Жаңалықтар

Қайрат Рысқұлбековпен алаңда бірге болған желтоқсаншымен сұхбат

Қайрат Рысқұлбековпен алаңда бірге болған желтоқсаншымен сұхбат
Фото: Коллаж El.kz 19.12.2023 18:24 7685

Қайрат Рысқұлбековпен 1986 жылдың 18 желтоқсанында алаңда бірге болған желтоқсаншы Бауыржан Қайранбеков оқиғаның қалай болғанын егжей-тегжейлі айтып берді. Желтоқсаншы Қайрат Рысқұлбековтің өзіне қол салғанына күмән келтіреді. Қайрат сынып кетсе, өлім жазасына кесілгеннен кейін қол салар еді. Жазасы жеңілдетілгеннен кейін мұндай қадамға баруына себеп жоқ еді дейді ол. Сондай-ақ оның күмәнін сол түрмеде қызмет еткен куәгердің сөзі одан ары арттыра түскен.

Түрмеден шығып, ауылыма келгеннен кейін Қайраттың көз жұмғанын естідім.  Өз-өзіне қол жұмсаған деп ресми ақпарат берілген екен. Шынымды айтсам, мен оған сенбедім. Өйткені Қайраттың қандай қайсар жігіт екенін білетін едім. Ол батыл әрі қайсар жігіт еді, мұқалу мен езілу оған тән емес еді. Ақкөңіл әрі елгезек жігіттің осындай өзекті өртеп, ерте қиылғаны жаныма батты. Ол тірі болғанда еліміздің гүлденуі жолында өз үлесін қосатыны сөзсіз еді.

Менің бұл күдігімді кейінірек болған мына оқиға растағандай болды. Арада біраз уақыт өткеннен кейін ғылым жолына түсіп, экономика ғылымдарының кандидаты болып, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне жұмысқа тұрдым. Әріптестеріммен Желтоқсан оқиғасы туралы аз-кем әңгімелесіп қалатынбыз. Сонда бір келіншек маған ағасының Семейдегі түрмеде жұмыс істегенін айтты. Оның сөзінше, Қайратты аяқ астынан Семей түрмесіне әкеліпті. Оның қасына кісі өлтірген «Цыган» деген лақап атпен танылған, 7 рет сотталған Кузнецов отырғызылған екен. Келіншектің ағасы ажалы содан келді деп күмәнданатынын айтқан.

Оқиғаның барлығы көз алдымнан өтті. Басынан бастап баяндайын.  Ол кезде мен Алматыдағы Сәулет-құрылыс университетінде 1-курста оқитын едім. Біз Қайратпен бірге бір жатақханада, бір бөлмеде тұратынбыз. Өз арамыздан сайланған жатақханада студенттер кеңесі болатын. Сол кеңестің төрағасы Қайрат болды.

17 желтоқсан күні түнде жатақханаға деканның орынбасары келді. Ол бізге жастардың алаңға жиналып жатқанын айтты. Жастар 18 минуттық пленумда Қонаевты орнынан алып тастап, Колбинды елімізге басшы етіп қойған шешіммен келіспей, жиналыпты. Ешкім жатақханадан шықпасын, кезекшілікке тұрып, күзетіңдер деді. Бізді кезекшілікке қойды.

Біз өз арамызда талқылап, алаңға барамыз деп шештік. Не болып жатқанын өз көзімізбен көрейік дедік. Түнгі 3-ке дейін қалай шығып кететінімізді талқыладық. Таңертең ерте тұрып кететін болдық.

18 желтоқсан күні бәріміз алаңға қарай бет алдық. 8:30 шамасында алаңға келдік. Біз келгенде айналамыз тыныш еді. Алаңда екі мыңға жуық студент жиналып қалған екен. 10-15 минут уақыт өткенде полиция жасағы шабуылдай бастады. Жиналғандар жан-жаққа шашырап қашып кеттік. Полиция жасағынан қашамыз деп, бір-бірімізді таппай қалдық. Айнала у-шу болып жатты. Өзімізді қорғау үшін жерде жатқан таяқты алып алдық. Осы таяқты ұстап кетіп бара жатқан суретімізді түсіріп алған екен. Осы суреттер кейін өзімізге таяқ болып тиді.

Үкімет жағындағы күзетшілерге негізінен орыстарды қойған. Екі жақтағылардың да қолында таяқтары болды. Кейін білдік, олар күзетшілерге әдейі орыстарды қойған екен. Қазақ жігіттері орыстарды сабап тастады, бұл – қазақ ұлтшылдығы деп айыптауды басынан ойластырған екен.

Қайрат, Ертаймен бірге аграрлық университетте тұратын Қайраттың туысына келе жаттық. Жатақхана жанына келгенде орыс күзетшілерінің қазақ қыздарын соққыға жығып жатқанын көрдік. Қалай қазақ қызын ұрғызып қойып қарап тұрамыз? Жігіттік намысымыз бойымызды биледі. Бірақ ол жігіт қашып кетті.

Түскі уақытта мен олардан адасып қалдым. Сол кезде олар Ертай екеуі полицей жігітпен төбелесіп қалған екен. Бірінші Қайрат ұрған, сосын Ертай да соққыға жыққан. Мен олардың қасында болмадым, өздері айтып берді.

Жатақханаға келгеннен кейін КГБ-ның адамдары келді. Қайратты фотоға түсіріп алған екен. «Осы жігітті таныдыңдар ма? Қайрат Рысқұлбеков пе?» деп сұрады. Оның бас киімін басып киіп алған екен. Бетіне шарф ораған, түрі анық көрінбейді. Біз оны таныдық, бірақ «ол емес, оған ұқсамайды» деп айттық. Кейін білдік, олар Қайрат екенін біліп, әдейі келген екен.

Көп уақыт өтпей-ақ бізді қудалау басталды. Мені осы оқиғаға қатысқаным үшін 3 жыл 7 айға соттады. 5 рет фотоға түсіріп алған екен. Сол суреттерімді алға тартып, мені айыпты деп, шешім шығарды. Мен ұсталғаннан кейін жанымдағы жігіттерді де ұстаған екен. Тергеуде менен «сағат 10:30 бен 11:00 аралығында Қайрат қасыңда болды ма?» деп сұрады. Мен бәріміздің бірге жүргенімізді, бірақ кейде бір-бірімізден көз жазып қалып отырғанымызды айттым. Сот шешімі шыққан кейін түрмеде отырдым. ҚазақКСР басшылығы Мәскеуге өтініш жасап, бізге кешірім беріп, көбімізді ертерек босатты. Мен де солардың арасында болдым. Босатылып келгеннен кейін ауылыма оралғанда ғана Қайраттың көз жұмғанын естідім. Мезгілсіз, әділетсіз қаза өзегімді өртеп кетті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға