Жаңалықтар

Қазақ халқы үшін дін мен дәстүр – бір ұғым

Егер діни сенімнің салмағы жоғалса, қоғамға төнер қатер де көбейеді
Қазақ халқы үшін дін мен дәстүр – бір ұғым
Фото: kazislam.kz 29.10.2022 13:32 4699

«Дін – қараңғы ін» деп ұрандаған кеңес дәуірінің де дәурені өтті. Имандылыққа ұйыған ұлт зиялыларын барса келмеске айдап, қолынан құраны түспеген қауымды қараңғы қапасқа қамаған қызыл империяның идеалогиясы жоқ қазір. Өйткені,  Қазақстан зайырлы қоғамды таңдаған ел.

Сондықтан да, мемлекетіміз әр адамның дінитанымдық  еркіндігіне тыйым салмайды. Қазақстанның бұл қадамы халықтың санасындағы сенім жұрнағын қайта түлетті. Қоғамдық дамудың кескін-келбетін көрсетіп берді. Саяси-экономикалық өріс алған еліміз руханият өріндегі өрелі істерді де жүйеге келтірді. Соның арқасында дінаралық татулықтың тура жолын таптық. Әлем елдеріне бейбітшілікті үндедік. Адами болмыстың рухани негізін қалауға күш салдық. Нәтиже жоқ емес. Қазір «Ырыс алды-ынтымақ» дейтін Қазақстан халқы зайырлы қоғамның тұрақтылығын танып отыр. Өйткені, еліміздегі еркіндік алған дәстүрлі діндердің діттегені бір. Ол-бірлік, береке.   

«Алласы» жоқ елден иман жериді. Егер діни сенімнің салмағы жоғалса, қоғамға төнер қатер де көбейеді. Діни алауыздық қашанда қауіпті. Сондықтан да, халыққа рухани бостандық бере отырып, дінге деген сенімін санасына саялатқан абзал. Бүгінде Ислам  біздің зайырлы қоғамның бөлінбес, құрамдас бөлшегі іспетті. Өйткені, мемлекетіміз діннің жеке адамға ғана емес, қоғам үшін де қажеттілігін түсініп отыр. Тірлігі түзу, өмір сүру ұстанымы ұлықты ұлтқа имандылық жат емес», - дейді дінтанушы Дүнмаұхамед  Қоқамбек.         

Мемлекетіміз халықтың діни бостандығын бере отырып, діннің адамдардың қоғамдағы сұранысына сәйкес имандылықтың негізі ретінде тәрбиелеудің күші ету мақсатында көптеген шараларды атқарды. Біріншіден Конституцияда көрсетілді. Екіншіден 1992 және 2011 жылдары діни ұйымдар туралы заңдар қабылданды. Ол екі заңда да адамдардың діни бостандықтары туралы айтылған.   Саясат күнде өзгереді, ал, дін-мәңгілік. Қандай қоғам болса да дін мәнін жоғалтқан жоқ. Сонау атам заманнан бастап осы уақытқа дейін өзінің деңгейін түсірген емес. Халықты адамгершілікке тәрбиелеуде. Имандылыққа, инабаттылыққа, обал мен сауапты түсіндіру жолында осы діннің орны өте зор. Біздің қоғамға адамды алдайтын, арбайтын, өсек айтатындар керек емес.

Иә, дін қоғам үшін қажет. Өйткені ол халықтар бірлігі мен татулығынан тамыр алады. Діни төзімсіздік қоғамды тұрақсыздыққа әкеледі. Қақтығыстарға толы қоғам-қуатсыз. «Білімсіз дін-соқыр, дінсіз білім-ақсақ». Демек, Исламның талабы сол, халықтың діни сауатын ашу, соқыр сенімнің жетегінде жібермеу.  Жалпы дін-имандылық ізгі қасиеттердің алтын діңгегі. Ал, дәстүр-ұлтты рухани жандандырып тұратын сипаттар. Демек, дін мен дәстүр қазақ халқы үшін қашанда бір-бірімен сабақтас ұғым.  Осыдан бірнеше ғасыр бұрын бабалар жүрегі иманға ұйып қабылданған Ислам діні халқымыздың ұлттық құндылықтарына, яғни әдет-ғұрпына ерекше көңіл бөлген. Рас, Ислам дініне дейінде  ұлы даланың өз заңдары, өмір сүру қағидалары, наным-сенімдері болған. Біз сол қағидаттарды насихаттай отырып, асыл дініміздің беріктігін нығайта аламыз.

«Қазақтың салт-дәстүрлері мен ислам дінінің астасуы жөнінде аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Ислам діні мен қазақ салт-дәстүрлері арасында ғасырлар бойы орныққан ортақ мүдде бар.  Оны кешегі атеистік қоғам-Кеңес Одағы да жоя алған жоқ. Жаһандану үдерісі белең алған бүгінгі дәуірде өкінішке орай соған  сына қағып, шабуыл жасау фактілері кездесіп отыр. Мың жыл бойы халықтың өзімен бір жасасып келген, тұрмысына, санасына, болмысына сіңіп, рухымен тұтасып кеткен дінді қол жетпес күрделі дүниеге ұқсатып, қилы-қилы тәсілмен  түсіндіріп, халықтан қасақана алыстату үдерісі орын алуда.  Ата-бабаларымыздың даналық ой маржандары мақал-мәтелдерде кеңінен көрініс тапқан. Ол қазақтың рухани болмысын айқындап,  құндылық ұстанымдарын көрсетіп тұрғандай. Таным-тәрбиелік мәні де терең. Осы мақал-мәтелдер Ислам дінімен астарласып жатыр», - дейді Көктал мешітінің бас имамы Ілияс Отар.

Қазақ мақал-мәтелдері ұлттық руханиятымыздың алтын қоры. Халық шығармашылығының осы төлтума туындысы көркем тілімен мағыналы. Астарлы сөзімен құнды. Халқымыздың сан ғасырлық діні мен салт-дәстүрін тереңнен танып білуге де мақал-мәтелдің орны бөлек.

«Қазақ халқының мақал-мәтелдерінен имани ұғымдар мен ұстанмдардың ұқсастығын айыру қиын емес. Бұл Алаш жұртының салт-санасы, ақыл-ойы Ислам дінінен ажырамағандығын аңғартады. Сөз жоқ, ұлттың ұтқыр ойлау жүйесінде ойып тұрып орын алатын мақал-мәтелдер дәстүрлі қазақ мәдениетінің Ислам дінімен біте қайнасып жатқандығын айғақтайды. Мешіттерде халық ауыз әдебиетіндегі жыр-дастандарды кеңінен насихаттаған да дұрыс деп ойлаймын. Сөйтіп,  ислам діні мен ұлт мәдениетінің құндылықтарын сабақтастыра отырып, ұрпақ санасына сіңіру керек. Жалпы қазақтың жыраулық, термешілік дәстүрі халықтың діни санасы мен мәдени тұтастығын айқындап тұрған рухани мұра. Ендеше, оны дін мен салт-дәстүрдің насихат құралы етпеске», - дейді Жазушы Жанат Елшібек.

«Соңғы жылдары дәстүрлі қазақ мәдениетін алалап, оны дінсіздік ретінде қарайтын ұшқары көзқарас жастар арасында да белең алып барады. Мұндай пікірлердің бәрі діни сауаттың жоқтығынан туады. Біздің өміріміздегі дәстүрлі Ислам құндылықтарының рөлін ешкім жоққа шығара алмайды. Ата-бабаларымыз дін ұстауда ешқашанда фанатизмге бой ұрмаған. Қазақ халқының бай ауыз әдебиеті мен би-шешендер сөздері, жыраулардың маржандай жыр-дастандары, ортағасырлақ ғұламалар еңбектері осының айқын айғағы. Ал оны жоққа шығару нағыз сауатсыздық», - дейді ақын Серік Жетпісқалиев. 

Қазақ руханиятының имани-мәдени және ділдік негіздерінің бірі, бұл жыр-дастандары, мақал-мәтелдері екені сөзсіз. Ол бүгінгі күннің талаптарына, яғни, иман жүзді, инабатты ұрпақ тәрбиелеу ісіне өзіндік үлес қосары сөзсіз. Жалпы ұлтымыздың эпикалық мұралары халықтың бітім-болмысын жоғалтпай, рухы берік, дүниетанымы биік, діні мен дәстүріне адал ұрпақ тәрбиелеудің бір құралы. Тәуелсіз елдің жастары, Отанын, мәдениетін, тілі мен дінін сақтап, және рухани құндылықтарын ұлықтау арқылы ғана «Мәңгілік ел» мұраттарына қызмет ете алады.

«Алла тағала құранда: «Кешірімді бол, ғұрыпты жақсылыққа бұйыр және надандардан жырақ бол» - деп әмір етеді. Ғұрып дегеніміз бір қоғамда қалыптасқан жағымды әрі қайырлы іс. Демек, Алла тағала жоғарыдағы аяттарда қоғамда жағымды жағдайларды қалыптастырып, оларды негізге алуға әмір етіп тұр, - дейді журналист Айбек Қалиев.

Дініміз Ислам – адамгершілік пен парасаттылықтың, қайырымдылық пен ізгілік діні. Осынау асыл дінімізді әр саққа жүгіртіп, бұрмаламай өзінің тұнық қайнарынан үйренуге тырысқанымыз жөн. Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасып келген дәстүрлі дінін, әдет-ғұрпын жоққа шығарып, іріткі салушы топтар бар, олар қайдағы бір ағым, секталардың сойылын соғып жүргендер. Соларды адасқан жолдан алып шығу баршамыздың борышымыз. Біз ұстанатын мұсылмандық бабаларымыздан бері шариғатқа сай қалыптасқан ұлттық дәстүрімізге нұқсан келтірілмеуі тиіс. Мұсылман болу үшін тек мұсылмандық сауатты ғана болу жеткіліксіз. Біз жан-жақты білімді де мәдениетті болып, өз асылымызды құндап, өзгенің қаңсығына қызықпай, ұлттық ар-ұжданды болуымыз қажет.

Ақиқат біреу, ол ұлттық құндылықтардың, рухани-мәдени өміріміздің қалыптасу барысында дін мен  қазаққы салт-дәстүрдің өзара сабақтастығын тануымыз керек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға