Қазақ жері ғасырлар бойы адамзат назарын өзіне аудара білген тарихи және табиғи мұраға ие. Еліміздің бай минералды және геологиялық қазба байлықтарын зерттеуде, ашуда және игеруде қазақ ғалымдарының еңбегі орасан зор. Олардың есімі ұлттық геология ғылымының дамуына негіз қалаған ұлы тұлғалар ретінде ұлықталады. El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі Геолотар күніне орай қазақ елінен шыққан атақты геологтар жайлы зерттеп, ғылыми еңбектерінің әлемдік геология ғылымы үшін маңызына тоқталды.
Қазақстанның түрлі геологиялық аймақтары мен құрылымдары минералды ресурстарды зерттеуде үлкен рөл атқарады. Бұл орайда геологтар пайдалы қазбаларды ғана емес, жер қыртысының құрылымын, оның тарихын да зерттеп, геологиялық эволюциясын анықтауда маңызды жұмыстар атқарды.
Қаныш Сәтпаев пен оның ізбасарларының еңбегі Қазақстанның минералды-шикізаттық базасын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Бұл база елдің ішкі қажеттіліктерін ғана емес, сондай-ақ әлемдік рейтингте минералды қорлар бойынша жетекші орындарды қамтамасыз етті. Қазақстан минералды-шикізаттық базасын дамытуға үлес қосқан белгілі сала ардагерлері арасында Қайдар Абдрахманов, Шахмардан Есенов, Эдуард Азнабаев, Гинаят Бекжанов, Мұхтар Бакенов, Халел Беспаев, Ұзақбай Қарабалин, Балтабек Қуандықов және тағы басқаларын ерекше атап өтуге болады.
Қазақстанның ең үлкен жетістіктерінің бірі 1956 жылы әлемдік деңгейдегі геологиялық мектептің құрылуы болды. Қазақстанда алғаш рет Геология және жер қойнауын қорғау министрлігі ұйымдастырылды. Ал Ресей, Украина және Өзбекстанда бұл министрліктер 1964 жылы ғана құрылған болатын.
Геология саласының маңыздылығын айта отырып, оның халық шаруашылығын дамытуға қосқан үлесін атап өткен жөн. Геолог-инженерлер еңбегінің арқасында бүгінде жұмыс істеп тұрған барлық кен орны ашылып, олар ел экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып келеді. Мәселен, көптеген қалалар геологтардың жұмысы нәтижесінде пайда болды. Бұл – Қарағанды, Жезқазған, Сәтпаев, Степногорск, Рудный, Зырян, Риддер, Хромтау, Жаңаөзен және басқа қалалар.
Жер қойнауының байлығы, әсіресе мұнай мен газ, еліміздің қалыптасу кезеңін сәтті еңсеруіне мүмкіндік берді.
Қаныш Сәтпаев
Қазақтың ең ұлы геологтарының бірі – Қаныш Имантайұлы Сәтпаев. Ол – Қазақстанның минералды және геологиялық ресурстарын зерттеуші ғалым, академик, тұңғыш Қазақстан Ғылым академиясының президенті. Қаныш Сәтпаевтың ең үлкен жетістігі – Қазақстандағы минералды ресурстарды зерттеп, олардың қоры туралы ғылыми тұжырымдамалар жасауы. Оның жетекшілігімен Қазақ КСР-нің геологиялық қызметі дамып, еліміздегі минералдық ресурстарды игеруге бағытталған көптеген зерттеу жұмысы жүргізілді. Ол ұсынған Қазақстанның металлургиялық минералдық ресурстарын зерттеу жобалары бүгінде әлемге әйгілі.
Сәтпаев еңбегінің нәтижесінде Қазақстанда жаңа тау-кен кәсіпорындары ашылып, еліміздегі бай табиғи ресурстарды тиімді пайдалану жолдары анықталды. Геология ғылымының дамуына қосқан үлесі үшін ол көптеген ғылыми атақ пен марапаттарға ие болды.
Қаныш Сәтпаевтың мектебі, әсіресе, Қазақстандағы геология ғылымының дамуына елеулі әсерін тигізді. Сәтпаевтың ізбасарлары, оның ішінде атақты геологтар мен ғылым қайраткерлері, Сәтпаевтың жасаған ғылыми негіздерін әрі қарай дамытып, Қазақстанның минералды қорларын зерттеуге бағытталған көптеген жаңа әдіс пен тәсілдерді енгізді. Қазіргі таңда Қазақстанның геологиясында жұмыс істейтін геологтар мен ғалымдар осы ғылыми мектептің өкілдері болып табылады.
Қаныш Сәтбаев минералды ресурстарға бай Сарыарқа, Қарағанды, Қаратау және Алтай өңірлерінің кен орындарына ерекше назар аударып, олардың стратиграфиясы, тектоникасы, құрылымы, металлогениясы, геохимиясы мен пайда болу тегі жөнінде терең зерттеулер жүргізді. Бұл зерттеулер арқылы ол ғылымға металлогендік талдаудың кешенді әдісін енгізіп, Қазақстанның геология ғылымында жаңа дәуірдің басталуына жол ашты.
Академик Қаныш Сәтбаевтың жетекшілігімен бірнеше жыл бойы жүргізілген тынымсыз зерттеулер нәтижесінде Сарыарқаның металлогендік және болжам карталары жасалып, оларды пайдалану арқылы аймақта жаңа қара, түсті және сирек металл кен орындары ашылды. Ал бірқатар кен орындарына жаңа өндірістік бағалар тағайындалды. Қаныш Сәтбаевтың осы жұмыстарынан Қарағанды металлургия зауытының салынуы, Қостанай мен Алтайдағы темір және марганец кендерінің игерілуі, Қаратаудағы фосфорит кендері мен Ертіс-Қарағанды каналының қазылуы бастау алды. Сонымен қатар, ғылыми зерттеу институттары ашылды.
Қаныш Сәтбаев ғалым ретінде ғана емес, Қазақстандағы ғылыми қауымдастық үшін ақылшы әрі тәрбиеші бола білді. Ол геология саласында әлемдік, одақтық және қазақстандық деңгейдегі түрлі комиссиялар мен комитеттерде жұмыс істеді. Сонымен қатар КСРО және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңестерінің депутаты, СОКП съездерінің делегаты және Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комитет президиумының мүшесі болды. Оның еңбегі бірнеше рет Ленин ордені мен Екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен марапатталды, әрі КСРО Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтарының иегері атанды.
Қаныш Сәтбаев жастардың дарындарын байқап, ғылымға жол ашты. Ол көптеген талантты жасты тәрбиелеп, олар кейін үлкен ғалымдар ретінде Қазақстан ғылымының дамуына маңызды үлес қосты. Оның ықпалымен академик Әлкей Марғұлан, геолог Шахмардан Есенов және химик Евней Букетов сияқты ғалымдар ғылыми қауымдастыққа қосылып, өз салаларында орасан зор жетістіктерге жетті.
Сәтбаевтың бастамасымен Алматыда Орта Азия геофизика тресі құрылып, Қазақ КСР Геология және жер қойнауын қорғау министрлігі жасақталды. Бұл өз кезегінде геологиялық зерттеулердің тиімділігін арттыруға ықпал етті.
Академик Сәтбаев академияның құрылымдық бөлімдерін, зертханалар мен институттарды жоспарлауда басты рөл атқарды. Ол ғылыми кадрларды даярлау мәселесіне аса жауапкершілікпен қарап, ғылыми зерттеулерді елдің экономикалық және мәдени дамуына сәйкес бағыттап, халық шаруашылығына елеулі үлес қосты.
Қаныш Сәтбаевтың басшылығымен Жезқазған кен-металлургия комбинаты, Қарағанды мен Балқаш металлургия зауыттары сияқты ірі өнеркәсіптік жобалар жүзеге асырылды. Сонымен қатар, Маңғыстау, Мұғалжар және Торғай өңірлеріндегі табиғи ресурстарды зерттеу жұмыстары да ұйымдастырылды.
Халел Өзбекғалиев
Халел Жағыпарұлы Өзбекғалиев – атақты тау-кен инженері. Ол 1972 жылы Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген геолог-барлаушысы атағына ие болған. Өзбекғалиев Өзен, Жетібай, Теңге, Қаражамбас, Солтүстік Бозашы және Қаламқас кен орындарының алғашқы ашушыларының бірі болып табылады және Маңғышылық өңірін игеру жұмыстарының ұйымдастырушыларының қатарында болған.
Халел Өзбекғалиев Мәскеу мұнай институтын 1952 жылы тәмамдап, алғашқы еңбек жолын 1952–1956 жылдары Даңғар мұнай барлау бөлімшесінде бұрғышы, кейін аға инженер ретінде бастаған. 1956–1959 жылдары Мақат бұрғылау мекемесінің бас инженері, ал 1959–1978 жылдары “Маңғыстаумұнайгазбарлау” тресінің басшысы қызметін атқарған. 1978–1991 жылдары Қазақ КСР Геология министрінің орынбасары болды.
Өзбекғалиевтің Оңтүстік Маңғыстау мұнай және газ кен орындарын ашуға қосқан үлесі, сондай-ақ Өзен және Жетібай кен орындарын барлаудағы еңбегі үшін Лениндік сыйлықпен марапатталған. Ол Ленин ордені, Еңбек Қызыл Ту ордені және Қаз КСР Жоғарғы Кеңесінің құрмет грамотасын да иеленген еді. 1988 жылы оған «Құрметті жер қойнауын барлаушы» атағы берілді.
Айтмұхамед Абдулин
Айтмұхамед Абдуллаұлы Абдулин — геолог-іздеуші, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының вице-президенті.
Ол 1924 жылдың 29 қарашасында Ұлытау ауылы, Петропавл уезі, Ақмола губерниясында дүниеге келді.
Айтмұхамед Абдулин - Ұлы Отан соғысының және Кеңес-Жапон соғысының қатысушысы. Запастағы подполковник. Найман руының Бағаналы тармағынан шыққан.
Қазақ мемлекеттік университетінің геология факультетін 1953 жылы тәмамдады.
Докторлық диссертациясының тақырыбы - «Мұғоджар жотасы және Орал, Тянь-Шань мен Орталық Қазақстанның тектоникалық құрылымдары арасындағы байланыс».
300-ден астам ғылыми жұмыстың, оның ішінде 10 монографияның авторы.
Еңбек жолын 1953 жылы Қаныш Сәтпаев атындағы Геологиялық ғылымдар институтында инженер болып бастады. Мұнда ол ғылыми қызметтің барлық сатыларынан өтіп, 1971-1995 жылдары Институт директоры, 1988-1995 Халықаралық инженерлік академияның академигі, Қазақстан инженерлік академиясының академигі, Башқұртстан Ғылым Академиясының құрметті академигі, Оңтүстік Каролина университетінің профессоры (АҚШ), бірнеше шетелдік ғылыми қоғамдардың мүшесі, Тараз, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеттерінің құрметті профессоры, Қ.И. Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің профессоры, ҚР Жоғары Кеңесінің XII шақырылымының депутаты, Қазақстан тәуелсіз Парламентінің бірінші шақырылымының депутаты, ҚР Геологтар ұлттық комитетінің алғашқы президенті болды.
Абдулиннің ел алдындағы еңбегі марапаттармен ғана емес, Ұлы Отан соғысында және бейбіт кезеңде ғылым саласындағы жетістіктерімен бағаланды. Оның өмірі мен шығармашылығына арналған бірнеше басылымдар жарық көрді. Оның өмірі мен қызметі туралы алғашқы кітап, Оңтүстік Каролина және Юта университеттерінің атынан жазылған «Contributions to Eurasian geology» («Еуразия геологиясына қосқан үлес») 70 жылдық мерейтойына арналып шығарылды. Екінші кітап — көлемді роман Астанада «Возвращение к истине» («Шындыққа оралу») деген атпен жарық көрді. Бұл кітаптың авторы — Ресей Жазушылар Одағының мүшесі Ю. Тарасов. Сондай-ақ оның өз естеліктері жинақталған кітаптары да жарық көрді: «Трудные дороги поиска» (Алматы: Қазақстан, 1989), «Везло мне на добрых людей» (Алматы: Ғылым, 1994) және «Тағдыр толқынында» (Алматы: Атамұра, 2004).
Айтмұхамед Абдулин мен оның ізбасарлары Арал-Торғай майысқан тұсының геологиялық құрылымының рифтогендік моделін жасап, осы аумақта Құмкөл, Арыскұм, Нұралы сияқты ірі кен орындары ашылды. Қазіргі уақытта Құмкөл мұнай-газ кен орны Қызылорда облысы бюджетінің шамамен 70%-ын қамтамасыз етеді.
Ағартушылық және гуманитарлық қызметі үшін Абдулин С.Н.Вавилов атындағы медальмен марапатталды. Қазақстан ғылымының дамуына қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы мен төсбелгісін иеленді. Айтмұхамед Абдулиннің есімі Алматы қаласының Алтын кітабына енгізілген.
Қайдар Әбдірахманов
Қайдар Айтжанұлы Әбдірахманов — совет ғалымы әрі қазақстандық геолог, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі.
Қайдар Әбдірахманов 1936 жылы 10 мамырда Ақмола облысы Атбасар ауданында дүниеге келген. 1958 жылы МГУ-ды бітіріп, 1958 жылдан 1995 жылға дейін Қазақ КСР Геология ғылымдары институтында (қазіргі Қ.И. Сәтбаев атындағы Геология ғылымдары институты) жұмыс істеген. 1996 жылдан 2001 жылға дейін «Қазнедра» НПО-ның департаменті директоры болды. 2001 жылдан бастап Қ.И. Сәтбаев атындағы Геология ғылымдары институтының петрметаллогенез зертханасының меңгерушісі қызметін атқарды.
Ол көп циклді иілімді атыраптарда гранитоидты жыныстардың қалыптасуы туралы формациялық-петрохимиялық теорияны ұсынды. Соның негізінде граниттерді 12 петрохимиялық түрге бөлді. Порфирлі жыныстардың сілтілігі мен қышқылдығының арасында кері корреляцияны анықтай отырып, колчедан-полиметалл кендерінің пайда болу ерекшеліктерін ашты.
Темір, марганец және полиметалл кендерінің түзілуіндегі көлденең және тік бағыттағы минералды-геохимиялық белдемділікті сипаттады.
Геология және металлогения саласындағы негізгі теориялық зерттеулер Қазақстанның Солтүстік Балқаш, Кіндіктас-Шу-Іле аймақтарындағы кендерді болжау мен игеру жұмыстарын жүргізуге негіз болды.
Әлемдік және қазақстандық деңгейде плиталық петрометаллогенияның теориялық негіздерін қалыптастырды.
Әр түрлі геодинамикалық деңгейлердегі кендердің магматикалық формацияларының карталарын және мамандандырылған петрометаллогендік карталарды жасаушы.
«Петрология и металлогения щелочных пород Таласского Алатау» (А.-А., 1965) және «Гранитоидные формации Казахстана и типы фанерозойского гранитообразования» (А.-А., 1986) шығармаларының авторы.
Қайыржан Әділов
Қайыржан Нәукебайұлы Әділов 1936 жылы 24 мамырда Қарағанды облысы Бухар-Жырау ауданы Пушкино ауылында (қазіргі Ақбел) дүниеге келген. Ол — совет және қазақстандық тау-кен ғалымы, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі.
1958 жылы Қарағанды политехникалық институтын бітірген. 2004 жылдан бастап ҚазҰТУ ПРПИ кафедрасының профессоры болып қызмет атқарған.
10 монографияның авторы. Ғылыми еңбектері негізінен көмір кен орындарын игеру технологиясын жетілдіру мәселелеріне арналды.
Құрбан Аманиязов
Құрбан Непесұлы Аманиязов (1932 жыл, Форт-Шевченко – 2015 жыл, Алматы) — кеңес, түрікмен және қазақ геолог-ғалымы, 400-ден астам ғылыми еңбектің авторы, геология-минералогия саласында ғылым докторы, профессор, Түрікменстан Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі.
Тұран ойпатының мұнай, газ, көмір, күкірт, тұз және басқа да кен орындары, Копетдаг, Балқан, Гиссар таулары, Үстірт және Каспий теңізінің геологиясы туралы 300-ге жуық ғылыми еңбектің, 20 монографияның авторы. Олардың арасында «Биостратиграфия және Түрікменстанның жоғарғы юра қабаттарының зоогеографиясы», «Түрікменстанның оңтүстік-батыс өңірінің мұнай-газ кен орындарының геологиясы», «Палеография және Орта Азияның батыс аймағының жоғарғы юра қабаттарының қазбалы байлықтары», «Түрікменстанның солтүстік-батыс, Маңғыстаудың оңтүстік аймағы мен Үстірттің мезозой қабаттарының геологиялық құрылысы» сияқты монографиялар бар.
Сонымен қатар, Абайдың қара сөздерін және қазақ ертегілерін түрікмен тіліне аударды. Ол «Жоғары оқу орындарының үздігі», Түрікменстан Жоғарғы Кеңесінің грамотасы, КСРО-ның Бүкілодақтық халық шығарма көрмесінің алтын медалі және Халықаралық геологтар 27-конгресінің алтын медалімен марапатталған болатын.
Уфа Ахмедсафин
Уфа Меңдібайұлы Ахмедсафин (15 шілде 1912 жыл, Петропавл уезі, Ақмола облысы, 2-ауыл – 21 қазан 1984 жыл, Алматы) — белгілі қазақ кеңес гидрогеологы, геология-минералогия ғылымдарының докторы, ҚазКСР Ғылым Академиясының академигі, ҚазКСР Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі. Ол сондай-ақ Қазақстанның ғылымға еңбек сіңірген қайраткері және Социалистік Еңбек Ері атақтарына ие болды.
Орта Азия индустрия институтын тәмамдаған.
КСРО Ғылым Академиясының Қазақ филиалында, кейін Қазақстан Ғылым Академиясының Геология ғылымдары институтында бөлім меңгерушісі қызметін атқарды. 1948–1951 жылдары Қазақ тау-кен институтының (қазіргі Ұлттық техникалық университет) кафедра меңгерушісі болды.
Қазақстан Ғылым Академиясының Гидрогеология және гидрофизика институтының директоры ретінде жұмыс істеді. Ахмедсафин Қазақстанның гидрогеологиялық мектебінің негізін қалаушылардың бірі ретінде танылды. Оның ғылыми зерттеулері Қазақстан мен Орта Азияның шөлді аймақтарындағы гидрогеологияны зерттеуге арналды.
Ахмедсафин жерасты су көздерінің пайда болу, қалыптасу және таралу заңдылықтарын ашты. Сондай-ақ жерасты суларын картаға түсіру және гидрогеологиялық карталарды жасаудың жаңа тәсілдерін ұсынды, гидрогеологиялық болжамдауды негіздеді.
Оның ұсынған теориялық және әдістемелік қағидалары алғаш рет Қазақстанның гидрогеологиялық болжам карталарын жасауға мүмкіндік берді. Бұл зерттеулер Қазақстан мен Орта Азияның шөлді аймақтарында тұщы сулы артезиан және грунт суларының алаптарын ашуға негіз болды.
Ахмедсафин жер астындағы тұзды және аз тұзды сулардың табиғи және пайдаланылатын қорларын анықтап, оларды өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында, елдімекендерде және мал жайылымдарын суару үшін тиімді пайдаланудың жолдарын ұсынды.
Ғалым 200-ден астам ғылыми еңбек жазды. Олардың 150-і жарияланды, 30-дан астам ғылым кандидатын даярлады. Ахмедсафин Қазақстанның гидрогеология мектебінің негізін қалады. Оның зерттеулері Қазақстан мен Орта Азияның шөлді аудандарындағы жер асты су көздерінің қалыптасу заңдылықтарын анықтауда маңызды ғылыми тұжырым болып табылады.
Сондай-ақ, гидрогеологиядағы болжам, картаға түсіру және классификациялау принциптерін дамытуда маңызды үлес қосты. Ахмедсафиннің ұсыныстары алғаш рет Қазақстанның гидрогеологиялық болжам карталарын жасаудың негізін қалады және бұрын сусыз деп саналған аймақта 70 артезиан алабын ашуға мүмкіндік берді.
Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері, Ленин орденімен және басқа да ордендер мен медальдармен марапатталды.
Шығармалары:
- «Методика составления карт прогнозов и обзор артезианских бассейнов Казахстана», Алматы, 1961;
- «Формирование и гидродинамика артезианских вод Южного Казахстана», Алматы, 1973 (авторлармен бірге);
- «Прогнозная карта региональной водообеспеченности Казахстана ресурсами подземных вод», Алматы, 1983 (авторлармен бірге);
- «Формирование подземных вод Казахстана», Алматы, 1985.
Шахмардан Есенов
Шахмардан Есенұлы Есенов — қазақтың танымал геолог ғалымы әрі мемлекет қайраткері. Ол 1961–1965 және 1974–1978 жылдары Қазақ ССР Геология министрі болып қызмет атқарды. Сондай-ақ Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің төрағасы мен ҚазССР Ғылым академиясының президенті (1967–1974) болды. Геология-минералогия ғылымдарының докторы (1970), профессор және ҚР ҰҒА академигі.
Шахмардан Есенов 1927 жылы 5 тамызда Қызылорда облысы Шиелі ауданының Бала би ауылында дүниеге келген. Ол осы ауылдағы орта мектепті бітіріп, 1944 жылы Қызылорда педагогикалық техникумын тәмамдағаннан кейін сол жылы Қазақ тау-кен институтының геология-барлау факультетіне оқуға қабылданды.
1949 жылы Қазақ тау-кен металлургия институтын аяқтап, Қаныш Сәтбаевтың шәкірті болды. Оның ғылыми ұстазы Қаныш Сәтбаевпен таныстығы 1947 жылы мемлекеттік емтихан кезінде басталған. Қаныш Имантайұлы жас студентті өз қамқорлығына алып, оны Жезқазған кешенді геологиялық-барлау экспедициясына жібереді.
1956–1960 жылдары Шахмардан Есенов Жезқазған геология-барлау экспедициясында түрлі лауазымдарда қызмет етіп, Жезқазған кен орнының шикізат бөлімін ашу және бағалау жұмыстарына жетекшілік етті. Сонымен қатар ол Жезқазғандағы боксит, асбест сияқты пайдалы қазбаларды іздеп, зерттеп, жаңа әдістерді енгізу жұмыстарына басшылық жасады.
Шахмардан Есенов родусит асбестін зерттеп, оны барлау әдісін енгізді. Сондай-ақ, Жезқазғанның геологиялық картасын жасаудағы жұмысы да маңызды орын алады.
Ол өз бастамасымен бұрғылау көлемін бірнеше есеге арттырып, Жезқазғанның кен қорын ұлғайтуға септігін тигізді. Бұл жұмыстардың нәтижесінде Жезқазғанның шикізат кен орындарының қоры айтарлықтай артты.
1961 жылы, 33 жасында Шахмардан Есенов Қазақ ССР Геология министрі болып тағайындалды. Ол Кеңес заманы тарихындағы ең жас министр болып саналды. Сол уақытта ол Жезқазғанның геологиялық ерекшеліктері туралы кандидаттық диссертациясын қорғап, 38 жасында геология-минералогия ғылымдарының докторы дәрежесін алды.
Министрлік қызметінде Шахмардан Есеновтің жетекшілігімен Маңғыстау мұнай кен орындары ашылып, Өзен, Қаражамбас, Жетібай, Қаламқас және Бозащы сияқты ірі кен орындары анықталды. Осы жаңалықтары үшін ол 1966 жылы Ленин сыйлығын алды.
60-жылдары Шахмардан Есенов КСРО басшысы Хрущевтің Қазақстандағы әкімшілік реформасына қарсы шығып, Маңғыстауды Қазақстан құрамында қалдыруды қорғады. Бұл шешім Орталық билік тарапынан қолдау тапты.
1972 жылы Теміртаудағы Қарағанды металлургия комбинатында жұмыс істейтін темір кен орындарын ашу бойынша ауқымды жұмыстарды ұйымдастырды.
1967 жылы ол ҚазКСР Ғылым академиясының президенті болып сайланды, бұл қызметті 1974 жылға дейін атқарды.
1978 жылдан бастап 1994 жылға дейін Қазақ политехникалық институтында кафедра меңгерушісі болып жұмыс істеді.
1990 жылы ол Қазақстанның тәуелсіздігін жариялаған Жоғарғы Кеңестің депутаттығына сайланды.
Шахмардан Есенов 1994 жылы 67 жасында дүниеден озды. Алматы қаласында Кеңсай зиратында жерленді.
1995 жылы оның есімін мәңгілікке қалдыру мақсатында Ақтау политехникалық институтына академик Шахмардан Есенұлы Есеновтың аты берілді. 1996 жылы Ақтау мемлекеттік университеті құрылды, оның аты Шахмардан Есеновтің құрметіне өзгертілді.
Соңғы онжылдықта әйелдердің ғылымдағы рөлі, соның ішінде геологияда, айтарлықтай артты. Қазақстан еліміздің табиғи ресурстарын зерттеуге өз үлесін қосқан әйел-геологтармен мақтана алады.
Әйел-геологтар ер адамдарға қарағанда аз болғанымен, олардың геологияға, геофизикаға қосқан үлесі зор.
Патшайым Тәжібаева
Патшайым Тәжібаева – Орталық Азияда геология ғылымдарының докторы атағын алғаш алған әйел ғалым. Ол - Қазақстан тарихында маңызды із қалдырған тұлға. Өз табиғи дарыны мен қажырлы еңбегі арқасында еліміздің ғылым саласына, әсіресе литология ғылымына үлкен үлес қосты. Патшайым Тәжібаева 1920 жылы қазіргі Төлеби ауданының Қарақия ауылында дүниеге келген.
1936 жылы Алматы педагогикалық училищесіне түсіп, оны үш жылда тәмамдаған соң, Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің геология-минерология факультетіне оқуға қабылданады. 1943 жылы бұл оқу орнын бітіріп, кейін Индустрия университетінің кен-металлургия факультетінде аспирантурада білімін жалғастырады. Сонымен қатар Қазақ Ғылым Академиясында да білім алады. 1948 жылы Самара қаласындағы университетте физика-математика факультетінде білімін одан әрі жетілдіреді. Қаныш Сәтбаевпен бірге еліміздің минералды қорларын зерттеп, жер қойнауындағы байлықтарды игеруге атсалысады. Қаныш Сәтбаев бір кездері оған: «Ауыр мамандықты таңдадың, жер қазу, тас жинау – өте қиын жұмыс», деп айтқан болатын. Бірақ Патшайым барлық қиындыққа қарамастан, өзінің табандылығы мен қиындықтардан қашпайтынын ісімен дәлелдейді.
Ғалымның еңбек жолы Жезқазған-Ұлытау аймағында басталады. Ол Қаныш Сәтбаевпен бірге тау-кен орындарын бақылап, жер қойнауының литологиясын зерттеді. Қазақстандағы литология ғылымын дамыту мен мұнай-газ көздерін ашу бойынша маңызды зерттеулер жүргізді. Құмкөл кен орнын алғаш болжап, оны игеруге бастама жасаған да Патшайым Тәжібаева болатын. Қазіргі таңда бұл кен орны еліміздің дамуына айтарлықтай үлес қосуда.
Патшайым Тәжібаева – ғылымға сіңірген еңбегі зор ғалым. Ол 180-нен астам ғылыми еңбек жазып, рентген лабораториясын ашқан. Ғалымның еңбектері тек Қазақстанда ғана емес, АҚШ, Жапония, Канада сияқты елдерде де жоғары бағаланып, ғылыми баяндамалар жасаған. Оның еңбектері әлі күнге дейін өз маңызын жоғалтпайды. «Асыл тастар асқар тауда туады», «Ғылымда дара, өмірде дана», «Патшайым десе – Патшайым» атты кітаптарда оның өмірі мен ғылыми жетістіктері жайлы кеңінен жазылған.
Маухида Абдулкабирова
Маухида Атнағұлқызы Абдулкабирова – белгілі ғалым, геолог, геология-минералогия ғылымдарының докторы (1973), Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1990). 1941-1983 жылдары Қазақ КСР Ғылым Академиясының Геология ғылымдары институтында сектор меңгерушісі болып қызмет атқарды. Геология, металлогения және стратиграфия саласында көптеген зерттеулердің авторы.
Қазақ тау-кен металлургия институтын (қазіргі Қазақ ұлттық техникалық университеті) 1941 жылы бітірген еді.
1993 жылдан бастап Қазақстан Ғылым Академиясының жетекші ғылыми қызметкері, Геология ғылымдары институтында кіші және аға ғалым, арнаулы металдар секторының меңгерушісі және ғылыми кеңесші болды. Оның ғылыми-зерттеу жұмыстары геология мен металлогения мәселелеріне арналды. Абдулкабирова Солтүстік Қазақстандағы жер қыртысының дамуындағы жаңа формаларды анықтап, оның кен түзілуі мен таралуындағы рөлін зерттеді, кен орындарының орналасу заңдылықтарын дәлелдеді. Бұл аймақтың болжамдық геологиялық карталарын құрастырып, кен іздеу бағыттарын көрсетті. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстанда алмас іздеудің теориялық негіздерін әзірлеп, оның болжамы бойынша Құмдыкөл алмас кен орны ашылып, барланды. Ғалым әріптестері қарапайым мінезімен белгілі болды.
Марапаттары
- КСРО Мемлекеттік сыйлығы (1990)
- «Еңбектегі ерлігі үшін» медалі (1987).
Ол - 115 ғылыми еңбектің авторы. Мәселен,
- Көкшетау ауданының метаморфты жыныстарының петрографиясы туралы материалдар (1949 - Алматы);
- Блок-блоктық құрылымдар және Солтүстік Қазақстанның эндогендік кен орындары (1975);
- Рудалық түзілімдер, алтын кен орындары, Алматы, 1980;
- Қазақстанның блок-блоктық құрылымдары және алтын металлогениясы (1982);
- Солтүстік Қазақстан геологиясы: стратиграфия (1987);
- Тектоника және Солтүстік Қазақстанның терең құрылымы (1988);
- Арх-блоктық құрылымдар және алтын металлогениясы, Қазақстан, Алматы, 1982.
Таисия Сәтпаева
Таисия Алексеевна Сәтпаева (Кошкина) – инженер-геолог, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, Қаныш Имантайұлы Сәтпаевтың жары, сенімді досы және серіктесі. 1900 жылы 22 мамырда Шығыс Қазақстан облысы Зыряновск ауылында, қызметкер отбасында дүниеге келген. Семей қаласында орта білім алып, Томск технологиялық институтының геология факультетіне оқуға түскен, оны 1925 жылы бітіріп, алғашқы әйелдердің бірі болып тау-кен инженер-геолог мамандығын алды. 1920 жылдары провинциялық қалада өсіп-өнген қыздың осындай мамандықты таңдауы таңқаларлық еді... Студенттік жылдарында ол Қаныш Сәтпаевпен танысқан.
Олар табиғи байлықтарды игеруге сенімді алғашқы дипломды мамандар болды. Таисия Алексеевна геолог-инженер ретінде жұмыс істеп, Жезқазған кен орнының минералогиялық зерттеуін жүргізді. Қарсақпайда бірінші дәрежелі геологиялық қызмет, тамаша минералогиялық зертхана, фотолаборатория және минералогиялық музей ұйымдастырылды. Жезқазған рудаларын зерттеу жоғары ғылыми деңгейде жүргізілді.
Оның «Жезқазған рудаларының минералографиялық зерттеулері» деген баяндамасы конференция жинағына енгізілді. Жезқазған рудаларының минералографиялық құрамына қатысты мәселелер Т. А. Сәтпаеваның ғылыми жұмысының негізгі тақырыбына айналды.
1941 жылы Қаныш Сәтпаевтың Геологиялық институтқа ауысуына байланысты отбасы Алматыға көшті. Бұл уақыттан бастап және өмірінің соңына дейін Таисия Алексеевна Геологиялық ғылымдар институтында жұмыс істеп, минералогиялық зертхананы басқарды. Ғылыми бағыт ретінде оның жұмысы Жезқазған және басқа да кен орындарын зерттеуді қамтыды.
Қаныш Сәтпаев қайтыс болғаннан кейін, Таисия Алексеевна оның ғылыми мұрасын сақтауға бағытталған жұмыстарды бастады. Ол оның жеке архивін өңдеуді басқарды, сондай-ақ оның таңдаулы еңбектерінің бес томдығын құрастырушы болды.
Мейіз Сәтпаева
Мейіз Қанышқызы Сәтпаева (1930–2007) – геология-минералогия ғылымдарының докторы, Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ тау-кен металлургия институтының түлегі. Мейіз Қанышқызы үшін мамандық таңдау мәселесі тұрған жоқ. Балалық шағын Карсакпайда өткізіп, геология әлемімен танысқан ол геология ғылымында ата-анасының жолын жалғастырды.
Қазақ елінен шыққан атақты геологтар еліміздің табиғи байлықтарын зерттеу мен оларды игеруде орасан зор еңбек етті. Олардың жұмыстары мен зерттеулері Қазақстанның геология ғылымының дамуына үлкен әсер етті. Геологтардың еңбектері Қазақстанның табиғи ресурстарын тиімді пайдалану мен жаңа кен орындарын ашуға мүмкіндік берді. Олардың іздері қазіргі Қазақстан геологиясы мен тау-кен саласының негізін қалаушылар ретінде тарихта қалды.
