Жаңалықтар

Қазақ балаларының арасынан Олимпиада чемпионын шығарсам деймін – Есбол Сұлтанов

Қазақ балаларының арасынан Олимпиада чемпионын шығарсам деймін – Есбол Сұлтанов
Фото: Қазақстан таеквондо федерациясы 14.02.2025 04:09 524

Есбол Сұлтановты көпшілік Туниске таеквондодан Олимпиада тарихи алтынын сыйлаған соң тани бастады. Отандық таеквондошылар Бейжің олимпиадасынан бері жүлде алмағанын ескерсек, Сұлтанов секілді мамандар өзімізге керек-ақ. Мұны президент Қасым-Жомарт Тоқаев та баса айтты. Талай жылдан бері жүлде арман болған бұл жекпе-жек түріне шынымен де өзгерістер қажет еді. Париждегі ойындардан соң федерация басшылығы түбегейлі ауысып, ал осыдан біраз уақыт бұрын Есбол Сұлтанов құрама тізгінін ұстағанын білдік. 2024 жыл қорытындысы бойынша әлемнің үздік бапкері атанған Есбол Сұлтанов әріптесіміз Ақырыс Сейтқазының YouTube арнасына сұхбат берген екен. Осы орайда сол сұхбатты назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

El.kz: Есбол, құраманың бапкері ретінде жұмысқа кірісіп жатыр екенсіз. Құтты болсын дейміз! Өзге елдерден де шақырту болғанын білеміз, сөйте тұра сіз Қазақстанды таңдағаныңызды естіп қуанып қалдық.

Есбол Сұлтанов: Бір жыл Тунис құрамасымен жұмыс істеп, Олимпиада чемпионын шығарып, сол арқылы әлемнің үздік бапкері атағына қол жеткіздім. Бұл дүниежүзіне қазақ таеквондосының жемісі ретінде танылды. Бапкер ретінде карьерамның шыңына жеттім, енді сол тәжірибемді, білгенімді өзіміздің балаларға үйретсем, енді қазақ балаларының арасынан Олимпиада чемпионын шығарсам деген арманым бар. Әйтпесе өзге елдерден де шақырту түсті, бірақ менің таңдауым өзіміздің елдің таеквондосы болды. Қазақстаннан Олимпиада чемпионы шықса, көк туымыз желбіресе, қуанышымыз еселене түсуші еді. Сонымен қатар мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөз арасында менің атымды айтып тұрып сөйлегені «елге кел, қазаққа қызмет ет» дегені деп түсіндім. Үшіншіден, Астанада спорт министрімен, спорт комитетінің басшысымен кездескенде, олардың бәрі осы саланы көтерсек деп жанып тұрғанын байқадым. Бюджетті жоспарлау, өңірлерде спортты дамыту секілді жоспарларын естідім, өте керемет. Бұл да маған демеу болды.

Сондықтан қолымызды ысқылап кіріскелі отырмыз. Жұмыс өте көп, халықаралық тәжірибе алмасу, спортшылардың физикалық, психологиялық даярлығына ерекше мән береміз. Себебі саңлақтарымыздың өз-өздеріне деген сенімі артуы керек. Сыртта жүріп үйренген тәжірибені, ерекше әдістерді енгізу ойымда бар.

El.kz: Тунисте сіз шетелдік маман ретінде жұмыс істедіңіз. Сырттан келген бапкерге жергілікті жаттықтырушылар қалай қарады? Жұмысқа кедергілер болған жоқ па?

Есбол Сұлтанов: Тунисте таеквондоға деген қызығушылық ерекше. Сондықтан олар бұл спортқа қатты мән береді. Ал Қазақстанды таеквондо әлемінде аса танымал деп айта алмайсың. Тунисте Қазақстанның барын білмейтіндер де көп. Тиісінше қазақ бапкері жұмысқа келгенін естігенде көптеген сын болды. Бірақ сын кәсіби тұрғыда жасалады, яғни жан-жақты сараптама жасалып, түрлі фактілер келтіріліп айтылды.

Арада бір ай өткенде Гран-приге барып, Тунис құрамасы екі алтын медаль алды. Жалпыкомандалық есепте бірінші орын алдық. Бұрын бір алтын алмаған ел екі бірдей алтынмен оралды. Бұл бұған дейінгі бапкерлердің жұмысының нәтижесі дедік. Ол рас. Себебі бір айда керемет нәтижеге жету мүмкін емес. Бірақ ниеттендік, сол жолда жұмысымызды жалғастырдық. Үш-төрт айдан соң Париж олимпиадасына лицензиялық турнир өтіп, сол жерде төрт жолдама алдық. Сол уақытта бұған дейін сынағандар шынымен де мойындап, біраз жұмыс істелгенін, балалардың бойында, өнерінде өзгеріс барын алға тартты. Ол жақта сынға федерация президенті кәдімгідей жауап береді. Ашықтық бар.

Біздің федерацияда да біраз өзгеріс болды, басшылық толық жағдай жасаймыз, ішкі, шетелде өтетін аламандарға таеквондошылар еш қамсыз дайындық жасайтын болады деп отыр, жоспарларын көрсетті, маған ұнады.

Бізде таеквондода ата-аналар өте белсенді, кейде оның салдары бапкерлермен түсінбестікке әкеліп жатады. Сондықтан ата-аналармен жұмыс істейтін комитет құрылмақ. Олар кез келген келеңсіздікті жан-жақты зерттеп, сарап жүргізіп, ата-аналармен сөйлеседі. Федерация президенті де кез келген мәселені ашық талқылауға дайын екендігін жеткізді.

El.kz: Рас, басқа спорттан гөрі, осы жекпе-жек түрінде ата-аналардың бапкерлер тарапына айтатын реніші көп. Бұған дейінгі сәтсіздіктердің себебі де сол балаларға жасалған қиянат па?

Есбол Сұлтанов: Таеквондо – әдемі спорт түрлерінің бірі. Сондықтан шығар, ата-аналар балаларын осы спортқа көптеп әкеледі. Бұл өте қуанышты жайт. Кейбір бапкерлер ата-аналардың белсенділігін ортақ жұмыс үшін, ортақ жеңіс үшін тиімді пайдалана алады, яғни жаттығудан тыс уақытта баланы қалай қолдау керек, қалай демеу болу керектігін, баламен қалай сөйлесу керектігін түсіндіреді. Өкінішке қарай, мұны теріс мақсатта қолданатындар да бар. Кім де болса баласының құрама іліккенін, ірі жарыстарға барғанын қалайды. Жеке бапкер де, ата-ана да. Кейде кейбір жаттықтырушылардың құрама бапкерлеріне ата-аналарды пайдалана отырып шабуылдайтынын жоққа шығармаймыз. Бұл – арандатушылық. Мұның соңы дарынды балалардың спортпен қош айтысуына әкелуі де мүмкін. Осыны бәрі түсінсе екен деймін. Бұл әңгімелер тіпті министрлікке дейін жетеді. Әйтпесе құрама тізгінін ұстаған маман да шәкірттерінің нәтиже көрсеткенін, жеңіске жеткенін қалайды, мықтыларды іріктеуге тырысады. Бұйыртса, бұл мәселелермен де жұмыс істейміз.

El.kz: Жарыстар қашан басталады?

Есбол Сұлтанов: Негізі алдымен «Фуджейра Оупенге» қатысамыз деп ойлағанбыз, оған әлемнің түкпір-түкпірінен мықтылар келеді. Дегенмен енді наурыз айынан бастаймыз деп отырмыз. Себебі асығыстық керек емес. Ол балаларға кедергі келтіруі мүмкін. Балаларды жан-жақты жаттықтырып, психологиялық тұрғыда дайындап барып қана бақ сынаған жөн.

Бастысы, таеквондоға көзқарас түзу. Басшылық та қолдауға дайын. Сондықтан бапкерлер мен ата-аналар бірігіп, балалардың жеңісі үшін берлесіп жұмыс істейміз деп үміттенемін.

Қазір біз өңірлердегі бапкерлер жұмысына ерекше мән беріп жатырмыз, ауыл-аймақтардан таланттарды іздеуіне жағдай жасаймыз, себебі тасада қалып қойып жатқандар қаншама. Оларды интернаттарға алдыртып, білікті мамандардың жұмыс істеуіне мүмкіндік беріледі. Мемлекет басшысы, федерация президенті спортты, таеквондоны дамытамыз деп алдымызға мақсат қойып отырғанда, нәтиже бермесек, өте ұят болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға