Жаңалықтар

Қазақ латын негізді әліпбиге қашан көшеді?

Қазақ латын негізді әліпбиге қашан көшеді?
Фото: edunews.kz 20.02.2023 09:20 2379

 Халқымыздың болашағы үшін әліпби сынды қоғамды толғандырған маңызды мәселеге қатысты жастардың ойын білмек болып шолу жасап едік. Жастардың пікірі әр түрлі болып шықты.

Олардың бір тобы бұл процестің жүзеге асқанын құптап, тезірек бекітілуін асыға күтуде.

Медет Ақтанберді (сыртқы жарнама қызметкері): Осы латынға көшу мәселесі бір жағына тезірек шықса дұрыс болар еді. Себебі бізге түрлі клиенттер келеді. Көшеге жарнама жасатуға тапсырыс беру үшін. Сондағы сұрайтыны қазақ тілін қай әліпбиде жазсақ дұрыс болады деп сұрайды. Шыны керек, не айтарымызды білмей қаламыз. Себеп әлі күнге бекітілген бір нұсқа жоқ. Өздеріңіз де көрген боларсыздар, осыдан ек-үш жыл бұрын латынша жазу «модаға» айналып кетіп еді ғой. Бірақ әркім әртүрлі нұсқада жазған соң, қазір оның қадірі кете бастады...

Динара Боранбай (студент, болашақ баспагер): Латынға көшудің ең басты мақсаты - қазақ тілін реформалау. Меніңше, латын әліпбиіне көшсек, орысша контентті тұтыну азаятын сияқты. Орыс тілін үйренуге тырысудың өзі азаюы мүмкін. «Орыстардан алшақтап, қайта бауырлас түркі елдерімен қарым-қатынас нығая түседі» деген пікірді естіп едім…

Нұрханым Ерболатқызы (студент): Қазір біраз жастар әдемілікті ұнататыны рас. Ал латын әліпбиі сол бір көркемділікті, эстетиканы беретіндей. Осы себепті жастардың басым көпшілігі латын негізді қазақ әліпбиін қолдайды деп ойлаймын.

Ақбота Қыдырбек (студент, жас дизайнер): Көп адамдар латын әліпбиіне көшуге қарсы болып жатыр, бұндағы көп қиындықтар болады, көп нарсені өзгерту керек деген ой. Неге біз олай ойлаймыз? Өйткені зона комфортадан шыққымыз келмейді. Егер біз ондай жерлерден шықпасақ, жаңа жаққа өзгере қоймасымыз хақ.

Саягүл Молдағали (студент, болашақ дәрігер): Әліпбиімізді тезірек латын негізге көшіргеніміз жөн. Себебі ғаламдық дамудан қалмауымыз қажет. Әлемдегі ғылымның барлығы дерлік латын әліпбимен жазылуда. Мысалы біз болашақ медик болғандықтан білеміз, медицинадағы терминдердің барлығы сол әліпбимен. Осы уақытқа дейін түрлі нұсқалар жасалды, ғалымдар соңғы нұсқасын бекітеді деп сенемін. Егер осылай созып жүретін болсақ, бұл «ауру» халқымызға өте ауыр зардабын тигізетін болады деп ойлаймын.

Тұрсын Шыңғыс (мемлекеттік қызметкер): Өз халқымның патриоты ретінде латын графикасына тезірек көшуді жақтаймын. Себебі қазір әлем тез дамуда, бұрын айлап-жылдап дамыса, қазір сағат сайын, күн сайын түрлі өзгерістер жүріп жатыр. Түрлі компьютерлік бағдарламалар бар, солардың көмегімен осы уақытқа дейін жазылған дүниелерді келер ұрпақ бір мезетте оқи алатын болады. Сондықтан кириллицамен жазылған мол мұрамызды жоғалтып аламыз деп қорқуға болмайды деп сендіремін. Біз басқа түркі елдеріне қарағанда бұл науқанды тез әрі сапалы жүзеге асырамыз деп ойлаймын. Себебі біздің халық алғыр, тез бейімделгіш, ақылды халық.

Екінші бір топ, осы науқанның қазір қажеті бар ма, ол көп шығынды талап етеді, кейін геосаяси жағдай жақсарғанда бірақ жүзеге асырсақ қайтеді деген пікірде.

Нұрила Елеусізқызы (студент, жас баспагер): Латын негізді қазақ әліпбиіне бірізділік керек деген ойдамын. Себебі желілерде түрлі нұсқалары өріп жүр. Түркі тілдес ұлттар бір латын әріпін қолданады. Егер латын әріпі толық қолданысқа берілсе, мемлекетаралық өркендеу, танылу болар еді. Әзірге толық нұсқасы жасалып бекітілгенше, асықпай, еліміздің қаржылық жағдайы жақсы деңгейге жеткенше, кириллицаны қолдана тұру жөн деп ойлаймын.

Бекзат Шәкенова (студент, болашақ дизайнер): Жас буын өкілі ретінде менің ойым: қазіргі уақытта латын негізді қазақ әліпбиіне көшу біршама қиындықтар тудыруы мүмкін, әлі күнге дейін латын қаріпіне көшу нақты қабылданбады. Себебі лингвистикалық, экономикалық, қоғамдық тұрғыда керағарлықтар бар.

Жанерке Сатыбалды (студент, жас журналист): Менің ойымша, латын әліпбиіне көшу бізге (жастарға) қиынырақ болады. Біздің тұлғалық ойлауымыз бен қабылдауымыз үйреншікті қазақ әліпбиінде, одан ары аса алмайды. Ал латын әліпбиін толық үйренуге аз уақыт кетпейтіні сөзсіз. Бірыңғай латын әліпбиіне көшер болсақ, бастауыш сыныптағы «Әліппеден» бастап, барлық кітаптарды ауыстыруға тура келеді. Ол үлкен шығын.

Ал үшінші топтағылар әліпбиімізді латын негізге ауыстыруды мүлдем дұрыс емес деп санайды екен.

Әсет Саматұлы (студент, болашақ баспа ісінің маманы): Латын негізді әліпбиді орнату барлығына үлкен таңданыс туғызды. Жастарымыздың көзінше айтсам, бұл жүйеге моральдық түрде, практикалық түрде әлі дайын емес секілдіміз. Жастардың жыл санап ойлау деңгейі әр түрлі дамып жатқандықтан, мұндай ел ауқымындағы өзгеріс біраз дамуымызды тежейтіндей көрінеді. Себебі төл тарихымыз, әдебиетіміз, мәдениетіміз көп жылдар бойы кириллицамен бой көтергендіктен, оны қайта латынға көшіру босқа шығындалу деп пайымдаймын.

Алуа Әнуарбек (жас журналист): Латын әліпбиі әдемілікті, эстетиканы бейнелейтіні рас. Дегенменде кириллицаның өзінде де сауатсыз жазатындар көп, латын әліпбиі болса тіптен сауатсыздық одан ары белең алады. Осы үйренген бойынша жүре берген дұрыс деп ойлаймын. Мәселе, әліпбиде емес өз туған қазақ тілімізде...

Жалпы әліпби ауыстыру туралы ұсыныс тәуелсіздік алғалы бері көтеріліп келе жатыр. Ал бұл мәселеде мемлекеттік деңгейде тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаев 2017 жылы 26 қазанда «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлыққа қол қойып, тарихи шешім қабылдаған болатын. Кейін әліпбидің бірнеше нұсқасы жасалды, алғашқы нұсқасы қабылданғанымен ол қоғам тарапынан үлкен резонанс тудырды.

Содан 2021 жылы 21 сәуірде Қазақстан Республикасының қазіргі Президенті Қ.К. Тоқаев бұл мемлекеттік маңызы бар мәселеде асығыстыққа жол бермеуіміз керек деп, «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшірудің кейбір мәселелері туралы» Жарлық шығарып, оны қоғам талқысына салып, соңғы әрі халыққа нақты тиімді нұсқаны дайындауды тіл саласындағы ғалымдарға тапсырған еді.

Нәтижесінде, биыл 28 қаңтарда А. Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының лингвист-ғалымдары қазақ тілін латын негізді әліпбиге көшіру жөніндегі негізгі жұмыстарды аяқтағандарын және әліпбидің соңғы нұсқасы дайын болғанын айтты. Алдағы күндері бұл толғаулы мәселеде нақты бір шешім қабылданады деп күтеміз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға