Жаңалықтар

«Қайтыс болған»: Петропавл тұрғыны өзінің тірі екенін растайтын құжатқа қол жеткізе алмай жүр

«Қайтыс болған»: Петропавл тұрғыны өзінің тірі екенін растайтын құжатқа қол жеткізе алмай жүр
Фото: El.kz 26.04.2023 13:15 1268

Петропавл тұрғыны ұзақ жыл бойы мемлекеттік органдарға 20 жыл бұрын өзінің қателесіп "жерленгенін" дәлелдеуге тырысып жүр. 66 жастағы Валерий Арих қайтыс болғандар тізімінде бар екенін 2018 жылы білді. Бірақ ол "марқұмдар" тізімінде бола тұрып, колонияда жазасын өтеп шыққан, - деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Телеарна мәліметінше, бес жылдан бері Валерий Арих "өзін өмірге қайтаруға" көмектесетін құжаттарды қалпына келтіруге тырысып баққан. Ер адам өткен күндерін еміс-еміс еске түсіре алады. Ол Петропавлда дүниеге келген, ата-анасымен және ағаларымен бірге тұрып, зауытта жұмыс істеген, әскерде қызмет еткен. Оның айтуынша, жақындарының ешқайсы қазір жоқ. Анасы қайтыс болғаннан кейін ол бір әйелмен араласа бастаған. Бірақ 2007 жылы Валерий Арих мас күйінде әйелдің ұлын соққыға жыққан, бұл жігіттің өліміне әкеп соққан. Осылайша, Валерий Арих 7,5 жылға сотталды. Ал ол жазасын өтеген кезде тек әскери билеті мен босап шыққаны туралы анықтамасы болған. Жазасын өтеп шыққан кезде қайтып оралатын жері болмады.

"Жақсы адамдар көмектескенше, әр жерде жүрдім", - дейді ол.

Валерийдің пәтерін қашан және кім сатқаны белгісіз. 2018 жылы оған қала тұрғындарының бірі көмектесті. Қала маңындағы Бескөл ауылына орналастырып, тамақтандырып, жуындырып, уақытша баспана берген. Құжаттарды қалпына келтіру туралы мәселе туындаған кезде, АХАТ органдары ер адам 2002 жылы "жерленгенін" анықтаған, ал базада ол 20 жыл бойы қайтыс болғандар тізімінде тұр.

"АХАТ бөлімдерінде өлім туралы медициналық куәлік негізінде немесе сот шешімі бойынша тіркеледі. Бұл жағдайда өлім сот шешімі негізінде тіркелді. Бізге өтініш беруші заңды күшіне енген сот шешімімен келді және АХАТ бөлімінің қызметкерлері 2002 жылы өлім дерегін тіркеді. Енді оны қалпына келтіру үшін соттың дәл осындай шешімі қажет", - дейді Петропавл қаласы әкімі аппаратының АХАТ бөлімінің басшысы Баян Ахметова.

Сотта өтініш беруші Васильева деген әйел екені, ол 2007 жылы Ресейге көшкені айтылған. Соттың 20 жылдан кейінгі шешімін табу да қиынға соққан.

"Петропавл қалалық сотына өтініш жолдадым. Мұндай шешім жоқ деген жауап келді. Мемлекеттік мұрағатқа сұрау салынды. Мұндай шешім жоқ деген жауап алынды. Сондықтан оған өтінішті қанағаттандырудан бас тартылды, заң бойынша жоқ нәрсені жоя алмаймыз. Біз бұл шешімді таппадық", - дейді №2 Петропавл қалалық сотының судьясы Лариса Кочнева.

Валерий зейнеткер ретінде үш жыл қатарынан тіркеуде тұр, бірақ құжаттары болмауына байланысты зейнетақы ала алмайды. Бірақ ең жаманы ер адам медициналық көмекке мұқтаж, ал ол "қайтыс болғандар" мәртебесінде тұрғандарға көрсетілмейді.

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға