Жаңалықтар

Қазақ-кипрлық ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды

Қазақ-кипрлық ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды
Фото: Сыртқы істер министрлігі 25.03.2024 23:00 801

Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Астанаға ресми сапармен келген Кипр Республикасының Сыртқы істер министрі Константинос Комбосты қабылдады. Кездесу барысында тараптар өзара қызығушылық тудыратын мәселелердің кең ауқымы бойынша қазақ-кипрлық ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен перспективаларын талқылады, деп хабарлайды Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

Министрлер халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша көпжақты құрылымдар шеңберіндегі тығыз өзара іс-қимылға және екі мемлекеттің халықаралық бастамаларын ілгерілету кезінде өзара қолдау көрсетуге бейілділігін растады.

Мұрат Нұртілеу Қазақстан Кипрмен екіжақты қарым-қатынасқа үлкен мән беретінін және Никосияны Оңтүстік Еуропадағы маңызды серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті.

Соңғы үш онжылдықта елдеріміз арасында барлық деңгейлерде ашық саяси диалог орнады, белсенді сауда және инвестициялық ынтымақтастық, сондай-ақ БҰҰ сияқты халықаралық ұйымдар шеңберінде жемісті өзара іс-қимыл жолға қойылды. Өзара құрмет пен сенімге негізделген Қазақстан мен Кипр арасындағы берік және тығыз достық біздің сыртқы саясатымызда ерекше орын алады, – деді Қазақстан Сыртқы істер министрі. 

Кездесуде Константинос Комбос екіжақты қарым-қатынастардың даму динамикасына оң баға беріп, Қазақстан Орталық Азиядағы Кипрдің маңызды серіктесі екеніне сендірді. Осыған байланысты министр Никосияда биыл Астанадағы Кипр Республикасының Елшілігін ашу туралы қабылданған шешім туралы хабарлады.

Біз қарым-қатынасымыздың жаңа дәуірін ашудамыз, – деп атап өтті Кипрдің Сыртқы істер министрі.

Тараптар сауда, туризм, ауыл шаруашылығы және энергетика салаларындағы ынтымақтастықты дамыту үшін елеулі әлеуетті атап өтті.

Келіссөздер қорытындысы бойынша СІМ-де Қазақстан Республикасы мен Кипр Республикасының авиациялық органдары арасындағы әуе қатынасы туралы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Ресми сапар барысында Кипр СІМ басшысы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болды. ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевпен және ҚР Бас прокуроры Берік Асыловпен кездесулері жоспарланған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға