Қайырымдылық істеуге атсалысқанымызға қуаныштымыз – Ninety one
Елордада қазақстандық танымал «Ninety One» тобы солистерінің қатысуымен «Bolashak Bright» қайырымдылық жобасының тұсаукесері өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz акпараттық агенттігі.
Қайырымдылық жобаның ұйымдастырушысы – «Болашақ» корпоративтік қоры. Оның негізгі мақсаты – Қазақстанның қайырымдылық қорларына қаражат жинау және қайырымдылық жасаушылар арасында бағалы жүлделер мен сыйлықтар ұтысын өткізу арқылы қайырымдылықты танымал ету. Жиналған қаражат Қазақстанның қайырымдылық қорларының жобаларын жүзеге асыруға бағытталады.
«Болашақ» қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Динара Гаплан қордың ашылуына неліктен дәл «Ninety one» тобын шақырғанын айтты.
«Ninety one» жанкүйерлері көп, жастар арасында танымал топ. Сондықтанда бүгінгі қордың тұсаукесеріне осы топты шақырдық. Біздің ұсынысымызды қабыл алып, қайырымдылық қорымен бірге жұмыс істеуге келіскені үшін өте қуаныштымын. Алдағы уақытта әлі талай қайырымды істерді бірге атқаратын боламыз деп сенемін», – деді ол.
Кездесуде ««Ninety one» тобының мүшесі Дулат Мұхаметқали қайырымдылық қорына не үшін қатысып жатқандарын айтты.
«Көптеген қайырымдылық қор соңында есебін көрсете бермейді. Алайда осы жолғы өткізіліп жатқан қайырымдылық қордың есебі ашық түрде көрсетілетін болады. Біз қайырымдылық істеуге атсалысып жатқанымызға қуаныштымыз», - деді ол.
Алғашқы қаражаттың жиналуы 23 ақпан мен 23 наурыз аралығында өтеді. Жиналған қаражат «Kobelek Balalar» қорына буллезді эпидермолизбен ауыратын 8 жасар Тимур Сидировқа екі қолдың саусақтарын ажырату бойынша ота жасауға жұмсалады. Қаражаттың жұмсалуы туралы есептер жобаның сайтында жарияланады.
Тұсаукесерге жобаның ұйымдастырушылары, «Ninety One» тобының мүшелері, серіктестер, қайырымдылық қорларының басшылары, блогерлер, журналистер қатысуда.