Жаңалықтар

Қазақ ақын-жазушылары да спортпен белсенді айналысқан

Қазақ ақын-жазушылары да спортпен белсенді айналысқан
Фото: footballwhispers.com 06.11.2022 15:38 3339

Әлем дамуының тарихы болса, сол тарихи көне күндеректе спорттың алар өзіндік қолжазбасы, тарихы хатталған. Себебі, спорт адамзат баласымен бірге пайда болып, бірге жасап келеді. «Кешегі күн – бүгінгі күннің айнасы» – десек бүгінде асқақтап ұлықтайтын спортқа қатысты жылнамалар баршылық. Тарихқа хатталған мәліметтерді ақтарып отырып, біраз нәрселерге қанық болған едік.

Балдәурен шағын Абай қоныс тепкен дархан даланың жұпар иісіне қанып өскен бозбала Мұхаң қазақ тілінің сөзін байытып «Абай жолы» эпопеясы секілді әлем көкжиегінен орын алған құнды дүние алып келді. Осылайша әлемдік деңгейде баға алған Мұхаңның спортпен айналысқаның әдебиетшілер мен тарихшылар білмесе, қарапайым жұртшылық біле бермейтіні шындық.

Жастық жағын Алаштықтардың бас штабы орналасқан Семей қаласында өткізген Мұхтар Омарханұлы ХХ ғасырдың басында алқызыл түсті жібек лентамен жасалып, ортасындағы бөлігі жасыл түсті қымбат матамен жиектеліп, «Ярыш» деген сөз арабша кестеленген эмблемалы футбол командасында өнер көрсетіпті. Бозбала Мұхаң «Ярыш» футбол командасында жартылай қорғаушы міндетін атқарған екен. Шабуылдаушы болып ойнаған екен. Тіптен, жазушы тамаша шабуылдаушы, сүр мерген ретінде көзге түсіпті.

«...1913 жылдың күз айында Семейде мұсылман жастарынан тұңғыш «Ярыш» футбол командасы құрылып, оның құрамына қазақ, татар, өзбек балалары кіреді. Мұхтар ағаның бірден алғашқы ұйымдасқан футбол командасына алынуы ол кісінің бұған дейін де доп ойнап, шеберлігін ұштап, футбол өнеріне деген шын ықылас танытқандығының куәсі болса керек. Бұл туралы Салих Хисматуллин: «Мұхтар «Ярышқа» 1913 жылы келді, екеуміз жасөспірімдер командасына кірдік. Ол 16 жаста, мен 15-те болатынмын. Мен шабуылшы, Мұхтар жартылай қорғаушы міндетін атқарды. Ол ерекше ынтамен өте жақсы ойнайтын. 1914 жылдың күзінде біздің команда гимназисттердің орыс жастарынан құралған ең күшті командасымен кездесіп, жеңіске жетті. Сонда қарсыластар қақпасына бірінші допты түсірген Мұхтар болатын», – деп жазылған «Семей таңы» газетінде (29.04. 1977 ж.).

Мұхаңның халықтың рухани кемелденуіне ықпал жасаған туындылары Алматы шаһарында дүние келгенін бәрімізде білеміз. Сол әсем қалада Мұхаң шығармашылық еңбегімен шектелмей спортқа өзінше жанкүйер болып, жергілікті «Қайрат» футбол командасын демеп жүргендігі тағы бар.

Ал қазақ поэзиясының аса көрнекті шебері, ірі драматург және белгілі әдебиет зерттеушісі Әбділда Тәжібаев кемелденген шағында: «...Мен «Қайратқа» ауыруды жігіт кезімде бастағанмын, қазір шал болдым. Соған қарамастан, үнемі назар аударып, көңіл бөліп отырамын. Жанкүйер жасында кәрілік болмайды...», дей келе:

«Япырмай, бұл «Қайратты»,

Кез-келген бір жайратты.

Қашанғы жүрмек осылай,

Көрсетпей күш қайратты

«Қайратым» деп мен жүрмін,

Қайраттанбай сен жүрсің...», дегендей жыр шумақтарын арнап, сол кездегі қазақ футболының аяқ алысын жырлаған екен.

Әбекен осылайша солғын тартып, ойын үрдісінде қан жүгірмей жүрген шақта жырласа, көзі қарақты өр ақын Тұманбай: «Қайратқа қарап қайғыны азайттық, Барлық жерде «Қайрат» жайлы сөз айттық, Барлық жерде «Қайратты» біз жырладық, Жанкүйердің жүрегі боп туладық,..» - дегені жанкүйер ретінде спортқа жаны ауыратыны жайлы аңғаруға болады. Негізінен «Қайрат» футбол командасының төңірегінде айтылған ойлар мен сөздер тарих беттерінде көптеп кездеседі. Жоғарыда былғары доп тепкен әдебиетке жаңа серпін беруші Мұхаң да «Қайрат» футбол командасының ойындарын қолы қалт еткенде тамашалап жақсы ойнаса қуанып, нашар ойын өнерін көрсетсе «Пәлі, өздері борсалаңдап, жүгіре де алмайды ғой», деп ренжитін көрінеді. 

Ал ел ғылымының дамуына сүбелі үлес қосқан, академик, қайраткер ғалым, т.ғ.д., профессор Серікбай  Бейсембаев: «Спорт – денсаулық кепілі. Ол адамға қайрат-жігер, ынта-ықылас береді. Мен спортпен өмір бойы достасып келе жатқан адаммын. Жамандығын көргем жоқ. Соның ішінде шахматты жаныма жақын тартамын. Бұл ақылдың, ерік-жігердің, ойдың ойыны. Кезінде республика шахмат Федерациясының ұзақ жыл Президенті болдым. Бірінші разрядым бар. Шахмат спорты бойынша республикалық дәрежедегі төрешімін. Сондай-ақ, волейбол, футбол ойындарын ұнатамын», – деп спортты жанына өмірлік серік еткенің өрнектейді.  

Ал ақиық ақын, талайларды тамсандырып, бас идірген Мұқағалидың да спортта өзіндік қатысы бар көрінеді. Оны жұбайы Лашын апайдың естеліктерінде: «...Мұқағали спорттың патшасына – боксты балайтын. Сондықтан да болар, ұлдарын бокс секциясына жазғызды...», - деп жазады.

Бұл игі дәстүр бүгінгі өмірімізде де өз бедерін беруде. Тіптен, Кәрі құрлықтық теңбіл доп додалары мен жаһандық чемпионатты қалт жібермей тамашалайтын зиялылар көп-ақ. Олардың ұзын тізбегін келтіре беруге болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға