Жаңалықтар

Қазақ мультфильмінің қарымы қалай?

Отандық анимация туындыларының жетістігі
Қазақ мультфильмінің қарымы қалай?
Фото: © El.kz 25.01.2021 12:20 8385

 

Қазақ мультфильмі дегенде көз алдымызға әуелі «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» деген туындының келетіні сөзсіз. Біздегі анимациялық киноның тарихы дәл осы мультфильмнен бастау алды. Халық ертегісінің желісі бойынша түсірілген бұл мультфильм 1967 жылы көпшілік назарына ұсынылды. Қазақфильм киностудиясында әзірленген туындының авторы қазақ мультипликация өнерінің негізін қалаушы – Әмен Қайдаров. Оның қолынан шыққан «қарлығаш» 1968 жылы Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қаласында өткен ІІІ Бүкілодақтық кинофестивальде ІІІ жүлдені иеленсе, 1975 жылы халықаралық Нью-Йорк мультфильмдер фестивалінде «Кола Праксиноскоп» жүлдесін жеңіп алды.

 

Әрине, қазақ мультфильмінің атасына айналған «Қарлығаштың құйрығы неге айырдан?» басқа бірнеше туындыларымыз бар. Сол Әмен Әбжанұлының өзі де «Ақсақ құлан», «Құйыршық», «Қожанасыр құрылысшы», «Жанар», Қырық өтірік» секілді бірнеше туындыларды өмірге әкелді. Тәуелсіз Қазақстан тұсында да қазақ мультипикациясы азды-кемді дүниелер жасап, халықаралық байқауларда жүлдеге ие болып жүр. Бастысы жүлде емес, қазақ анимациясының дамуы, әлемдік деңгейге қосылуы екені тағы бар. Соңғы жылдары отандық аниматорлар көпшілікке «Қошқар мен теке», «Мұзбалақ», «Қазақ елі» сияқты туындыларды ұсынды.

 

«Қошқар мен теке» мультфильмін оңтүстік қазақстандық «САҚ» киностудиясы түсірген. Ол 2015 жылы Қытайдың Хонжу қаласында өткен дүбірлі анимациялық фильмдер фестивалінен «Отансүйгіштікке тәрбиелеу» және «Ұлттық ерекшелік» деген екі бірдей номинацияны жеңіп алды. Бұл фестивальге 45 елден 800-ден аса студия қатысқанын айта кеткен жөн.

 

Ал «Қазақ елі» толықметражды мультфильмі 90 мемлекет бақ сынаған Каир қаласында өткен оныншы халықаралық анимациялық фильмдер форумында «Ең үздік толықметражды фильм» жүлдесіне ие болды. Осы жеңіс қазақ анимациясы өнерінің бір орында тұрып қалмай, дамып келе жатқанының нақ белгісі болғандай.

 

Сақ дәуіріндегі қазбалардан табылған қанатты барыс бейнесін негізге алып жасалған «Қанатты барыс туралы аңыз» толықметражды анимациялық фильмі 2012 жылы жарыққа шықты. Мультфильмнің ең басты мақсаты - қазақ баласы еліктейтін батырдың кейпін жасау. Елбасымыз бейнесін мемлекетіміздің символына айналдырған барыс та сюжет желісінің басты кейіпкері. Мұнда Сауран батыр мен қанатты барыстың басынан кешкендері туралы айтылады. Айтпақшы, туындыны жарыққа шығару үшін аниматорлар бес жыл тер төгіпті.

 

Қазақ мультипликациясын өзінің сапалы түсірілімімен, оқиға желісінің күрделілігімен толықтырған туындының бірі – «Мұзбалақ». Бұл анимациялық фильм саятшылық өнері, адам мен бүркіт арасындағы достықты бейнелейді. Мультфильмнің «Мұзбалақ» деп аталуының өзіндік мәні бар. Бүркіттің 5 жасқа толып қанатын кеңінен жая ұшып, мұзды тебер, өткір көзді болған шағында халық оны Мұзбалақ деп атайды. Мұнда адам мен бүркіттің арасындағы достық, сенімділік, адалдық және ерлік секілді қасиеттер көрініс табады. Анимациялық фильмнің ұзақтығы 67 минут. Режиссерлар (Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазы) бүркіттің жан-дүниесін көрерменге саундтрек арқылы жеткізуге тырысқан. Мультфильм Израильде өткен Near Nazareth Festival кинофестивалінде «Үздік анимациялық фильм»» жүлдесін жеңіп алды. Сол сияқты Ресейдің Ярославль қаласында өткен «В кругу семьи» атты фестивальге қатысып, «Қазылар алқасының үздік таңдауы» жүлдесімен марапатталған. «Мұзбалақтың» жеткен жетістігі онымен тоқтамай, Германияда өткен «Schlingel» халықаралық фестивалінде «Ең үздік анимациялық фильм» жүлдесіне ие болды. Және Францияда өткен әлемдік «Annecy» анимациялық фестивалінің кино нарығына қатысып, шет елдің біраз кино инверсторларын қызықтырып қойды.

 

Қазіргі анимациялық фильмдер 2D және 3D деп бөлінетінін ескерсек, «Мұзбалақ» анимациялық туындысы 2D-ға жатады. Бірақ, ара-тұра 3D технологиясы да қолданылыпты. Режиссер Тұрдыбек Майдан анимацияға қатысты тоғыз бағдарламаның барлығын осы туындыда сыннан өткізгенін айтады.

 

- 2010 жылдан бері қазақ анимациясы сұранысқа ие болып келеді. Анимациялық фильмді жасаушылар қатары да көбейді. Тек саны емес, жасалатын фильмнің сапасына да мән берілуде. Оған қоса, шетелден қазақ мультфильмдеріне сұраныс артып жатыр. Сенің ойымша, қазақ анимациялық туындылары шетелге сатылатын деңгейге жетті. Мақтанғанымыз емес, «Мұзбалақ» фильмі де қазірде сұранысқа ие болып отыр. Үндістан, Иран, Беларусь сияқты елдерден біздің төл туындыны сатып алуға ұсыныстар түсті. «Balapan» телеарнасында жасалған қазақ мультсериалдары мұхит асып, АҚШ-қа сатылғандығын естідік,- дейді режиссер.

 

Тұрдыбек Майдан «ел боламын десең, экраныңды түзе» деген сөзді ескеріп, қазақ анимациясын одан әрі де дамыта беруді көздейді. Ол қазақ ертегісі мен салт-дәстүріне сусындап өспеген бала, қазақ киносын да көрмейді деген пікірді алға тартады.

 

Арада өткен жарты ғасырмен салыстыра қарасақ қазақ анимациясы білікті мамандармен толықты. Болашақ ұрпаққа мағыналы, тәрбиелік мәні зор әрі қазақтың түп тарихы мен болмысын, салт-дәстүрді нақ көрсететін туындылармен толығу үшін қаржылай қолдау керектігі тағы бар.

 

- Қазақ мультфильмі ерекше туындыларды ұсынып, балалар болашағына үлесін тигізу үшін қаржы мәслесесі толықтай шешілсе деген ниетіміз бар. Сол сияқты анимациялық фильмдер түсіріліп, көпшілікке жол тартуынан бөлек, ақшалай да пайда әкелуі керек. Яғни, жұмсалған шығын орнына келетіндей дүниелер керек. Жалпы, мемлекетіміз пайдасы бар анимациялық туындыға қаржылай қолдау көрсетуге толықтай дайын отыр, - дейді анимация режиссері Әбдіқадыр Сабыр.

 

Мультфильмді өмірге әкелу, оны балалардың санасы қабылдайтындай түсіру оңай шаруа емес екені тағы бар. Ертегінің бәрі анимациялық туындыға айнала салмайды. Себебі, ондағы шиеленіскен оқиғалар бүлдіршіннің санасына сіңеді деу қиын. Осы орайда, «Оңтүстік-фильм» киностудиясының директоры, аниматор Батырхан Дәуренбеков заманауи сюжеттерге жүгіну арқылы мультфильмге сұранысты арттыруға болатынын айтады.

 

– Мәселен, «Толағайды» поэмада жазылған күйі түсірсек, баланың қабылдауына қиындау болар еді. Сондықтан, оған біршама көңілді, заманауи сюжеттер қостық. Мысалы, «ерте, ерте, ертеде...» деп басталатын жырды сонау қырдың басында қария жырлап отырады. Экран артқа қарай жылжыған кезде төрт таяқтан теледидардың экранын жасап қойған көріністі көресіз. Экранды тағы артқа жылжытқанда домбырамен жыр айтып отырған атадан, бергі жақта бір топ балалар қолдарына бадырақ ұстап, кино-театрдан көріп отырған секілді сюжеттен бастадық. Бірақ негізгі айтар ойы, мағынасының бәрі сақталады. Егер бұлай түрлендірмесек балалар көрмейтіндей, іш пыстыратын мультфильм шығуы мүмкін еді. Себебі, қазіргі балаларды қызықтырудың өзі қиын шаруа, онша-мұншаға елең ете бермейді. Кеңес дәуіріндегі балдырғандармен салыстырғанда олардың психологиясы қатты өзгеріп кеткен. «Елу жылда ел жаңа» демей ме?! Сол себепті заманауи элементтерді қосу арқылы, балалардың ұлттық мультфильмерді көріп өсуіне жол аша аламыз,- дейді.

 

Біз өз кезегімізде, қазақ мультфильмінің әлі де соны туындыларды, сапалы дүниелерді өмірге әкелетініне сенеміз.

Дина Рысқалиева 

Тексерген: Мөлдір Дарханбаева

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға