Жаңалықтар

Қазақ қызы Парижде өткен конференцияда әлем ғалымдарын таңғалдырды

Қазақ қызы Парижде өткен конференцияда әлем ғалымдарын таңғалдырды
Фото: NU 10.02.2025 10:17 482

Nazarbayev University (NU) Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің (SSH) 4-курс студенті Елігай Сегізбай былтырғы желтоқсанда Парижде өткен ғылым мен технологиялар саласындағы зерттеу жұмыстары мен инновациялар жөніндегі «SNAIA – CRISTMAS 2024» конференциясына қатысты. Оның «Modelling and Numerical Simulations for 1D magMEMS Oscillators» тақырыбына арналған баяндамасы форум қатысушыларның назарын аударып, ғылыми мансабындағы маңызды қадамға айналды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл жобамен студент үшінші курс кезінде NU SSH қауымдастырылған профессоры Петр Себастьян Скшипачтың (Piotr Sebastian Skrzypacz) жетекшілігімен айналыса бастаған. Конференцияға қатысқаны үшін Елігай сертификатпен марапатталып, сондай-ақ арнайы ғылыми журналда мақаласын жариялауға ерекше мүмкіндік алды. Оның жобасы әрі қарай нақты деректер көрсететін осциллятор (тербеліс жасайтын жүйе) жасау үшін магниттер арасындағы күшті анықтауға арналған. Қазіргі кезде студент профессор Скшипачпен InSTEMM Journal Special Issue журналында жариялау үшін ғылыми материал әзірлеп жатыр, оны ақпан айында ұсынбақ ойы бар.

Ғылыми жетістіктерден бөлек, конференцияға қатысқанының арқасында Елігай халықаралық ғылыми қоғамдастыққа қосылып, әлемнің жетекші ғылымдары және профессорларымен танысуға мүмкіндік алды.

Қазіргі кезде мен математика мамандығы бойынша бакалавриаттың соңғы курсындамын. Осы төрт жыл ішінде мен өзімді іздедім. Алғашқы екі жыл Қазақстанның Даму Банкі,  Ernst & Young және British Council мекемелерінде тағылымдамадан өттім. Ал үшінші курсымды ғылыми ізденіске арнаймын деп, ғылыми ассистент ретінде жұмыс істей бастадым. Бұл мен үшін шешуші қадам болды, дәл сол кезде академия саласында өсіп-өнгім келетінін түсіндім. Болашақта әрі қарай оқуымды жалғастырып, қолданбалы математика мамандығы бойынша докторантураға түскім келеді. Менің мақсатым – ғылым саласында мансап құру, — дейді ол болашақ жоспарлары туралы.

Парижде өткен STEMM Global және SNAIA ұйымдастырған SNAIA – CRISTMAS 2024 конференциясы түрлі ғылым салаларындағы жетекші мамандарды жинады. Іс-шарада талқыланған тақырыптардың қатарында фотоника, оптоэлектроника, химия, биология, медицина, инженерия, кванттық есептеу және жасанды интеллект болды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға