.

 

– Биыл қазақ радиосына – 100 жыл. Осы бір ғасырда қазақ радиосының атқарған жұмысы ұшан-теңіз деуге болады. Бұл 100 жылдық мереке жалғыз қазақ радиосының ғана емес, бүкіл қазақ халқының, тыңдаушылардың, журналистердің мейрамы. Сондықтан биылғы қазақ радиосының жылы бәрімізге құтты болсын, - деп сөзін түйіндеді Сауық Жақанова.

 

 

«Микрофон – менің серігім»

 

Шығыс Қазақстан облысының тумасы Ләззат Ноғайбай радио жүргізуші ретіндегі алғашқы қызметін Семей қаласындағы «Радио7» қалалық радиосында бастаған. Қазіргі кезде миллиондаған тыңдарманы бар республикалық қазақ радиосында Жаңалықтар редакциясында редактор-жүргізуші болып қызмет етеді.

Қазақ радиосына  –   100 жыл

 

– Мамандық таңдау кезінде бірнеше факторды ескерген жөн ғой. Онда сол салаға деген қызығушылығың, қабілетің мен мүмкіндігің әрі бейімділігің аса маңызды. Біреу үшін оқысаң – оның ләззатын сезінбейсің. Жұмыс таңдағанда да солай. Әріптестерімізбен тікелей эфирде күн сайын, әр сағаттың басында, қазақ және орыс тілдерінде елдегі және шетелдегі маңызды, ресми, саяси, әлеуметтік, мәдени ақпараттарды жеткізіп отырамыз. Микрофон – менің серігім. Ол әу бастан мені жатырқамады. Ал, тікелей эфир студиясын «Сиқырлы портал» атаймын. Ол шынымен – сиқырлы. Қараңызшы, сол студияда айтылатын ақпарат, хабар - сол мезетте мыңдаған, миллиондаған ел тұрғындарының құлағына жетеді, - дейді Ләззат Ноғайбай.

 

Қазақ радиосы халықты сағат сайын соңғы жаңалықтармен құлақдар етіп отырады. Бүгінде ол республиканың 90 пайыз аумағына эфир таратады және күнделікті 24 сағат әуе толқынына шығады.

 

– Қазақ радиосында қызмет істеп, мен тек елдегі және әлемдегі ақпараттарды тыңдарманға тікелей эфирде жеткізіп қана қоймай, сонымен қатар Халықаралық Экспо көрмесі, Астаналық процесс аясында Сирия бойынша кезекті кездесулер, Аstаnа Hub Халықаралық IT-стартаптар технопаркі сынды шаралардың, жалпы елде ұйымдастырылған   жоғары деңгейдегі ресми шараларға қатысып, куәгері болдым. Сондай шаралар кезінде тікелей қосылым жасап жедел ақпарат таратып отырдым. Қазақ радиосында қызмет етіп, алғаш рет жоғары, жаһандық деңгейдегі маңызды шешімдер қабылданатын нысан - Президенттің резиденциясы «Ақорда» мен оның залдарын көрдім. Бұрын мен үшін Ақордаға кіріп, оның терезесінен қалаға қарап тұру – арман еді.   

 

Бүгінде радионың тыңдарманнан бөлек, көрермені де бар.

 

– Қазір біздің радионың техникалық мүмкіндігі тіпті кеңейді. Яғни ел тұрғындары Ұлттың үнжариясы Қазақ радиосын тыңдап қана қоймай көре де алады. Студияда арнайы бейнекамералар орнатылған. YouTube арна арқылы, fаcebook әлеуметтік желісі арқылы тыңдарман тікелей эфирде студияда болып жатқан жағдайды, картинаны көре алады. Айтарым, адам өмірінің көп бөлігін (зейнет жасына дейін) жұмыста өткізеді екен. Сондықтан ертең жүйкесі сыр бермес үшін сол таңдаған жұмысын махаббатпен, зор қызығушылықпен істеу керек.

Қазақ радиосына  –   100 жыл

 

Мұнда алғаш келген уақытта Ләззат Ноғайбай аға-буын өкілдеріне қарап, бой түзеп, кәсіби тұрғыда шыңдалу үшін аянған жоқ.

 

– Қызмет барысында, жұмыс нәтижелі болуы үшін ортаның, ұжымның алар орны ерекше.     Осы тұста әр дайым бізді қолдап, кеңесін, ақылын аямайтын, жұмыс барысында тәжірибелерімен бөліскен   Әбдірәлі Бөлебай, Қошан Мұстафаұлы, Қымбат Досжан, Амангелді Құрметұлы, Базаргүл Үмбетова, Қанат Тұрар, Жанат Жанұзақ, Гулия Садвакасова, Гүлбану Алпамысқызы сынды   аға буын өкілдерін атап өткім келеді.    Біздің, жаңалықтар қызметінің әріптестерін де мақтап кеткім келеді. Гүлім Ғабитқызы, Ольга Николаева, Арман Джанеев, Жанболат Шәкім – олар     қарапайым, қызметін жоғары жауапкершілікпен орындайтын, еңбекқор әрі айналасындағы жандарға құрметпен қарайтын жандар. Мұндай кәсіби мамандар мен жақсы адамдармен жұмыс істеу оңай әрі    жұмыс та өнімді болады.  

Қазақ радиосына  –   100 жыл

 

Қала мен қала арасын жалғайтын үлкен жолдарда қазақ радиосының үні үзлімейді. Тыңдармандарымен тәуліктің 24 сағатында бірге тілдеседі, соңғы хабарлармен бөліседі және бірлесе ән шырқайды.

 

– Әрине, оңайлықпен ештеңе келмейді. Сапалы жұмыс - ерекше   тәсілдерді талап етеді. Сондықтан журналист үнемі даму үстінде болу керек. Жаңалықтар қызметінде істейтін адам жедел   жаңалықты жазып, өңдеп қана қоймай оған анализ жасай білу керек.   Заманауи журналистің - цифрлық әлемнің қыр-сырын, жаңа ақпараттық техногиялардың тілін, шетел тілін меңгергені абзал. Ақпаратты таратуда, алуда түрлі әлеуметтік желілерді пайдалана біліп, тікелей аудиториясына қызықты ақпараттар, сюжеттер, хабарлар ұсына білу керек. Осы тұста айта кеткім келеді, пандемия кезінде уақытты тиімді пайдаланып zoom платформасы арқылы республикадағы Түркі тілдес журналистер Қоры ұйымдастырған «БАҚ және әлеуметтік журналистика» вебинарлар сериясына қатыстым. Онда   5 ай бойы шетелдік және отандық мамандар қазақстандық журналистерге саланың барлық бағыттары бойынша дәріс оқыды, тәжірибелерімен бөлісіп, халықаралық журналистика стандарттарын түсіндірді. Пандемия кезінде біз де барлық заманауи ресурстарды пайдаланып, қауіпсіздікті сақтап сұхбатты онлайн алып, жағдайға сай бейімделіп, үйренгендерімізді жұмыс барысында пайдаландық.

 

Арада көптеген жыл өтсе де, радио өз құндылығын жоғалтпайды. Себебі ол – жұрттың дауысы. Келешекте де ұлттық құндылықтарымызды көпшілік арасында кеңінен насихаттай береді.

 

– Биыл 100 жылдығын атап өтетін қара шаңырақ Қазақ радиосы - хабар жеткізуде өзінің қазақилығымен ерекшеленетін ақпарат құралы. Өзге ақпарат ресурстарынан біздің ұтар тұсымыз да осы шығар. Алаш жұртының   ырыс-несібесі арта берсін. Ел іргесі бүтін, аузы дуалы ақсақалдардың, қалың бұқараның тілегі қабыл болсын. Ұлттың мүддесі ешқашан назардан тыс қалмасын деген тілегімді білдіремін, - деп сөзін қорытындылады Ләззат Ноғайбай.

 

 

 

Қазақ радиосының 100 жылдығына тарту

 

Жақында елордадағы Есілдің сол жағалауындағы көшелердің біріне «Қазақ радиосының» атауы берілді. Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің шешімімен шаһардағы көшелердің біріне Қазақстанның Халық әртісі, белгілі диктор Әнуарбек Байжанбаевтың есімі берілген болатын.

Қазақ радиосына  –   100 жыл

 

Осы қазақ радиосында әр жылдары қызмет еткен Әміре Қашаубаев, Ахмет Жұбанов, Шәмші Қалдаяқов, Әнуарбек Байжанбаев, Мұқағали Мақатаев, сынды және т.б. біртуар тұлғалардың дауыстары радионың «Алтын қорында» сақталған. Мұнда 1948 жылдан бері жинақталған 100 мыңнан астам фонограмма бар. Олардың 300-ге жуығы ноталық қолжазбалар екен.

 

Былтыр көктемде күллі әлемге таралған «Covid-19» жұқпалы індетіне байланысты барлық ақпарат құралдарының қызметіне бірқатар өзгерістер енгізілген еді. Солардың ішінде Қазақ радиосының шығармашылық ұжымы да бар.

Қазақ радиосына  –   100 жыл

 

– Еліміздегі карантин жағдайында радио жаңаша жұмыс істеу форматына ауысты. Өзге медиаұжымдар сынды біз де қашықтан эфирге шығуды сынақтан өткіздік. Нәтижесінде осы тәсілмен жұмыс істеуге болатындығына көз жеткіздік. Яғни жаңалықтар редакциясындағы қызметкерлер қашықтан телефон арқылы эфирге шығып, хабарлар таратты. Осы күнге дейін халыққа жұқпалы індетке қарсы сақтық шаралары бойынша маңызды жаңалықтармен ақпараттандырып, түрлі сала дәрігерлері мен вирусолог мамандардың пайдалы кеңестері мен түсіндіру жұмыстарын радио эфирден үздіксіз беріп отырмыз, - дейді «Қазақ радиолары» ЖШС бас редакторы – «Қазақ радиосы» радиоарнасының директоры Дулат Абибуллаев.

(Кей суреттер сұхбат берушілердің жеке мұрағатынан және ашық ғаламтор көзінен алынды)

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға