Жаңалықтар

Қауіпсіз онлайн сауда: алаяқтардың құрығына түсіп қалмаудың әдісі қандай?

Қауіпсіз онлайн сауда: алаяқтардың құрығына түсіп қалмаудың әдісі қандай?
Фото: pixabay.com 03.02.2025 17:00 118

Соңғы жылдары көптеген бизнес құрылымы онлайн сауданы белсенді түрде дамытып, интернет сатылымдарының көздерін көбейту үстінде. Бүгінде интернет арқылы қалаған затты сатып алуға, жақындарыңызға сыйлық жасауға, интернет қосылған жерде тапсырыс беруге мүмкіндік бар. Десе де, электронды коммерция индустриясына тән қауіптер мен қатерлер де тез өсіп келеді. Олардың көбі кибер қауіпсіздік және төлем технологияларымен  тікелей байланысты. El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі онлайн сауданың қауіпсіздігін зерттеп, алаяқтардың құрығына түсіп қалмаудың айла-амалдарын тізбектеп көрді. 

Бүгінде алаяқтар әртүрлі айла-амалдар мен схемаларды пайдаланып, сенгіш азаматтарды қыруар қаржыға сан соқтырып жатыр. Сол себепті қаржы ұйымдары интернетте жеке деректеріңізді енгізу кезінде аса мұқият болуды жиі ескертеді. Белгісіз интернет ресурстарында өзіңіздің жеке сәйкестендіру нөміріңізді (ИИН), төлем картасының нөмірін немесе ұялы телефоныңызды қалдырудан сақ болыңыз. Әдетте, сенімді электронды сауда алаңдарында операцияларды орындау үшін қосымша жеке құжаттарды жүктеу немесе артық жеке деректерді енгізу талап етілмейді.

Керегіңізді онлайн сатып алмас бұрын, келесі қауіпсіздік ережелеріне ерекше мән беріңіз:

Интернет дүкендерді мұқият тексеріп алыңыз

Алаяқтар белгілі ірі дүкендер мен брендтердің аттарына ұқсас немесе олардың сыртқы түріне тұспа-тұс келетін жалған интернет дүкендерін жасайды. Интернет алаяқтарының құрығына түсіп қалмау үшін веб-сайттарының URL мекенжайларын мұқият тексеріп, тек HTTPS қауіпсіз байланыс (SSL сертификаты) қолданатын сайттарды пайдаланыңыз. Браузердің адрес жолында сайттың қауіпсіз шифрланған байланыс пайдаланатынын білдіретін құлып белгішесі болуы керек. Мәселен, сандық мекенжайлардан тұратын URL-ға сенуге болмайды. Олар көп жағдайда алаяқтардың сайтын білдіреді.

Өз құрылғыңызды пайдаланыңыз

Әсіресе қоғамдық Wi-Fi нүктелері үлкен қауіп төндіреді. Интернет-кафелерде және басқа қоғамдық орындарда интернет-шоппинг жасауға болмайды. Себебі мұндай ашық желілерде алаяқтар жеке деректерді ұрлап кетуі әбден мүмкін. Құрылғыңыздың қауіпсіздік параметрлерін пайдаланып, антивирус бағдарламаларын орнатып, күрделі парольдер қолдануды ұмытпаңыз.

Онлайн сатып алу үшін арнайы карта пайдаланыңыз

Интернеттен сатып алу үшін тек онлайн саудаға арналған арнайы банктік картаны ашыңыз. Ол сіздің негізгі немесе жинақ шотыңызға байланбауы тиіс. Ақшаңызды тек сатып алу алдында виртуалды картаға аударып, қосымша қауіпсіздік үшін күнделікті лимит қоюға болады.

Сатып алушылардың пікірлерін саралаңыз

Тауар туралы пікірлерді тек дүкеннің сайтынан емес, интернетте де іздеңіз. Егер теріс пікір мен шағымдар қатары көп болса, бұл - секемденетін жағдай.

Төлем әдісін таңдаңыз

Онлайн дүкендер ұсынатын төлем әдістерінің көп болғаны жақсы. Мүмкіндігінше тауар қолыңызға түскен соң төлеңіз. Алдын ала төлем жасасаңыз, электронды поштаңызға тапсырысты растау, төлем туралы растау немесе чекті алу керек болады.

Интернет дүкендер – ең сенімді және қауіпсіз сауда әдісі деп саналғанымен, оларда да алаяқтық жағдайлары көп кездеседі. Мысалы, тауарды сатып алу кезінде алдын ала төлем жасайсыз, бірақ сатушы тауарды уақытында жібермей, телефон қоңырауларына жауап бермейді. Мұндай жағдайда дүкеннің қызмет көрсету орталығына хабарласу керек.

Жеке хабарландырулар арқылы сатып алу да қауіпті. Өйткені көп жағдайда сатып алушылар жалған тауарларға кезігіп жатады. Мәселен, «сатушы» сізге тауардың басқа қалада екендігін айтып, оны курьерлік қызмет арқылы жібере алатынына сендіреді. Кейіннен сізге сілтеме жіберіліп, жеке карта мәліметтеріңізді енгізуді сұрайды. Бұл алаяқтықтардың құйтұрқы әрекеті болуы әбден мүмкін.

Карта мәліметтерін қорғау

Тек виртуалды карталар мен арнайы сатып алу үшін бөлінген карталарды пайдалану арқылы қауіпсіздікті қамтамасыз етіңіз. Сондай-ақ, картаңыздың мәліметтерін үшінші тарапқа бермеңіз.

Интернет алаяқтарының құрығына түспеу үшін не істеу керек?

Ең әуелі интернет дүкенінің рейтингін тексеріңіз.

Тауарды тек ресми жеткізу қызметтері арқылы алыңыз.

Алдын ала төлем жасаудан аулақ болыңыз, тек тауарды алғаннан кейін ғана төлеген дұрыс.

Күмәндансаңыз, компаниямен немесе курьерлік қызметпен байланыста болған жөн.

Төлемдер мен келісімдер туралы барлық жазбаны сақтаңыз.

Қазақстандықтар онлайн сауда жасағанда да заң бойынша өз құқықтарын қорғауға құқылы. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне шағым жасау арқылы өз ақшаларын қайтарып ала алады.

Онлайн саудада алаяқтыққа қарсы тұру үшін не істеу керек?

Онлайн сатып алулар барысында қауіпсіздік шараларын сақтаудың маңызы зор. Әрине, интернет арқылы сатып алу көптеген артықшылыққа ие. Сонда да алаяқтық әрекеттер мен тұтынушылар құқықтарының бұзылуы - жиі кездесетін түйткілді мәселе. Құқық қорғау органдары мен тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті алаяқтармен күресу және азаматтардың мүдделерін қорғау үшін бірқатар шара қабылдауда. Олай болса, интернетте сатып алу кезінде өзін қалай қорғауға болатынына тоқталып өтейік.

Тұтынушының құқықтарын қорғау

Қазақстанда тұтынушылардың құқықтарын қорғау заңмен реттелген. Егер құқықтарыңыз бұзылып немесе алаяқтық әрекеттерге тап болсаңыз, бірден құқық қорғау органдарына, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне хабарласу керек. Осылайша, өз ақшаңызды қайтарып алу ықтималдығыңыз жоғары. Әдетте, өтініштер мен шағымдар бойынша заңды түрде тиісті жауап беріледі.

Тауарды қайтару және айырбастау

Онлайн сатып алудан кейін сапасыз немесе бұзылған тауарды қайтару мәселесі де - өзектілер қатарында. Қазақстанда сатып алушының құқықтары қорғалады. Сатып алған тауарыңыз ойыңыздан шықпаса, оны қайтаруға немесе айырбастауға құқығыңыз бар. Көптеген интернет дүкенде белгілі бір мерзім ішінде тауарды қайтаруға мүмкіндік беретін саясат бар. Бастысы, тауардың бастапқы күйі мен қаптамасы сақталуы тиіс.

Қаржылық алаяқтықтан қалай сақтануға болады?

Онлайн дүкендерде қаржылық алаяқтықтың бірнеше түрі бар. Ең кең тарағаны — фишингтік сайттар. Бұл сайттар танымал дүкендер мен брендтердің дизайнына ұқсап, тұтынушының жеке деректерін ұрлауға бағытталады. Егер күмәнді сайтқа тап болсаңыз, төлем жасау үшін жеке картаңыздың мәліметтерін енгізбеңіз.

Сондай-ақ, кей сауда алаңдарында тауарларды алдын ала төлеу талап етеді. Бұл жағдайда да сақ болған жөн. Әсіресе тауардың бағасы тым арзан болса, бұл алаяқтардың айласы болуы ықтимал. Алдын ала төлем жасау арқылы тауарыңыз қолыңызға түспеуі мүмкін.

Төлем әдісін мұқият таңдаңыз:

Егер интернет дүкен тек бір төлем әдісін ұсынса немесе төлемді сайттың ішінде жинаса, бұл алаяқтық болуы мүмкін. Әрдайым төлемдердің қауіпсіз платформа арқылы жүзеге асырылуына назар аударыңыз.

Жалған жеңілдіктер мен сату ұсыныстары

Сайттарда ұсынылатын тым арзан бағалар мен жеңілдіктер де алаяқтықтың белгісі болуы мүмкін. Мұндай ұсыныстар көбінесе алдын ала төлем жасауға шақырады, ал тұтынушы ақшасын жоғалтады.

Криптовалюта арқылы төлемдер

Криптовалюта арқылы төлеуді сұрайтын интернет дүкендерге де сақтықпен қарау керек. Криптовалюта төлемдері қайтарылмайды және алаяқтар мұндай төлем әдістерін жиі пайдаланады.

Онлайн сауданың артықшылықтары қандай?

Онлайн сатып алу – қазіргі заманның шынайы тренді. Оның артықшылықтары төмендегідей:

Ыңғайлылық: Дүкен аралаудың қажеті жоқ. Қалағаныңды кез келген жерден, тіпті үйде отырып таңдай аласыз. Ғаламдық желіге қосылсаңыз болғаны.  

Тауардың кең ассортименті: Онлайн дүкендерде жергілікті дүкендерге қарағанда өнімнің көп түрі ұсынылады. Дүние жүзі бойынша түрлі брендтер мен өнімдерге қол жеткізуге болады.

Арзан баға: Әрқашан арнайы жеңілдіктер мен акцияларды қадағалауға болады. Сондай-ақ, интернет-дүкендерде жиі арзан бағамен сатылатын тауарлар болады.

Уақытты үнемдеу: Жұмыс күндерінде адамдарға сауда орталығына бару ыңғайсыз. Осыған орай, онлайн сатып алу сауданы біраз жеңілдетеді. Бір жақсысы  уақытыңызға сай жоспарлауға болады.

Онлайн дүкендерде әртүрлі арнайы ұсыныстар мен жеңілдіктер қатары жиі кездеседі. Олар сатып алушыны елтіп, арзан тауарды сатуға тырысады. Дегенмен, мұндай ұсыныстардың көпшілігі алаяқтық болуы мүмкін. Бұл жағдайда ең бастысы – кез келген мәміле ұсыныстарын зерттеп, егер ұсыныс тым жақсы болса, оған күмәнмен қарау керек.

Интернет арқылы сатып алу көптеген артықшылықтарға ие болғанымен, оның да өзіне тән қауіптері бар. Дегенмен, егер кейбір негізгі қауіпсіздік шараларын сақтап, алаяқтық схемаларды танитын болсаңыз, онлайн саудада жеңіліп қалмауға болады. Әрқашан тексерілген интернет дүкендер мен платформаларды таңдап, жеке мәліметтеріңізді қорғап, күмәнді мәмілелерден аулақ болыңыз. Егер күдікті жағдайды байқасаңыз, міндетті түрде тиісті органдарға хабарласып, әрекет жасаңыз.

Онлайн сатып алу мүмкіндіктерін пайдалана отырып, өзіңізді және қаржылық қауіпсіздігіңізді қорғап, алдағы уақытта интернет саудасының барлық артықшылықтарын ала аласыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға