«Қайдан келген ақша». Танымал тұлғалар салық төлеуден жалтарғаны рас па?

Фото: коллаж El.kz
Фото: коллаж El.kz
19.02.2025 10:57
979
Мемлекеттік кірістер комитеті кейбір блогерлер мен танымал тұлғалардың табысын жасырып, салық төлеуден жалтарып жүргенін анықтап, 594 тұлғаның 53,3 миллиард теңге көлеміндегі кірісі салық есебіне сай келмейді деп таныды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Осыған қатысты белгілі кәсіпкер Сырымбек Тау әлеуметтік желіде пікір білдіріп, салық төлеуден ешқашан жалтармағанын айтты.
Менің қатысым бар компаниялар кемінде 10 миллиард теңгеден астам салық төлеген. Ал 114 миллион теңгеге жарнама жасап, салық төлемеді немесе блогер ретінде 114 миллион теңге табыс тапты деген ақпарат түсініксіз. Осы мәселеге қатысты есепшім барлық құжаттарды мұқият тексеріп, 2022-2023 жылдарға қатысты мән-жайды анықтайды. Естеріңізде болса, туған күнімде ешқандай сыйлық қабылдамай, “Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығына көмектесейік” деген бастама көтердім. Сол кезде 77 миллион теңге жиналып, оның үстіне өз қаражатымнан қомақты үлес қосып, орталыққа бердік. Қазіргі күнге дейін сол орталықтың шығынын өз мойныма алып келемін. Бүгінде ай сайын 300-ден астам бала тегін емделеді. Егер банктік карталарға түскен қаражаттарды осылай салық есебіне енгізетін болса, онда әрбір Қазақстан азаматының картасы тексерілуі мүмкін. Бұл жағдай сіздің де басыңызға түсуі ғажап емес, сол себепті кіріс-шығысыңызды есептеп жүргеніңіз абзал. Мен жарнама арқылы ақша тапқан емеспін! Құдайға шүкір, өз кәсібім бар, табысым өзіме жеткілікті азаматпын, - деді ол.
Тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы да мұндай соманың қайдан шыққан білмей аң-таң. Ол қайта тексерісті талап ететінін айтып отыр.
Бірден айтайын, менің "оборотым" мына жерде көрсетілген сомаға сай келмейді. Әрі 2023 жылы 10 шілдеде күшіне енген Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралыҚазақстан Республикасының Заңына сай толығымен жұмыс істеп жатырмын деп сенімді түрде айта аламын. Мен өзім салық, құжат дегендерге бей-жай қарай алмайтын адаммын. Оны көмекшілерім де, заңгерім де, есепшім де (бухгалтер) растай алады. Сондықтан да алдағы уақытта салық органдарына жүгініп, міндетті түрде қайта тексерісті талап етемін. Салықтан ешкім жалтармайды, жалтармауы да тиіс. Ол әлеуметтік саланың бірден-бір қайнар көзі. Жанашырлық танытып жатқан жандарға да алғыс. Алдағы уақытта салық есептелігінің нәтижесімен міндетті түрде бөлісемін, - деп жазды ол.
Бөлісу:
