Жаңалықтар

Қазақ фильмдерінің сапасын арттыру үшін техникалық бақылау бөлімін ашу керек - продюсер

Қазақ фильмдерінің сапасын арттыру үшін техникалық бақылау бөлімін ашу керек - продюсер
Фото: Жеке мұрағаттан 17.07.2023 13:05 1395

Еліміздегі кинопрокат желісі де күн тәртібінен түспей келе жатқан өзекті мәселе болып қалып келеді. Осыған орай көкейімізде жүрген көп сұраққа жауап алу үшін Қазақстандық танымал продюсер Айдархан Әділбаевпен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

El.kz: Айдархан Болатұлы, сұхбатымызды Қазақстандағы кинопрокат мәселесіне арнайықшы. Кезінде «Қазақфильм» АҚ Вице-президенті, Кинопрокат және дистрибуция орталығы сынды лауазымдарда қызмет еттіңіз. Қазақстандағы прокат қызметі қандай деңгейде деп бағалауға болады?

Айдархан Болатұлы: Иә, мен 2010-2016 жылдар аралығында «Қазақфильм» АҚ Кинопрокат және дистрибуция орталығын басқардым. Содан кейін 2020 жылы «Қазақфильм» АҚ-ның вице-президенті болып оралдым.

Кинопрокат туралы айтар болсақ, ол кездер қазақстандық фильмдердің ең бір сәтті кезеңі болды деуге болады. Неге десеңіз, ол уақытта еліміздегі барлық коммерциялық фильмдердің жарыққа шығуына «Қазақфильм» атсалысты. Яғни барлығына «Қазақфильм» ұлттық кинокомпаниясы жол ашып берді деуге болады. Себебі, оған дейін прокатта табысты болған тек «Көшпенділер» фильмі болды, 2005 жылы шыққан, одан кейін «Рэкетир» шықты. Сонымен болды, тыныштық!

Содан кейін қазақстандық прокатта ең сәтті болған «Қазақфильм» АҚ-ның 2010 жылғы коммерциялық фильмі «Рывок», одан кейін «Ирония любви» жарық көрді. Бұл фильм ресми түрде төрт елдің Қазақстан, Ресей, Украина, Беларус прокатына шыққан жалғыз фильм болды. Оның 645 көшірмесі жасалды! Ол кезде әлі сандық технология болмағандықтан, көшірме кинотаспамен жасалды. «Ирония любви» фильмі прокатта 4 млн $ астам қаражат жинады. Яғни ол Қазақстаннан кең ауқымда прокатқа сәтті шыққан жалғыз фильм болды!

Содан кейін біртіндеп «Сказ о розовом зайце», «Ликвидатор», «Балалық шағымның аспаны» сынды фильмдер жарық көрді. Ақырындап біздің коммерциялық фильмдер де прокатта жарық көре бастады. Баян Мақсатқызының «Коктейль для звезды», Нұртас Адамбайдың «Келіндері» нарыққа келе бастады. Солай ақырындап прокат көтеріле бастады.

El.kz: Тәуелсіз елдің кинопрокат желісін жолға қоюда кинотеатрлар қандай реакция берді, қолдады ма, қарсы болды ма? 

Айдархан Болатұлы: Шынымды айтсам, маған ол кезде өте қиын болды. Себебі ол уақытта қазақстандық фильмдерді прокатқа шығару өте күрделі болды. Прокатшыларда біздің фильмдерге деген сенімсіздік пен немқұрайлылық болды. Еліміздегі кинотеатрлар қазақстандық фильмдерді көрсеткісі келмеді. Олар мұның қажеті қанша, бізде американдық, еуропалық, ресейлік фильмдер бар деп өз уәждерін айтып ақталуға тырысты.

Қазақстандық фильмдерді көрсету үшін маған әрбір кинотеатр басшыларына телефон шалып, дәлелдеп, түсіндіруіме тура келді. Сенімсіздік деген ерекше деңгейде болды. Ең бастысы, біз сол сенімсіздікті жоя білдік!

Біз ол кезде барлық фильмдерді кинотаспада прокатқа шығарып келдік. Сандық көшірмелер біздің нарықта тек 2012-13 жылдары ғана шыға бастады.

Қазір, Құдайға шүкір, біздің прокатта отандық фильмдердің үлесі 40% асты. Ал ол кезде отандық фильмдердің үлесі небәрі 01% ғана болды. Біз тым құрығанда 5-7% болса деп армандадық. Егер жылына қазақстандық прокатта жалпы 350-400 фильм жарыққа шығатын болса, соның ішінде 40-45, кейде тіпті 50-60 қазақстандық фильм көрсетілетін болды. Сондықтан да қазір кинотеатрлар қазақстандық фильмдерді қуана-қуана алады. Оларды ең көрсетілімі мол болатын кезге қоюға тырысады.

El.kz: Қараңызшы заман қалай өзгертіп кетті дейсіз ғой?

Айдархан Болатұлы: Иә, ендігі біздің кинопрокаттағы ең басты мәселе, жалпы киноөндірісіміздегі маңызды мәселе ол сапалы фильмдер шығару. Жақында бір кинотеатрдың директорымен сөйлесіп қалдым. Ол, Айдархан: «Білесің бе, мен біздің фильмдерден билетке ақша алуға ұяламын». «Неге?» деймін мен. Ол айтады: «Мысалы, көрермен келеді, мен одан «Аватар» фильміне 2000 теңге аламын. Ол бұл сомаға бәрін алады, жоғары сапалы дыбыс, сапалы кескін, арнайы эффектілер, Dolby және басқаларын. Ал дәл сондай сомаға, көрерменді қазақша фильмге де кіргіземіз. Өкінішке қарай, қазір бюджетті үнемдеу үшін коммерциялық фильмдеріміз кино өндірісінің үрдісін қатты құртып жатыр. Неге екенін білмеймін, көптеген продюсерлер, режиссерлер бюджетті үнемдеу үшін бе түсінбеймін, фильмнің дыбысы сияқты көптеген қарапайым заманауи процестерді ескере бермейді. Біздің коммерциялық фильмдердің барлығы дерлік прокатқа түсірілім алаңындағы тазаланбаған дыбыспен шығуда. Олар енді іс жүзінде Dolby емес, жалған Dolby қолданбасын пайдаланатын шығар. Ол экранда өте қатты білінеді. Ал бұл немқұрайлылық әрекет дыбыстау процесін шынымен бұзады. Сондықтан да шынымды айтсам, мұны реттемесе болмайды», - деп күйінеді.

El.kz: Мұндай олқылықты жою үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

Айдархан Болатұлы: Біз «Қазақфильмде» жүргенде Техникалық бақылау бөлімін ашу туралы ұсынысымыз болған. Кез келген фильм қазақстандық прокатқа шығу үшін прокатпен бірге осындай техникалық бақылау бөлімінен сертификат алуы керек. Кескіннің, дыбыстың, музыканың кемшілігіне, жалпы, бұл картинаны прокатқа жіберуге бола ма, жоқ па деген сұраққа жауап беретін өкілетті орталық болуы тиіс.

Біздің бюджеті аз заманауи фильмдер бұл негізгі техникалық талаптарға сәйкес келмейді. Сол себепті де кейде біздің фильмдер шетелдік прокатқа шыға алмай жатады. Өйткені біздің фильмдерде, өкінішке қарай, техникалық қате өте көп.

Ал, жалпы, қазір бюджетті үнемдеу үшін бе, әлде басқа нәрсеге байланысты ма, бұл салада кәсіпқой емес адамдар көбейіп кетті. Білесіз бе, бір ғана фильм немесе сериал түсірген продюсер өзін продюсер немесе режиссер санайды. Ал олар киноөндірістің ішкі дүниесін түсінбейді де оған немқұрайлы қарайды. Мұның кесірі, өкінішке қарай, экранда - соңғы нәтижеде көрінеді. Сондықтан мұны бір ретке келтіру қажет, өйткені бұл үлкен мәселе.

El.kz: Шетелдік фильмдердің еліміздегі кинотеатрларда көрсетілуінде заңдылықтар сақтала ма?

Айдархан Болатұлы: Өкінішке қарай, шетелдік фильмдерді реттейтін мұндай заң немесе заңнама әлі жоқ. Мен мұны әзірге істеудің де қажеті жоқ деп ойлаймын. Өйткені шетелдік фильмдерді шектейтін болсақ, бәсекелестік төмендейді. Бәсекелестік болмаса, сапа да болмайды. Менің ойымша, біз сапа үшін жұмыс істеуіміз керек.

2011 жылы «Жаужүрек мың бала» көркем фильмі шыққан кездегі оқиға жақсы есімде. Біздің фильм прокатқа «Мстители» («Кек алушылар») фильмімен бір күнде қатар шығатын болды. Мен сол кезде «Қазақфильм» киностудиясының президенті Аманшаевқа, «бізде мынадай мәселе болып тұр, біздікі «Мстители» фильмімен бір күнде шығатын болып тұр, қоя тұрамыз ба, не істейміз?». Сонда Аманшаев былай дейді: «Жоқ, керісінше, ТОП фильмдермен бір күнде шығу қажет, жақсы емес пе? Адамдар «Мстители» фильмін көру үшін кинотеатрға келетіндіктен, театр лық толы болады. Ал олар сол кезде кетпей біздің фильмді таңдайтын болады». Осылайша біз «Мстители» фильмінің бірінші аптасында кассада ұтылып қалдық. Екінші аптада онымен теңесіп, үшінші аптада «Жаужүрек мың бала» прокатта «Мстители» фильмін жеңіп кетті.

«Жаужүрек мың бала» фильмі сол кезде 2 млн долларға жуық қаражат жинады. Бұл бізге салиқалы сабақ,  жақсы жарыс болды. Сондықтан да мен шетелдік фильмдерге шектеу қоюға болмайды деп ойлаймын, біз тең дәрежеде болуымыз керек, әйтпесе сапа төмендейді.

El.kz: Отандық фильмдерді прокаттау мәселесімен қазір кімдер айналысады?

Айдархан Болатұлы: Қазір біздің фильмдерді прокаттаумен «Sulpak Cinema», «Меломан» сияқты жеке компаниялар айналысады. Ал Kinopark, қатысы бар ма, жоқ па, мен білмеймін. Бірақ, жалпы, мен Кинопрокатты басқарып жүргенімде, біздің бөлім оларды көрсетіп жатты. Біз мұны сәтті жүзеге асыра білдік. Қазір, өкінішке қарай, бұл бөлімнің аты ғана бар десек болады және кинопрокатпен тек жеке компаниялар айналысады.

Ал қазір неге екені белгісіз «Қазақфильмнің», Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының фильмдері және басқа коммерциялық фильмдердің барлығы осы 3-4 коммерциялық компания арқылы таратылады. Бұл жерде, өкінішке қарай, бәсекелестік көп емес, кинотеатрлар арасындағы көзге көрінбейтін астыртын ойындар астында олардың өз мүдделері мен мәселелері бар, бұл біздің киноны таратуға кері әсерін тигізеді.

El.kz: Қандай фильмдерге продюсерлік еткен ұнайды? Осы уақытқа дейін комедия, драма, отбасылық ситкомдарға продюсерлік етіпсіз.

Айдархан Болатұлы: Мен үшін ең бастысы жоба қызықты болуы тиіс. Маған бастысы режиссері, сосын ең бастысы сценарий қызықты болса болды. Оларды кинофестивальдерге қатыстырып көргім келеді, бірақ негізінен көбі сценарийге, фильмнің командасына байланысты ғой. Сондықтан ешқандай айырмашылық жоқ деп ойлаймын. Ең бастысы, мен авторлық киномен жұмыс істеп көргім келеді. Себебі осыған дейін авторлық киномен жұмыс істеген емеспін.

El.kz: Алғашқы фильміңіз «Рывок» болғанын білеміз. Сұрайын дегенім, продюсерлік етуді қалай бастадыңыз? Бастапқыда қиын болған шығар...

Айдархан Болатұлы: Иә, толықметражды продюсер ретіндегі алғашқы тәжірибем – режиссер Қанағат Мұстафин түсірген «Рывок» фильмі. Бұл өндірістегі алғашқы фильміміз, дебют десек те болады. Бірақ ол кезде бізде кәсіби өндірістік оқыту жоқ еді. Сондықтан барлығын түсірілім алаңында, майданда үйрену керек болды. Біз үшін өте қиын болды, өйткені жалпы алғанда, ол кезде түсірілетін фильм аз болатын.

Бір жағынан оңай болды, өйткені фильмдер аз түсірілді. Қайда барсақ та «О, қазақ киносы, жарайсыңдар, біз көмектесейік!» деген сияқты ұсыныстар көп болатын. Қазір қиын, себебі фильм көп. Кейде абыройынан айырылған жосықсыз продюсерлер кездеседі. Бір жерге келесің, жоқ-жоқ, не ақша төле, не қысқасы біз саған көмектеспейміз дейді. Сөйтіп, екі жыл бойы продюсерлікпен айналысып келемін. Содан бері 4 көркем фильмге, 5-6 телехикая, деректі фильмдерге және т.б. жобаларға продюсерлік еттім.

El.kz: Қазір қандай киножобаға продюсерлік жасаудасыз?

Айдархан Болатұлы: Қазіргі кезде продюсер Алмас Әлімжановпен «Хабар» телеарнасының тапсырысы бойынша телехикая түсіргелі жатырмыз. Құдай қаласа, тамыз айының соңында түсірілім басталады, желтоқсанда эфирге шығару жоспарлануда. Соңғы жобаларым, иә, «Ең сұлу», «Той, любой ценой» болды. Олар негізінен бір жылда түсірілген фильмдер. Бірақ соңғы жоба «Той, любой ценой» болды. Қазір, негізінен, мен кинотеатрдан алшақпын, бұл менің бұл саладан мүлдем кеткенім емес, бірақ үлкен фильмнен шағын демалыс алдым десем де болады. 1,5-2 жылдан кейін қайтамын деп ойлаймын. Қазір мен басқа жобалармен айналысып жүрмін.

El.kz: Кинофестивальдарда да продюсер болдыңыз, онда қандай да бір ерекшеліктер бар ма?

Айдархан Болатұлы: Иә, «Қазақфильм» киностудиясында жүргенде кинофестиваль продюсері болып, «Еуразия» кинофестивалін ұйымдастырушылардың бірі ретінде қызмет еттім.

Киноөндірісіміздің басында, 2007 жылы, Қанағат Мұстафин екеуміз «Мобильді көзқарас» кинофестивалін өткіздік. Бұл ұялы телефон арқылы түсірілген фильмдердің алғашқы кинофестивалі болды. Ол кезде тіпті iPhone емес, Nokia мен Samsung болды. Кинофестиваль, әрине, ұжымдық жұмыс болғандықтан, жақсы ұйымдастырушылық қабілет болуы керек. Бұл қызықты процесс. Сондай-ақ, бұл өте көп қажыр-қайратты қажет етеді. Өйткені мұнда фильмдердегідей дубль жоқ, барлығын бір мезетте қадағалау керек. Яғни, барлық кездесулер уақытында өтуі қажет, жұлдыздар уақытында ұшып келіп, дұрыс қонақ үйге орналастырылуы керек. Біреуі фильмге, енді бірі қандай да бір бағдарламаға баруы керек, тағы біреуі демалу керек. Олар үшін кешкі ойын-сауық бағдарламаларын ойлап табу керек дегендей. Соның бәрін шашау шығармай, тынбай еңбек ету керек. Мен ол жолдан сәтті өттім. Осының барлығын ұжыммен бірге шештік. Бізде тәжірибелі ұстаздар болды.

Маған көп нәрсені үйретіп, көмек көрсеткен «Қазақфильм» киностудиясының сол кездегі басшысы Ермек Аманшаев, қаржы директоры Виктория Комалова, есепші Лаура Тілеужанова, Олжабай Мұсабековтер болды. Ақсақалдарымыз Асанәлі мен Нұржұман ағалар мені үнемі қолдап жүрді. Ол кісілерге алғысым шексіз. Осы кісілермен бірге Қазақстанның әр түкпірінде, шет елдерде кино күндерін ұйымдастырдық. Олар маған кинопрокаттың қалай ұйымдастырылатынын айтып отырды. Яғни, осының барлығын бойға сіңіріп, кейін өз жұмысымда қолдандым.

El.kz: Телевизиялық жобалардың продюсері болу деген толықметражды көркем фильмдердің продюсері болудан қиын ба?

Айдархан Болатұлы: Тележоба жасау мен фильм түсірудің арасы жер мен көктей. Өйткені сериал спринт, сен ол жерде қысқа қашықтыққа жүгіресің. Күніне пайдалы 15-17 минут түсіресің. Бюджеті өте аз, соған сай ғана әрекетпен шектелесің. Телехикаяны өте тез түсіріп, көп бюджетті үнемдеуің керек және ол жоғары сапалы болуы керек! Ал толық метр, әрине, басқаша, онда күніне 5-8 минут пайдалы түсірілім жасай аласың. Бірақ қазір сандық технология 10 минутқа дейін түсіруге болады. Бір сөзбен айтқанда, кино - марафон, телехикая - спринт.  

El.kz: Сіз тек продюсерлікпен ғана айналысасыз ба әлде басқа да біз білмейтін құпия ермегіңіз бар ма?

Айдархан Болатұлы: Фильмдерге продюсерлікпен қоса, атақты актеріміз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Берік Айтжановтың да продюсерімін. Мен оны насихаттаймын, әрине, актерлер продюсерлігінде тәжірибем аз және оны жақсы орындау әрқашан мүмкін бола бермейді. Бірақ оның өзі талантты, табысты, ең танымал актерлердің бірі болғандықтан, әрине, қиын емес, бірақ кей кезде көзге көрінбейтін кедергілер де кездесіп жатады.

«Қазақфильмнен» кеткеннен кейін экономиканың нақты секторына өттім десем болады. Қазір «Кубик Рубик» атты балалар білім беру орталығын дамытудамын. Мұнда біз балаларға сабақ беріп, мектепке дайындаймыз, бұл орталықтың құрылғанына бір жарым жылдан асты. Сонымен қатар, жақында ғана «Grow Creative Space» шығармашылық кеңістігін қолға алдым. Мұнда біз шығармашылықпен, яғни вокалмен, актерлік шеберлікпен, бимен және басқа жобалармен айналысамыз. Барлығы балаларға арналған.

Жалпы маған балалармен жұмыс істеген ұнайды. Рахаттанамын. Ол жерден сіз керемет қуат аласыз, сондықтан бізге келіңіздер дегім келеді.

El.kz: Елге айтар тілегіңіз бар болса, жеткізейік!

Айдархан Болатұлы: Меніңше, ең бастысы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев құрып жатқан жаңа Қазақстанда түсіністік болуы керек. Біз қазақтар бір-бірімізді тұншықтырмай, керсінше, біз әрқашан бір-бірімізді қолдауымыз керек. Бұл қазір қазақ киносында болып жатқан жағдайға байланысты. Менің квазисекторды тастап кетуіме бір себеп осы болды. Өйткені мұндай жағдайда жұмыс істеу мүмкін емес. «Әрбір сарышұнақ агроном» дегендей, әрқайсысы көрпені өзіне тартқысы келеді. Олар бір-бірін суға батырып, кім тұншықса соған қуанады. Қазір кинотеатрлар да, продюсерлер де, режиссерлер де бір-бірімен осылай жүр десем болады. Қарасаң жүрегің ауырады.

Осының бәрі «Қазақфильм» киностудиясының айналасында болып жатқаны өкінішті. Менің ойымша, киностудияны үлкен жетістікке жеткізген басшылардың бірі Ермек Әмірханұлы Аманшаев. Оның тұсында студия өркендеді. Өкінішке қарай, қазір мұндай посттарға барғысы келетіндер аз. Өйткені, қазір онда «домалақ арыз» жазу, бір-бірінің аяғынан шалу, бөгет жасап, жұмыс істеуге мүмкіндік бермеу белең алды.

Бұл тек кинода ғана емес, өкінішке қарай, барлық жерде, біздің барлық салада болып жатыр. Өзара түсіністік болмайынша, біз дамымаймыз. Сондықтан біз Қазақстанда әрқашан бір-бірімізге қолдау көрсетуіміз керек. Біздің өндірушілерге алға жылжу үшін мүмкіндік беру қажет. Сонда ғана Қазақстанымыз гүлденетін болады. Бұл менің бүгінгі тілегім!

El.kz: Жүрекжарды сұхбатыңыз үшін көп рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға