Қазақ әншісі бүкіл әлемді мойындатты
Күміс көмей қазақ әншісі бүкіл әлемді мойындатты. Атыраулық Санат Асуат Бакуде өтіп жатқан «Әзірбайжан дауысы» байқауына қатысып, жиылған жұртты аузына қаратты.
Әлемге танымал ән байқауының қорытындысы бойынша 19 жастағы бойжеткен Voice франшизасы бойынша бұрын-соңды өнер көрсеткендердің ішіндегі ең мықты 20 орындаушының қатарына кірді.
Байқаудағы қазылар алқасының айтуынша, Санат – тек ән айтып қойған жоқ, басқа әлемнің есігін ашып бергендей әсер қалдырған. Оның біресе нәзік, біресе қуатты естілген ерекше дауысы – алғашқы секундтардан-ақ тыңдарманды баурап алды. Әннің соңғы нотасына дейін сілтідей тынған жұрт Санат орындап бола сала қошеметке бөлеп, ризашылықтарын білдірді. /шум қошемет/
Тіпті, байқаудың алғашқы кезеңінде ол өзіне тәлімгер таңдар кезде де біраз әуреге түсті. Себебі, қазылар Санаттың өз командасында өнер көрсеткенін қатты қалағандай...
Оның орындауындағы осы туынды ресми түрде Best of the Voice байқауының Youtube арнасында жарияланды.
Санат Асуат Атырау қаласының тумасы. Бұған дейін балалар арасындағы байқауларда топ жарып жүрген жас жұлдыздың бұл үлкен сахнаға алғаш шығуы екен. Қазір Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті. Талантты да талапты қыз «Эстрада вокалы» мамандығы бойынша білім алып жүр.