Жаңалықтар

Қай оқу орындарының түлектері жұмысқа тез орналасады?

Қай оқу орындарының түлектері жұмысқа тез орналасады?
Фото: © Pixabay.com 30.01.2024 16:16 3130

«Атамекен» ҰКП Адами капиталды дамыту департаментінің директоры Азамат Бейсенбенов еліміздегі түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша жоғары нәтиже көрсеткен жоғары оқу орындарын атады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жұмыс іздеудің орташа ұзақтығы 79 күнді немесе 2,5 айды құрайды. Мәселен, 70% түлек алғашқы жұмысын 3 айда, ал 29%-ы диплом алғаннан кейін 3-6 айда табады. Тек 1% түлек жұмысты 6 айдан астам уақыт іздейді, - деді департамент директоры.

Азамат Бейсенбеновтің айтуынша, Қазақ ұлттық хореография академиясы түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша 100% нәтиже көрсеткен. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің көрсеткіштері 97% және 93% болды.

Мемлекеттік университеттер арасында барлық білім беру бағдарламалары бойынша жұмысқа орналастырудың үздік көрсеткіштері Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде (94%), Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтында (94%), Семей медицина университетінде (92%), А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінде (89%), М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде (88%), М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде (88%), академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде (86%), Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде (86%) және Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде (81%) тіркелді, - деді ол.

Жекеменшік жоғары білім беру саласында жұмысқа орналасудың ең жоғары көрсеткіші Нархозда (95%), одан кейін Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті (92%), Astana IT University (92%).

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға