Қазақ боксшылары IBF рейтингінен көрінді
IBF Халықаралық бокс федерациясы барлық салмақ дәрежесіндегі боксшылардың рейтингін жаңартты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Sports.kz-ке сілтеме жасап.
Мәселен, бірінші ауыр дивизионда Серік Мусадилов 15-ші қатардан көрінді. Көшбасшылар үштігіне поляк Матеуш Мастернак, британдық боксшы Ричард Риакпоре және оның жерлесі Крис Биллам-Смит кірді. Бұл салмақта австралиялық Джей Опетая IBF әлем чемпионы атанды.
Екінші орта салмақтағы рейтингте тағы бір қазақстандық боксшы Әли Ахмедов алтыншы орнын сақтап қалды. Бірінші орынды британдық Уильям Скалл, екінші орынды ресейлік Владимир Шишкин, үшінші орынды американдық Калеб Плант иеленді. Чемпиондық атақ мексикалық Сауль «Канело» Альвареске тиесілі.
Геннадий Головкин чемпион болып саналатын орта санатта Мейірім Нұрсұлтанов жетінші қатарда қалды. Рейтингте бразилиялық Эскива Фалькао топ жарды, одан кейін австралиялық Майкл Зерафа мен итальяндық Винченцо Гуальтиери тұр.
Екінші жартылай жеңіл дивизионда қазақстандық Сұлтан Заурбек 14-ші орынды иеленді. Бұл салмақтағы әлем чемпионы - Тәжікстаннан келген Шавкат Рахимов, ал британдық Джозеф Кординаға үшінші орын бұйырды.