Қазақ даласы іріген жүн мен шіріген теріге толып бара жатыр - депутат
Депутат Аманжол Әлтай Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтен тері мен жүннің мәселесін шешу үшін қандай шаралар атқарылып жатқанын сұрады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ауыл шаруашылығындағы тері мен жүннің құны кеткені соншалықты қазақ даласындағы топырақ асты іріген жүн мен шіріген теріге толып бара жатыр. Өткенде ғана әріптесім Ерболат Жалғасбайұлы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевқа нақты сұрақ қойды. Сонда Марат мырза тері мен жүннің эскпортқа шығуға шектеу қойылуына және баж салығының болуына Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұсынысы себеп болған. Осы тері мен жүнге шектеу мен баж салығын алып тастауды қашан шешесіздер? – деп сұрады депутат.
Өз кезегінде депутатқа жауап берген Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев тері өңдейтін зауыт салынатынын айтты.
Мынау тері мен жүнді терең өңдеу мәселесі бойынша былтырғы жылдың аяғынан бастап негізгі құзыретті өзімізге алдық. Біріншіден, субсидиялау жұмысына өзгерістер енгізу барысында тері өңдейтін зауыттарға 25 пайыз субсидия төлену мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Бұл біздегі өндірісті дамытуға жол ашады деп ойлаймын. Екіншіден, шетелдік инвесторларды Қазақстанға шақырып, ел территориясында зауыт салуды жоспарлап жатырмыз, - деді министр
Сондай-ақ министр баж салығын алуды АШМ толық қолдайтынын атап өтті.