Жаңалықтар

Қазақ поэзиясын сүйіп оқитын орыс қызы

Қазақ поэзиясын сүйіп оқитын орыс қызы
Фото: El.kz 28.04.2023 13:15 1068

21 жастағы Наталья Григорьева кішкентайынан қазақ поэзиясын сүйіп өскенін айтады. Қазақтың төл мәдениетіне сусындап өскен ол қазақ тілін үйреткен қазақ достарына алғысын білдірді. Түркістан жоғары көпсалалық колледжінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша білім алған ол қазір Түркістан қаласындағы Некрасов атындағы №9 гимназияда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді.

- Ұлтыңыз орыс болса да қазақ тіліне судай екенсіз. Осы ретте қазақ тілін қалай үйрендіңіз? Қазақ достарыңыз бар ма? Жалпы қазақ ұлтына деген көзқарасыңыз қандай?

- Мен қазақ жерінде дүниеге келгеніме шүкір етемін. Қазақ тілін білетініме. Қазақ достарым өте көп. Оларға алғыс айтамын! Өйткені олардың арқасында мен қазақ тілін білемін. Қазақ мәдениетін білемін. Қазақ поэзиясын сүйемін. Өзім қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімін. Осы мамандықты таңдаудағы басты мақсатым – мемлекеттік тілдің аясын кеңейту жолында қызмет ету. Өзге ұлттардың қазақ тілін құрметтеуіне ықпал еткім келеді.

- Қазақ жігітке тұрмысқа шығар ме едіңіз?

- Қазақ жігітке тұрмысқа шыққым келеді. Бірақ ұлтқа бөлмеймін. Түркістан облысынде қаншама ұлттар бар. Қазақ, орыс, өзбек, грек бәріміз бір үйдің баласындаймыз. Бәріміз бір ұлт сияқты өмір сүріп жатырмыз.

- Поэзияны жақсы көремін деп айттыңыз ғой. Қазақтың қандай ақындарын сүйіп оқисыз?

- Қазақ ақындарының ішінен Абай Құнанбаевты, Мұқағали Мақатаевтың, Мұхтар Шаханов өлеңдерін сүйіп оқимын. Сосын замандастарым Торғайлық ақын Саят Әбеновтің, Кентаулық ақын Рақым Балабиевтің өлеңдерін ерекше жақсы көріп, жатқа айтып жүремін.

- Қазақ жазушыларын оқисыз ба?

- Иә, қазақ жазушыларын оқимын.

- Жазушылардан кімдерді оқисыз?

- Мұхтар Әуезовтің шығармаларын жақсы көремін.

- Бірақ жаныңызға қазақ поэзиясы жақынырық сияқты.

- Иә, қазақ поэзиясы жақынырақ. Кішкентай кезімнен мәнерлеп өлең оқу байқауларына көп қатыстым.

- Ассамблея сессиясына делегат ретінде қатысқан екенсіз. Ассамблея дегенде бірден ойыңызға не келеді?

- Ассамблея дегенде жылулықты сезінеміз. Себебі біз көпұлтты мемлекетпіз. Мұндай жұмысты атқармаса, ұлттар бір-бірімен тату-тәтті болмаса, қазіргідей мамыражай тіршілік етіп жатқан Отанымыз болмас еді. Татулық – Ассамблеяның қалаған кірпіші.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға