Жаңалықтар

Қазақ халқының ұлттық киімдерінің атауын білеміз бе?

Қазақ халқының ұлттық киімдерінің атауын білеміз бе?
Фото: коллаж El.kz 25.09.2024 14:00 1489

Қазақ халқының ұлттық киімдері – халқымыздың байырғы тұрмыс-салты мен рухани әлемінің айнасы, ұлттық бірегейліктің негізгі көрінісі. Киімдер табиғи жағдайларға және халықтың мәдениетіне сай дамыды. Қазақ киімдері тек қорғаныс немесе қажеттілік үшін ғана емес, сонымен қатар адамның әлеуметтік мәртебесін, тұрмыс деңгейін, ұлтының ерекшелігін көрсететін маңызды белгі болып саналады.

Бүгінгі мақаламызда ертеректе қазақ халқының киген киімінің, бас киім мен аяқ киімінің қандай ерекшеліктері бар екенін қарастырамыз.  El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі оқырмандар үшін қазақтың ұлттық киімдерінің қатарын тізіп шықты.

Пайда болу тарихы

Қазақтың ұлттық киімдерінің пайда болуы және дамуы көшпелі өмір салтымен тығыз байланысты. Ерте заманнан бері қазақтар табиғаттың заңына сәйкес өмір сүрді. Сондықтан ұлттық киімдер ең алдымен табиғаттың түрлі жағдайларында – қыстың қақаған аязынан, жаздың аптап ыстығынан және көктем мен күздегі қатты желден қорғауға арналған. Киімдердің көпшілігі мал шаруашылығының өнімдерінен жасалды, бұл көшпелі өмір салтының ерекшелігін көрсетеді. Қойдың жүні мен терісі, түйенің жүні, малдың былғарысы және аң терілері киім тігуде басты материал ретінде қолданылды.

Қазақ киімдерінің ерекшеліктері:

  1. Климаттық бейімделу. Киімдердің ең негізгі мақсаты адамның денесін табиғи жағдайлардан қорғау болды. Аязды қысқа арналған қалың тондар, ыстық жазға арналған жеңіл жейделер киімдердің түрлерін айқындап, әртүрлі климаттық аймақтарда қолдануға мүмкіндік берді.
  2. Наным-сенім. Киім тек жылу беріп қана қоймай, сонымен бірге адамды қара күштен қорғайтын зат ретінде де қолданылды. Мысалы, аң терісінен тігілген бас киімдер мен ішіктер адамды суықтан ғана емес, жын-шайтаннан және жамандықтан қорғайды деген наным-сенім болған.
  3. Әлеуметтік мәртебе. Киімнің түрі мен сапасы адамның әлеуметтік мәртебесін, байлығын, руын және жынысын көрсететін болды. Байлардың киімдері қымбат маталардан тігіліп, алтын-күміс жіптермен кестеленсе, қарапайым халықтың киімдері қой жүні мен қарапайым матадан жасалды.

Қазақтың ұлттық киімдері ішкі киімдер, сыртқы киімдер, сулық киімдер, ерлердің бас киімі, әйелдердің бас киімі, аяқ киімдер деп бөлінген.

Ішкі киімдер

Көйлек – әйелдерге арналған киімнің негізгі түрі. Қыздар мен әйелдер көйлегі бүрмелі, тік етек, қос етек, үш етек және көп қатарлы деп бірнеше түрге бөлінеді.

Қос етек көйлек – бір етектің үстіне қосымша қатпар тігіледі. Көп етек көйлек – екі немесе үш етектен тұрып, кең әрі сәнді көрінеді. Тік етек көйлек – қарт әжелердің таңдауындағы қарапайым және ыңғайлы киім. Бүрмелі көйлек – орта жастағы әйелдер арасында танымал, жеңдерінде де қатпарлар болады. Етегі үш қатпарлы немесе көп қатарлы көйлек – жаңа түскен келіншектер мен бойжеткен қыздарға арналған. Етегінің қатпарына сай, жеңдерінде де қатпарлар түседі. Көйлектер тана, шытырма, жармалармен сәнделеді. Олар матасының түріне және киілетін мақсатына (күнделікті, мерекелік) байланысты әр түрлі болып бөлінеді.

Дамбал – белуардан төмен киетін ішкиім, қазақ дәстүрінде кеңінен қолданылған. Дамбалдың ұзындығы 90 см, бел ұзындығы 40 см, балақ ені 22 см, ау ұзындығы 50 см. Балақтарының арасына көлемі бірдей екі үлкен үшкіл қиық салынады, бұл қиықтар аудың шалғайын құрайды. Ышқырында жіп өткізілген.

Дәстүрлі қоғамда дамбалдың кіндіктен төмен киілуі түрлі наным-сенімдермен байланысты. Оны өсіп-өнудің, көбеюдің нышаны ретінде қабылдаған.

Желетке – жеңсіз, белдемше немесе шалбар үстінен киілетін киім. Әдетте, желетке теріден, жүннен немесе матадан жасалады. Бұл киім әйелдер мен ерлер үшін де қолданылады. Ерлер желеткесі көбінесе кеудеше немесе шапан сияқты элементтермен біріктіріледі, ал әйелдер желеткені көбінесе көйлектермен немесе белдемшелермен үйлестіреді. Желетке ұлттық киімнің сәнді бөлшегі болып табылады, жиі ою-өрнектермен безендіріліп, мерекелік іс-шараларда киіледі.

Кәзекей – әйелдердің жеңіл әрі жұқа киімі, кең жағалы, жеңсіз және етегі мен жағасы тастармен, оқа, күміс тиындармен әшекейленген. Оның жағасы кеңірек ойылған, ал ұзындығы белден сәл ғана төмен түседі. Кәзекей көбінесе барқыттан тігіледі, бірақ астары бар болса да, арасына жүн немесе мақта салынбай, ықшамдап тігіледі.

Кәзекейдің өңірі, жаға-жиегі және омырауы түрлі-түсті зер жіптермен кестеленеді немесе ою-өрнек салынады. Бұл киім қыз-келіншектердің денесіне қонымды болып, оны ажарландырып тұрады. Кәзекей қазақ ұлттық киімдерінің бірі ретінде дәстүрлі мерекелер мен тойларда сәнді көрінеді.

Бешпент – жейде немесе көйлектің сыртынан киілетін жеңіл сырт киім, оның етегі тізеден сәл жоғары келеді. Бұл киім түрлі маталардан, мысалы, жұқа шұға, мауыты және басқа тыстық материалдардан тігіледі. Бешпенттің тік және қайырма жағалы үлгілері бар, олардың ішінде тік жағалы нұсқасы жиі кездеседі.

Бешпент этникалық стильдің бір бөлшегі ретінде танылып, бүгінгі күні заманауи үлгіде тігіліп, сәнді киім ретінде кеңінен қолданылады. Жас келіндер арасында үлкен жиындарға сәнді бешпентті киіп бару сәнге айналған. Бұл киім қазақ мәдениетінде ұлттық дәстүрлерді сақтауда маңызды рөл атқарады.

Жейде – жеңі бар, денеге арналған киім. Ол әртүрлі материалдардан, мысалы, мақта, жүн, синтетикадан тігіледі. Жейделер көбінесе күнделікті киім ретінде, сондай-ақ ресми жағдайларда да киіледі. Олар түрлі стильдер мен дизайндарда болады, мысалы, қыстық жейделер, жаздық жеңіл жейделер, спорттық немесе бизнес стиліндегі жейделер. Жейде сәнді элементтермен, ою-өрнектермен безендірілуі мүмкін және ол әртүрлі үлгілерде ұсынылады.

Шалбар – қазақ ұлттық киімдерінің бірі, қой терісінен не матадан тігілген, балағы аяқ басына жететін киім. Оның көптеген түрлері мен тігілу үлгілері бар. Мысалы:

Түймелі шалбар – белі созылғыш, бүйірлік түйме бастырмалары бар шалбар.

Жарғақ шалбар – қызғылт түске боялып, түрлі-түсті өрнек салынған теріден тігіледі.

Тері шалбар – қой терісінен немесе басқа жануарлардың терісінен жасалған, жылы шалбар.

Елтірі шалбар – елтіріден тігілетін жұмсақ әрі ыңғайлы киім.

Қырықпа шалбар – жүні қырқылған теріден тігілген шалбар.

Қап шалбар – кең шалбар.

Сырма шалбар – арасына мақта салып, сырып жасалған шалбар.

Сал шалбар – салтанатты шаралар үшін арнайы тігілетін киім.

Әр шалбардың өзіндік ерекшеліктері мен қолдану мақсаты бар, бұл қазақтың дәстүрлі мәдениетінің байлығын көрсетеді.

Сыртқы киімдер

Шапан – қазақтың ежелгі әрі кәделі киімі. Ол арасына жүн немесе мақта салынып, сырты шұға, барқыт сияқты мықты әрі әдемі матамен қапталып, ішкі жағы астарланып тігіледі. Шапанның жағасы тік немесе қайырма болып келеді. Жағасы, өңірі және жеңдері әсем ұлттық өрнектермен безендіріледі.

Сәнді болуы үшін жиегіне бағалы аң терілерінен немесе басқа қымбат маталардан зер, бұлық немесе жұрын қосылады. Шапанға түйме немесе ілмек қапсырма қолданады немесе сыртынан белбеу бууға болады.

Шапанның бірнеше түрі бар. Мысалы, қаптал шапан, сырмалы шапан және қималы шапан. Бұл киімді барлық адамдар киеді, себебі шапан тез киюге, отырып-тұруға ыңғайлы әрі жылы.

Күпі – ұлттық сырт киім, ол матамен тысталып, ішіне түйенің немесе қойдың жабағы жүнін салып тігілетін киім. Күпі жеңіл әрі жылы болғандықтан, оны ерлер, әйелдер және балалар да киеді. Әйелдердің күпісінің жағасы кестеленіп, жеңдеріне құндыз салынып сәнделеді. Күпі әсіресе жазғытұрғы және күзгі суықта киюге өте ыңғайлы.

Кеудеше – қазақтың ұлттық киімдерінің бірі, көбінесе жеңсіз, кеуде тұсын жабатын, әдемі матадан тігілетін киім. Ол түрлі сәндік элементтермен, соның ішінде кестелермен, бисерлермен және терімен безендіріледі.

Кеудешенің негізгі функциясы – кеуде мен арқа бөлігін жылыту, сонымен қатар киімнің сәндік көрінісін толықтыру. Бұл киім үлгісі әйелдер мен ерлер арасында кеңінен қолданылады, бірақ әйелдер кеудешелері жиі сәнді кестелермен ерекшеленеді.

Жарғақ пен тайжақы – тай мен құлынның терісінен жасалатын сырт киімдер, олардың жүні сыртқа қаратып тігіледі. Бұл киімдерді жасау үшін теріні алдымен малмаға салып илеп, етін қырып, қабық пен қынаға салып өңдейді, содан кейін оның бетін жылтыратады. Шеттері әдемі кестемен әдіптеліп, жаға мен жеңдері сәнделеді. Кейде етегі мен өңірін, қаусырмасын бағалы аң терісімен көмкереді. Тайжақы мен жарғақты әдетте бешпент, күпі сияқты жеңіл киімдердің сыртынан киеді.

Тон – қой терісінен тігілетін қыстық жылы киім. Тон жасау барысында терінің иі қанған соң, оның жүн жағын жуып тазартып, тақыр бетіндегі қалдықтарды қырып алып тастайды. Содан кейін теріні уқалап, жұмсартады.

Қой мен ешкінің терісінен тігілген тонның жүні мен тігісі ішке қарайды. Тонның сыртын кір көтермеу үшін қарағай қабығы және рауғаштың нілімен бояйды. Қазақ даласында тонның екі негізгі үлгісі кең тараған: тік тон және бүрме тон. Тік тонның екі өңірі мен артқы бойы шапан мен күпі сияқты тұтас пішілсе, бүрме тонның кеуде және етегі бөлек пішіліп, етегі кең етіп дайындалады. Бүрме тонның белінде бүрме шығатындықтан, оның атауы осылай қалыптасқан әрі ол тік тонға қарағанда сәнді болады.

Тонға көбіне елтіріден, сеңсеннен немесе аң терісінен жаға салып, етегі мен өңірін, жең ұштарын елтірімен жұрындайды. Сән үшін тонның өңіріне, етегіне және жеңдеріне жібек жіппен кесте тігіледі. Құлын терісінен жасалатын тонды «тайжақы» деп атайды. Тайжақының тігісі ішке қарағанмен, жүні сыртына шығады, ал сәнді болу үшін құлынның жалы тонның арқасына және екі жеңінің үстіне тігілетін. Тайжақы астарсыз тігілетін болса, астарланған және мақта не жүн тартылған түрін тон ретінде киеді.

Қазақтың ұлттық киімдерінің бірі ішік – теріні илеп тігілетін сырт киім. Ішікті елтірі, сеңсең және әртүрлі аң терісінен жасайды, сыртын матамен тыстайды. Аң терілері қолданылуына байланысты екі топқа бөлінеді: біріншісі – жүні бағалы жыртқыш аңдардың терілері, екіншісі – сапасына және алыну уақытына қарай әртүрлі болатын былғары терілер. Ең сапалы тері жаздың ортасынан күздің соңына дейін мал қоңды болған кезде алынады.

Сулық киімдер

Шекпен – жүннен тоқылатын дәстүрлі сырт киім. Шекпенді тек түйенің жүнінен тоқиды. Түйеден күзеп алынған жүнді алдымен шаң-тозаңнан тазартып, қолмен майдалап түтеді, содан кейін шүйке дайындайды. Шүйкеленген жүн ұршықпен жіңішке жіпке иіріледі. Шекпен тоқитын жіп өте нәзік болуы керек, сондықтан иірілген жіпті екі ағаштың арасынан өткізіп, оның буылтықтарын жояды және қайта өңдейді.

Шекпен терме бау тоқитын өрмекпен тоқылады. Тоқылып біткеннен кейін шекпенді кәдімгі матадан киім пішкендей етіп өлшеп, пішеді. Шекпенді көбіне жазда киеді, өйткені ол жеңіл киім. Шекпенге сән үшін қара барқыттан немесе басқа тыстық матадан қаптал жаға тігіледі, ал етегі мен жеңі сол матамен көмкеріліп, әдіптеледі.

Аба – жылқы терісінен тұтас тігілетін, жауын-шашыннан қорғайтын, тұлыпқа ұқсас жамылғы түріндегі сулық киім. Абаны жасау үшін теріні малмаға салып, жүнін жидітпей, түгін қырмастан жұмсарта илейді. Сәл тобарсытып алған соң, теріні талқыға салып созғылап, әбден жұмсартады. Тұтас теріні кең етіп, ішік үлгісіне ұқсас пішеді. Күләпарасы ішке қарай бүгіліп тігіледі, ал қалған бөліктері көктеп тігілмейді, тек пұшпақтары өбістіріледі. Екі бүйірден шынтақ тұсы бір қарыс мөлшерде қиғаш тілініп, киімнің жеңі сиятындай етіп пішілген. Қаусырылғанда алқым тұсына келетін екі пұшпаққа мықты шүберек бау тағылады, ал белге ішкі бау немесе ілгек бекітіледі.

Абаны желді және жауын-шашынды күндері сулық ретінде жамылады. Түгі сыртында, әрі төмен қарай жығылып жататындықтан, су өткізбейді және суықтан, желдің ызғарынан жақсы қорғайды.

Кебенек – қазақтың дәстүрлі сырт киімі, көбінесе жүннен немесе теріден тігіледі. Бұл киім жауын-шашыннан, суықтан қорғайтын функционалдық сипатқа ие. Кебенек ұзын, кең және жеңіл болып келеді.

Кебенекті ерте заманнан бері малшылар мен аңшылар жиі киген, себебі ол сыртқы ортаның қолайсыздығынан жақсы қорғайды. Сонымен қатар, кебенек түрлі этникалық өрнектермен безендіріліп, сәнді элементтермен толықтырылады. Бұл киім түрі әсіресе көктемгі және күзгі ауа райында пайдаланылады.

Сырттық – қазақтың ұлттық киімдерінің бірі, әдетте жүннен немесе теріден тігілетін жеңіл және ұзын сырт киім. Сырттық ашық ауа райында, әсіресе көктем мен күзде киіледі, себебі ол жел мен салқыннан қорғауға арналған.

Сырттықтың жеңі ұзын және кең болады. Киімнің сыртқы қабаты көбінесе ұлттық өрнектермен безендіріледі. Сырттық негізінен, күнделікті киім ретінде пайдаланылады және ол қазақтың мәдениетін көрсетеді.

Ерлердің бас киімдері

Күләпара – бұл басқа бас киімдердің сыртынан киілетін, су мен қардан қорғайтын дәстүрлі бас киім түрі. Оны брезент сияқты мықты матадан тігеді. Жаз, күз және көктем мезгілдерінде киілетін күләпараға тек астар мата салып, жеңіл әрі қолайлы етіп жасайды. Ал қыстық үлгілеріне түйе жүнін немесе мақта салып, жылы болу үшін тығыз матамен астарлайды. Күләпараны әдетте екі қабат матадан тігеді, бұл оның беріктігі мен қорғаныштық қасиетін арттырады.

Жалбағай, башлық, далбай сияқты бас киімдер қалың немесе жұқа матадан, кейде ақ матадан тігіледі және тымақ тәрізді пішімімен ерекшеленеді. Бұл кең әрі мол пішілген бас киімдер иықты жауып, бас киімнің сыртынан киіледі, жауын мен желден қорғауға арналған. Оларды көбінесе жаз, күз және көктем айларында киген.

Тымақ – ерлерге арналған дәстүрлі бас киім. Ол жаздық және қыстық деп екі түрге бөлінеді. Жаздық тымақтар жеңіл болып, көбінесе қара немесе қызыл елтірі мен пұшпақпен жұрындалып жасалады. Ал қысқы тымақтар қалың киізден тігіліп, түлкі, қарсақ, сеңсең сияқты жүнді аң немесе мал терілерінен әзірленеді. Осылайша, терісіне қарай тымақтарды «елтірі тымақ», «түлкі тымақ», «пұшпақ тымақ», «қарсақ тымақ» сияқты атаулармен атайды.

Ерлердің кейбір бас киімдері киізден жасалады, олардың ішінде ең көне және дәстүрлісі – қалпақ. Шошақ төбелі киізден жасалған бұл бас киім алғаш рет Пазырық қорғанынан табылды. Сонымен қатар, киізден жасалған қола қаңылтыры бар шошақ бөрік Николаев облысының қорғанынан шыққан.

Қазақта қалпақтың екі түрі бар: ақ қалпақ және айыр қалпақ. Ақ қалпақтың айналасы тұтас дөңгеленіп, биік етіп тігіледі, сондықтан оны «ақ қалпақ» деп атайды. Мерекелік ақ қалпақтар әдетте ақ жібекпен көмкеріліп, күміс оқамен кестеленіп, шет жағы бау тігісімен безендіріледі.

Айыр қалпақтың атауынан белгілі болғандай, етегі екі айыр болып келеді.

Құлақшын (малақай) – ерлердің бас киімі, оны құндыз, бұлғын, сусар, жанат, түлкі, қарсақ, суыр сияқты аңдардың терісінен, сондай-ақ құлын, бұзау, лақ және қозы елтірісінен тігеді. Құлақшынның төбесін екі түрлі тәсілмен пішеді: алдымен теріні төрт немесе алты қиық етіп кесіп алады. 

Қиықтың түйісетін ұшы үшкіл, ал етек жағы тік төртбұрышты болады. Етегін қусырып тігеді, сосын дөңгелек төбе қондырады. Құлақшын тіккенде теріге өлшеп пішілген астарға мақта не жүн тартып, екінші бетіне шүберек салып сырады. Сыртын терімен тыстап, қалыпқа кигізіп кереді.

Қазіргі таңда құдалық және той-жиындарда ер адамдарға құлақшын кидіру дәстүрі әлі күнге дейін сақталған.

Мұрақ – тек хан-сұлтандар мен ел билеуші лауазымды тұлғаларға арналған ерекше бас киім. Бұл бас киімді тек арнайы мерекелерде бөріктің үстінен киетін. Халық мұраққа қарап, адамның мансабын және дәрежесін анықтайтын болған.

Тақия – кішігірім сәтен, шұға, барқыт сияқты маталардан әртүрлі тәсілдермен (сыру, кестелеу) тігілетін бас киім. Оның қалың, жұмсақ маталардан астарланған түрлері де болады, кейде арасына жұқа жүн немесе мақта салып жасалады. Ерлерге арналған тақияның кестелісі мен кестесіз түрлері бар. Тақияны төбесін төрт сай немесе дөңгелек пішінде тігеді. Еркектер тақияны үлкен бас киімнің астынан міндетті түрде киілетін бас киім ретінде қабылдаған.

Бөрік – қалқаны үлбірмен көмкерілген дәстүрлі бас киім. Оны ерлер де, әйелдер де киеді, ал олардың пішіні бір-біріне ұқсас келеді.

Ерлер қыс айларында сеңсең бөрік, сеңсең тымақ, түлкі тымақ және құлақты бөрік кисе, жазда елтірі бөрік, пұшпақ бөрік, жекей тымақ киген. Бөрік пен тымақты қозы, қой, лақ немесе аң терілерінен тігіп, арасына жүн салып тыстайды. Қысқы тымақтарды барқыт, пүліш, атлас сияқты бағалы маталармен тыстап, сәндеген.

Қазақ дәстүрінде әйелдер тақия, бөрік, орамал, жаулық, кимешек, күндік, сәукеле, желек және шәлі киген. Ерлер мен әйелдердің жалаңбас жүруі әдепсіздік болып саналатын.

Әйелдердің бас киімдері

Қарқара – құс қауырсынымен сәнделген әйелдер бас киімі. Әлеуметтік деңгейі жоғары әйелдер мен қыздар арасында кеңінен танымал болған бұл бас киім шоқ қауырсындармен безендіріліп, ерекше сәнділігімен ерекшеленеді. Құс қауырсындары тіл-көзден қорғау символы ретінде де қолданылған. Алайда, қарқараның шығу тегі мен қолданылуына қатысты нақты тарихи деректер тым аз.

Қасаба – қыздарға арналған тақияның бір түрі, оның төбесіне үшкірлеу пішінде бір шоқ қауырсын қадалады. Маңдай бөлігін асыл тас, алтын, күміс әшекейлермен безендіреді. Оң жақ самайына 5-6 қатардан ілмелі моншақтар мен күміс қоңыраушалар байланады, ал ұзын салпыншақтары оған сән береді. Қасабадағы шашақтардың көп болуы «ұрпағы көбейсін» деген игі тілекті білдіреді. Оны орамалдың үстінен де киюге болады.

Сәукеле – ұзатылған қыздың киетін дәстүрлі бас киімі. Ол ерекше шошақ, биік формаға ие, дөңгелек төбе жағына қарай жіңішкере түседі. Сәукеленің төбесіне үкі қадалып, бетті көлегелейтін желек бекітіледі. Оның сыртқы қабаты қымбат маталармен қапталып, алтын, күміс, інжу-маржан, меруерт сияқты асыл тастармен безендіріледі. Түрлі-түсті қымбат жіптермен тігіледі. Сәукеленің салмағы кейде жеті келіге дейін жетеді, бұл ұзатылған қыздың дәрежесін көрсетеді. Оның негізгі бөліктері – тәж, төбе, құлақбау және артқы бойы. Сәукеле арнайы басылған ақ киізден немесе арасына жүн салып сырыған матадан жасалып, сырты қамқа, дүрия, торғын, барқыт және мәуіті секілді қымбат маталармен тысталады. Шетіне құндыз немесе кәмшат терісі пайдаланылады.

Бергек – жаңа түскен келіншектің әшекейлі бас киімі, той өткеннен кейін киілетін сәукеленің жеңіл түрі. Ол сәнді элементтермен безендіріліп, келіншектің жас әрі көрікті болуына ықпал етеді.

Кимешек – тұрмысқа шыққан әйелдердің киетін дәстүрлі бас киімі. Оның бет-жүзді көрсетуге арналған арнайы ойықтары бар, ал иықты жабатын бөлігі әйелдің омырауын жабады. Кимешектің бірнеше түрі болады, олар пішіні, безендірілуі және иықты жабу ұзындығына байланысты ерекшеленеді.

Кимешектің дизайны әйелдің жасына қарай да өзгереді. Кейбір деректер бойынша, кимешек өткен ғасырдың отызыншы жылдарына дейін қазақ әйелдерінің негізгі бас киімі болып саналды. Ақ түс таңдалған, себебі ол әйел бас киімінің символикалық мәнін білдіреді, яғни тазалық пен қасиеттілікті көрсетеді. Кимешек қазақ мәдениетінің маңызды бөлігі ретінде әйелдердің қоғамдағы рөлін және отбасылық мәртебесін айқындайды.

Жаулық – егде әйелдердің басына орамалап тартатын дәстүрлі бас киімдерінің бірі. «Ақ жаулық» деген атау асыл аналар мен әжелерді ардақтау мақсатында қолданылады, ал «жаулық салу» ұғымы осы дәстүрді меңзейді. Жаулықты көбінесе кимешектің сыртынан киеді.

Жаулықтың атаулары аймаққа байланысты әртүрлі: Оңтүстік, Орталық және Шығыс Қазақстанда шаршы, Жетісу мен Алтай өңірлерінде шұлауыш, ал Оңтүстік Қазақстанда күндік деп аталады. Жібектен шашақтап тоқыған түрі бөртпе деп аталса, ал жібектен немесе матадан шашақ шығармай тоқыған, қалыңдау түрі салы деп аталады. Жібек жіпті, торғын тектес, үлпілдек жұмсақ маталардан немесе ешкі түбітінен жасалған түрі шәлі деп аталады.

Жырға – әйелдердің асыл тас және моншақтармен әшекейленген сәнді бас киімі. Жырғаның көптеген салпыншақтары, түрлі-түсті меруерт тастардың жарқырауық сәулесімен құбылып, адамның бет-бейнесін ажарландырады. Оның құрамында бет моншақ, шұбыртпа, жақ алқа тәрізді элементтер бар, олар бас киімнің етегін шашақтап тұрады. Жырға қазақ әйелдерінің мәдениеті мен дәстүрін көрсетеді.

Күндік – егде әйелдердің басына тартатын ақ жаулық. Бұл жаулық 3-5 метрлік ақ мақта матадан немесе жібектен тігіледі. Күндік бұрын әжелер арасында кеңінен танымал болған. Мосқал тартқан әйелдер далада немесе ұзақ сапарға шыққанда, күннің әсерінен қорғану мақсатында оны тағатын.

Аяқ киімдер

Кебіс – мәсінің үстіне киілетін, былғарыдан жасалған, қонышсыз аяқ киім. Оның бірнеше түрі бар: көксауыр, шоңқайма және шекшек кебістер. Жайпақ кебіс көбінесе ер адамдардың киімінде болса, көксауыр мен шоңқайма кебістер әйелдер арасында кеңінен қолданылады.

Кебісті бұрын гәлөштың орнына да пайдаланған. Кебістің басы жұмсақ қара былғарыдан, ал табаны қатты ұлтаннан жасалып, биік өкшелі етіп тігіледі. Аяқ киімді ою-өрнектермен безендіреді, бұл оны тартымды әрі сәнді етеді.

Көксауыр – жылқы мен серке терілерінің сауырынан дайындалатын дәстүрлі аяқ киім. Бұл аяқ киімнің көбінесе көк түспен боялған түрі кездеседі, алайда қызыл, сары, және жасыл түстері де бар. Оның сыртқы беті жалтырап, көз тартады.

Көксауырды сәндеу үшін алтын, күміс, жез шегелер қағылып, кейде маржан моншақтармен безендіріледі. Асыл тастар аяқ киімнің өкше артына, тұмсығына және қонышының түрлі жерлеріне орналастырылып, оған ерекше әсемдік береді. Көксауыр өзінің сәнділігімен және қолөнер шеберлігінің жоғары деңгейімен ерекшеленеді.

Шоңқайма – қыз-келіншектер арасында танымал сәнді аяқ киім. Бұл аяқ киім былғарыдан тігілетін, биік өкшелі және қонышты болады, ал өкшесінің биіктігі 10 см-ге дейін жетуі мүмкін. Қазақ шеберлері шоңқайманың өкшесінің артқы жағын тайқылап, қонышын тізеден аспайтындай етіп дайындаған.

Шоңқайма дәстүрлі қазақ қоғамында қыз-келіншектердің сәнді етігі ретінде бағаланады. Оның қонышы басқа түсті былғарымен безендіріліп, күдеріден ою бастырылған, өкшесі «көк сауырлап» жасалып, тұмсығы сыздықталып, зер жіптермен кестеленген.

Шоңқайманы жас жігіттер де киетін, оларға арналған үлгілері қайқиған, өкшесі аласа және қонышы тізеге жақын, екі жағынан жармаланып тігілетін.

Саптама етік – былғарыдан тігіп, ішіне киізден астар салынған жылы аяқ киім. Бұл етік әсіресе қыс мезгілінде далада еңбек ететін малшылар, механизаторлар мен аңшыларға арналған. Саптама етік көбінесе жылқы мен сиыр терісінен иленген былғарыдан жасалады.

Етіктің екі түрі бар: түзу табан және қисық табан. Оның өкшесі аласа, ал қонышы тізені жауып тұратындай етіп тігіледі.

Мәсі – қазақтың дәстүрлі, жіңішке, көбінесе былғарыдан немесе матадан жасалатын аяқ киімі. Бұл аяқ киім әдетте қонышсыз болып келеді және оңай киіледі. Мәсі көбінесе жазғы уақытта киіледі, себебі оның жеңілдігі мен ыңғайлылығы аяқты салқын ұстап тұрады.

Мәсі ою-өрнектермен безендірілген болуы мүмкін, әсіресе арнайы мерекелер мен тойларда киілетін түрлері. Ол қазақ халқының мәдениетінде маңызды орын алады және қазіргі уақытта да өз маңыздылығын сақтап келеді.

Байпақ – қазақтың дәстүрлі жылы аяқ киімі, негізінен теріден немесе жүннен жасалады. Байпақтың ерекшелігі – оның ұзындығы мен жіңішкелігінде, бұл аяқ киімді кию оңай әрі ыңғайлы етеді. Байпақтың қонышы тізеге дейін жетеді және ол суық ауа райында, далада немесе қысқы уақытта кию үшін арналған.

Байпақ көбінесе ішіне киіз немесе жүн астары салынып, жылы әрі жұмсақ болады. Бұл аяқ киім малшылар мен ауыл тұрғындары арасында танымал, өйткені ол аяқты суықтан қорғайды. Байпақтың сыртқы беті әртүрлі ою-өрнектермен безендіріліп, сәнді әрі көз тартарлық көрініс береді.

Түйін: Қазақтың ұлттық киімдері – көшпелі өмір салты мен табиғи ортаға бейімделген, рухани және мәдени ерекшеліктерімізді көрсетеді. Ішкі және сыртқы киімдердің әр түрі, олардың шығу тарихы мен әлеуметтік мағынасы арқылы, халқымыздың тарихын, дәстүрлерін бейнелейді. Қазақ киімдері тек сәндік мақсатта ғана емес, сонымен қатар халықтың әлеуметтік құрылымы мен мәдениетін білдіреді. Ұлттық киімдерімізді сақтап, насихаттау – келер ұрпаққа рухани мұра қалдыру, қазақ мәдениетінің байлығын әрі қарай дамыту және әлемге таныту жолындағы маңызды міндет болып есептеледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға