Жаңалықтар

Қазақ даласында ашылған алғашқы мектептер

Қазақ даласында ашылған алғашқы мектептер
Фото: коллаж El.kz 10.10.2024 17:32 739

Қазақ жеріндегі алғашқы мектептер еліміздегі мәдени және білім саласының дамуына айтарлықтай әсер етті. Бұл мектептердің қалыптасуы мен дамуының өз тарихы бар. ХІХ ғасырдың екінші жартысында басталып, орыс империясының білім беру жүйесіне енуімен тікелей байланысты болды. El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі қазақ жеріндегі алғашқы мектептер жайлы зерттеу жүргізіп, еуропалық үлгідегі мектептерді тізбектеп берді.

XIX ғасырдағы алғашқы қазақ мектептері

Қазақ жерінде алғашқы зайырлы мектептердің пайда болуы XIX ғасырдың орта тұсына сәйкес келеді. Орыс империясы бұл кезде өзінің отарлық саясатын кеңейтумен қатар, жергілікті халықты білім беру арқылы «орыстандыру» саясатын да ұстанған болатын. Осы кезеңде орыс тілін, жазуын және басқа да пәндерді үйрететін қазақ-орыс мектептері ашыла бастады.

Қазақ даласындағы алғашқы заманауи мектеп XIX ғасырдың басында ашылды. Заманауи білім беруді қазақтар XIX ғасырда белсенді түрде игере бастады. Ал заманауи үлгідегі мектеп XIX ғасырдың 40-жылдарының басында Бөкей Ордасында пайда болды. «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясының мәліметіне сенсек, бұл оқу орнын ашуды Жәңгір хан бастауымен ашылған.

Жәңгір хан - Бөкей Ордасының соңғы билеушісі. Ол өте білімді адам болған және ғылым мен гуманитарлық пәндерге қызығушылық танытқан деседі. Оны «қазақтың балаларын оқытпай, білімсіз прогреске жету мүмкін емес» деген сенімде болған билеуші деп білген. Білім алуды насихаттау мақсатында ол жаңа салынған мешіттердің жанында бастауыш мектептер ашуға бұйрық берген еді. Жәңгір хан сол кезеңнің ғалымдарымен, зерттеушілерімен және саяхатшыларымен жақынырақ танысуды қалаған. Осылайша ол «Түсіндірме сөздігінің» авторы Владимир Дальмен, Қазан университетінің профессоры Карл Фукспен, шығыстанушы Василий Григорьевпен, саяхатшы Егор Ковалевскиймен, мемлекеттік қайраткер Мусин-Пушкинмен және басқа да адамдармен етене араласқан.

Жәңгір хан Петербург және Ресей империясының басқа да ірі қалаларына барып, сондағы білім беру, мәдениет және өнер салаларындағы өзекті үрдістермен танысып, ғалымдармен тілдескен болатын. Бөкей Ордасында мектеп ашу идеясы Жәңгір ханға оқу орнын ашпастан бұрын келген еді. 1826 жылы ол Карл Фукске мектеп ашу идеясымен бөлісіп, бұл ойын 15 жылдан кейін ғана жүзеге асыра алған екен.

1841 жылдың 6 желтоқсанында хан ордасында алғашқы мектеп ашылды. Екі қабатты ағаш ғимарат сол кезеңнің ең биік құрылыстарының бірі болған еді. Жәңгір хан бұл мектептің қамқоршысы болып, оны өз қаражатымен қаржыландырып отырған. Ханның өзі: «Балаларымыз оқып, қоғамға жақсы қызмет ету үшін ғылымды меңгереді. Бұл - мен үшін үлкен қуаныш. Себебі білім алудың халқым үшін маңызын түсінемін», - деп жазған екен.

Жәңгір хан қазақ жастарын Ресейдің оқу орындарына қабылдатуға қол жеткізген еді. Нәтижесінде ауылдан шыққан жастар Петербург, Қазан, Орынбор, Астрахань сияқты қалалардағы мектептер мен университеттерде білім ала алды. Бұл сол уақыттағы қазақ жастары үшін ерекше мүмкіндік болғаны сөзсіз.

Хан Жәңгір мектебінің алғашқы түлектерінің бірі Мұхамбет-Салық Бабажанов болды. Ол кейіннен Орыс географиялық қоғамының мүшесі атанып, ғылымға қосқан үлесі үшін күміс медаль алған еді.

Жәңгір хан ұзақ жылдар бойы Қазан университетінің басшыларымен жақын араласқан деседі. Ол тіпті екі ұлын Қазан университетінде оқытуға ниет білдірген. Жәңгір хан білімнің қазақ халқы үшін маңызын түсініп, оны кеңінен насихаттаған билеуші болды.

Жәңгір хан негізін қалаған мектептің мақсаты қазақ жастарын орысша оқытып, мемлекеттік басқару және сауда салаларында білікті мамандарды дайындау болды. Орыс тілі мен әдебиетінен бөлек, бұл мектепте математика, география және басқа да пәндер оқытылды. Жәңгір ханның бұл бастамасы қазақ халқының білімге деген сұранысын оятты.

Қазақ жерінде «Жәңгір мектебінен» кейін ашылған екінші оқу орны -1850 жылы Орынбор қаласындағы Шекаралық комиссия жанынан ашылған жеті жылдық мектеп. 7 жылдық мектеп 19 жыл жұмыс істеді. Алғашқы жылы 20 шәкірт оқыды. Оларға 3 мұғалім сабақ берді. 1859 жылы оқуға ниет танытқан балалар саны артып, 40-қа жеткен еді. Мұғалімдердің де қатары толығып, 9-ға жетті.1862 жылы мектептің оқу мерзімі 6 жыл болып қысқартылып, 1869 жылы мектеп толықтай жабылды.

Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық қызметі

Қазақ даласындағы білім беру жүйесінің дамуына үлкен үлес қосқан тұлғалардың бірі – Ыбырай Алтынсарин. Ол 1864 жылы Торғай қаласында қазақ балаларына арналған алғашқы мектептің есігін айқара ашты. Мектеп сол кездің өзінде жаңа әдістемелік бағытты ұстанып, дәстүрлі діни оқуды емес, зайырлы, ғылыми бағыттағы білім беруді көздеді.

Ыбырай Алтынсарин - қазақ халқының ағартушылығы үшін көп күш жұмсаған тұлға. Ол қазақ балаларын оқыту үшін оқу орнын ашуға рұқсат сұрап, бірнеше мәрте үкіметке хат жазған екен. 1860 жылы Алтынсариннің өтініштері қанағаттандырылып, облыстық басқарма Орынбор басқармасында бастауыш мектеп ашуға келісім берген болатын. Шалғайдағы қалада мектеп ашу - оңай емес. Қаражат, мектеп ғимараты мен оқу құралдары қажет болатын. Облыстық басқарма мен жергілікті билік бұл маңызды іске салғырт қарап, патшалық үкімет халықты ағартуды мақсат етпей, тіл білетін іс жүргізушілерді ғана қажет етті. Десе де бұл қиындықтар Алтынсарин үшін тосқауыл болмады.

Сондай-ақ, Ыбырай Алтынсарин 1861 жылы Торғай мектебіне мұғалім болып тағайындалған алғашқы қазақ болды. Ол өзінің ағартушылық идеяларынан шабыттанып, ауылдарды аралап, білімнің маңызын түсіндірді. Халық қолдауының арқасында қаражат жиналып, өзінің кейбір жинақтары қосылып, мектеп ғимаратының құрылысы басталды. 1864 жылдың 8 қаңтарында мектептің салтанатты ашылуы өтті. Қазақ даласында оны «Қара шаңырақ», «Алғашқы қарлығаш» деп атаған. Алтынсарин осы оқиғаға «Кел, балалар, оқылық!» атты әйгілі өлеңін арнап, досы Ильминскийге жазған хатында сақтаған.

1879 жылы Қостанай қаласы құрылған соң мектеп үшін тас ғимарат салу мәселесі шешілді. Оқу ордасының құрылысы 1882 жылы басталып, 1884 жылы Троицк орыс-қазақ мектебі жаңа тас ғимаратқа көшірілді. «Қостанай екі сыныптық орыс-қазақ училищесі» деп аталды. Жабылғалы тұрған мектептің көшірілуі Ыбырай Алтынсариннің тікелей еңбегі десек артық айтпаймыз.

Ыбырай Алтынсарин өзінің педагогикалық қызметінде оқушылардың тәрбиесіне ғана емес, еңбекке баулу мәселелеріне де көп көңіл бөлді. Сондықтан ол Торғайда қолөнер училищесін ашқан еді. Кейіннен оқу орны Яковлев училищесі деп аталып кетті.

Бастапқыда әрбір уездік қалаларда бір орталық училище ашуды жоспарлап, Торғай облысының ауылдарын аралап, халықтан қаражат жинайды. Кейін Илецк, Николаевск, Торғай және Ырғыз уездерінде бір-бірден екі кластық орыс-қазақ училищелерін ашады. Бұл училищелер оқушы және мұғаліммен толығады.

Ыбырай Алтынсарин мектеп ашар алдында тұрғындардың орналасқан жері мен тығыздығын зерттеп, мектеп құрылысына кірісетін еді. Оның есімі Қазақстанда қыз балалар білімінің басталуымен тікелей байланысты. Өкішітісі, осы маңызды бастамасы үшін Ыбырай патша үкіметінің қарсылығына тап болды. Ырғызда қазақ қыздарына арналған арнайы интернат мектебі ашылғанда, Алтынсариннің қуанашында шек болмады.

Ол уездік, болыстық, ауылдық мектептерді ашумен қатар, 1883 жылы Орск қаласында алғашқы қазақ мұғалімдер мектебінің іргетасын қалады. Бұл мектеп қазақ мектептері үшін мұғалімдер дайындады. 1887 жылы 10 желтоқсанда Ыбырай Алтынсарин Қостанай уезіндегі Убаған бір сыныптық болыстық мектебін ашып, алғашқы сабақтарын өткізгені белгілі.

Алтынсарин - мектеп ашумен шектелмей, қазақ тілінде оқулықтар жазып, білім беру жүйесінің іргетасын қалауға бар күшін сарпыған азамат. Оның «Қазақ хрестоматиясы» кітабы мектептерде қолданылған алғашқы қазақ тіліндегі оқу құралы болды. Бұл оқу құралы арқылы қазақ балаларына адамгершілік, білімге құштарлық, еңбекқорлық сынды құндылықтар насихатталды.

Ыбырай Алтынсарин сабақты орыс графикасына негізделіп жасалған қазақ әліпбиімен оқытты. Ыбырай мектебінде өңірдегі жас шамасы 9 бен 13 аралығындағы 14 бала тәлім-тәрбие алған.

1869 жылы Алтынсариннің ұсынысымен мектеп қайта құрылып, орыс қазақ училищесі деген атауды иеленді. Кейіннен 1922 жылы 7 жылдық мектепке айналып, 1945 жылдан Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектеп аталады. «Ыбырай мектебі» өңірдегі халық ағарту ісіне жол салды десек қателеспейміз. Қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы алғашқы қазақ мектебімен шектеліп қалмай, Елек, Қостанай, Торғай уездерінде екі сыныптық орыс-қазақ мектептерін ашады. Мәселен, 1888 жылы 10 сәуірде Орскіде бастауыш мектеп мұғалімдерін даярлайтын мектебі ашылады. Сондай-ақ,  Торғай, Қазалы, Қарабұтақ, Ақтөбе секілді өңірлерде қыздарға арналған мектеп-интернаттың ашылуына ықпал етті.

Орынбор және Ташкент мектептері

XIX ғасырдың соңына қарай қазақ жастарының білім алуына жол ашқан тағы бір маңызды оқиға – Орынбор, Ташкент және басқа да қалалардағы мектептердің ашылуы. Бұл мектептерде оқыған қазақ жастары кейіннен қоғам қайраткерлеріне айналып, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің дамуына үлкен ықпал етті.

Ырғыз өңіріндегі Шахмұрат мектебі

Шахмұрат Құлыбеков - Орынбор қаласында ашылған жеті жылдық мектептің алғашқы түлектерінің бірі. Ол Ыбырай Алтынсарин секілді 1862 жылы Ырғызға оқытушы ретінде жіберіледі. Бастапқыда дайын мектеп болмаған соң оқуға ниетті балаларды үйден оқыта бастайды. 1864 жылы Шахмұрат бастауыш қазақ мектебінің тұсауы кесіледі. Келелі жиынға қазақ ауылдарының тұрғындары мен барлық шенділер қатысады. Мектептің ашылу салтанатында ұлттық ойындар ойнатылады. Сол кездері мектепте небәрі 13-15 бала оқыды. Олардың дені – дәулетті отбасылардан шыққандар. Айта кету керек, Ырғыздағы Шахмұрат бастауыш мектебі 1879 жылы жабылады. Кейіннен Ресей халық ағарту министрінің жарлығымен қазақ-орыс училищесі болып қайта құрылды.

XX ғасырдың басындағы білім беру жүйесі

XX ғасырдың басында да қазақ зиялылары білім беру мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сияқты қазақ интеллигенциясы білім алудың маңыздылығын түсініп, бұл салаға барын салып қызмет етті. Олар қазақ халқының ұлттық санасын оятып, білім беру арқылы қоғамды ілгерілетуді көздеді.

Ахмет Байтұрсынұлының «Тіл-құрал» - қазақ тілін үйренуге арналған ең алғашқы ғылыми-әдістемелік құралдың бірі. Бұл оқулық XX ғасырдың алғашқы жартысында қазақ мектептерінде кеңінен қолданылды.

Орынбор кадет корпусы және зиялы қауымның қалыптасуы

Орынбор кадет корпусы – қазақ жастарына білім берудің ең маңызды орталықтарының бірі. Бұл оқу орны XIX ғасырдың ортасында қазақ жастары арасында зиялы қауымның қалыптасуына жағдай жасады. Орынбордағы кадет корпусында Шоқан Уәлиханов білім алды. Ол өз заманының ең сауатты тұлғаларының бірі болды. Қазақ қоғамының орыс империясымен байланысын нығайтуға ықпал еткен маңызды қайраткер ретінде танымал.

Шоқан Уәлиханов кадет корпусында оқып жүрген кезінде орыс және еуропалық мәдениетпен танысып, білім көкжиегін кеңейтті. Ол қазақ қоғамын реформалауға, мәдени жаңғыртуға бағытталған зерттеулер жүргізіп, қазақ халқының этнографиясы, тарихы мен әдебиетін зерттеді. Бұл оның білім алуының тікелей нәтижесі болатын.

Ахмет Байтұрсынұлының реформалары және «Жаңа әліппе»

XX ғасырдың басында қазақ білім беру жүйесінде үлкен өзгерістер болды. Ахмет Байтұрсынұлының латын қарпіне негізделген жаңа әліпби жасауы бұл өзгерістердің ең маңыздысы болып саналады. Байтұрсынұлы қазақ халқының сауаттылығын арттыру үшін жаңа әліпбиді жасап қана қоймай, қазақ тілін үйренуге арналған оқу құралдарын да шығарды. Оның «Тіл-құрал» оқулығы қазақ мектептерінде кеңінен қолданылды.

Ахмет Байтұрсынұлының білім беру саласындағы реформалары қазақ халқының ұлттық сана-сезімін оятуға, ұлттық бірегейлікті сақтауға бағытталды. Ол қазақ халқының өз ана тілінде сауат ашуын маңызды деп санап, қазақ тілі мен әдебиетіне негізделген білім беру жүйесін құруға тырысты. Бұл реформалар Кеңес үкіметі кезінде де жалғасын тапты.

Кеңес дәуіріндегі мектептер

Кеңес үкіметі орнаған соң, білім беру жүйесі толықтай мемлекет бақылауына өтті. Бұл кезеңде қазақ даласында жаппай сауатсыздықты жою науқаны басталды. Қазақ мектептерінің саны көбейіп, оларда жаңа үлгідегі білім беру бағдарламалары енгізілді. Кеңестік мектептерде орыс тілі мен әдебиеті негізгі пәндер ретінде оқытылса да, қазақ тілінде де білім беру жалғасты.

1930 жылдары басталған «Мәдени революция» аясында қазақ зиялыларының жаңа буыны қалыптасып, ел ішінде жаппай сауаттылық артып, ұлттық білім беру жүйесі нығая түсті. Мысалы, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров сияқты қайраткерлердің шығармалары арқылы қазақ халқының мәдениеті, тарихы мен әдебиеті жаңа деңгейге көтерілді.

Қазақ жеріндегі алғашқы мектептер тек білім беру орталықтары ғана емес, қазақ қоғамының әлеуметтік, мәдени және саяси дамуына әсер еткен маңызды институттар болды. Бұл мектептер қазақ жастарына білімнің құндылығын түсіндіріп, ұлттың жаңа буынын тәрбиелеп шығарды. Әсіресе, Ыбырай Алтынсарин сияқты ағартушылардың еңбегі қазақ халқының білімге деген ұмтылысын арттырды.

Алғашқы қазақ мектептері ұлттық сана-сезімнің қалыптасуы мен халықтың мәдени-әлеуметтік дамуына үлкен ықпалын тигізді. Осы білім беру ошақтарының арқасында қазақ халқының жаңа әлеуметтік тобы – ұлттық интеллигенция пайда болды. Бұл мектептер оқу орындары ғана емес, жаңа ойдың, жаңа бағыттың негізін қалаған ұлттың рухани жаңару орталықтары болды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға