Жаңалықтар

Қатерлі ісікті ядролық медицина арқылы емдеудің жаңа әдісі қолданысқа енгізілді

Қатерлі ісікті ядролық медицина арқылы емдеудің жаңа әдісі қолданысқа енгізілді
Фото: ©El.kz/Амангүл ТІЛЕЙЫЗЫ 18.10.2024 18:32 498

Елімізде қатерлі ісікті ядролық медицина арқылы емдеудің жаңа әдісі қолданысқа енгізілді. Бұл туралы ҚР президент іс басқармасына қарасты медициналық орталық ауруханасында өткен баспасөз конференциясында айтылды, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.  

Ядролық медицинадағы тераностика технологиялары – онкологияны емдеудің жаңа белесі. Бұл Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіне аса қажет. Яғни, қатерлі ісікті ядролық медицина арқылы емдеудің ең заманауи үлгісі елімізге жетіп, жаңадан қолданысқа ене бастады.   

«Тераностика» термині «терапия» және «диагностика» деген екі сөздің бірігуінен шыққан. Яғни, бір ғана изотоп дертті ерте бастан диагностикалап қана қоймай, оны емдеуге де көмектеседі.

Осылайша, онкологияда ағзаны химиясыз, сәуленің әсерінен сақтай отырып емдейтін баламатәсіл пайда болады.Ядролық медицина әдістері изотопты аз мөлшерде қолдана отырып, ісікті табуға және оны жоюға жол ашып отыр.

ҚР ПІБ медициналық орталығының ауруханасында еліміздегі ең озық ядролық медицина орталығы бар. Сол үшін де тераностика технологияларын енгізу және бейімдеу осы орталықта басталады.

Онкологиялық дертті емдеу технологияларын енгізуге ядролық физиканы (радиохимияны) дамыту жөніндегі кеңес шеңберінде Үкімет қолдау білдіріп отыр. Осыған орай елімізде ядролық физиканы дамыту жөніндегі кеңес құрылды. Кеңес ядролық физика және ядролық медицина деп аталады.

Кеңестің жұмысын энергетика министрлігі үйлестіреді. Ядролық физиканы (радиохимияны) дамыту жөніндегі кеңестің құрамына барлық министрліктер кіреді және кеңес қызметінің мақсаты – ядролық физиканы (радиохимия) дамыту саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын айқындау бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу.

Ядролық физика институтының директоры Саябек Сахиевтің сөзінше, атом энергиясы барлық салада күнделікті қолданылады.

Қатерлі ісікті ядролық медицина арқылы емдеудің жаңа әдісі қолданысқа енгізілді

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙЫЗЫ

Мәселен Қазақстанда судың проблемасы бар. Әр қалада кәріз суы жиналады, мұның бәрін радиациялық өңдеу арқылы қайтадан ауыз суға айналдыруға болады. Атом саласының тағы бір бағыты – бұл онкологиялық ауруларды диагностикалау және емдеу.  Сондықтан ядролық физика институты Қазақстандағы теңдесіз ғылыми зерттеу институттардың бірі болып есептеледі. Аталмыш оқу орны Қазақстанға қажетті радиофармпрепараттардың 90 пайызын өндіреді, – деді Саябек Сахиев.

Ядролық физика институты – радиофармацевтикалық препараттарды өндіру процесінің халықаралық стандарттарға сәйкестігін растайтын GMP сертификаты бар Қазақстандағы жалғыз ұйым.

Бүгінде үш негізгі дәрі-дәрмегі ядролық физика институтында шығарылады. Олардың екеуі йод-131 және технеция-99m радиоизотоптарының негізінде атом зерттеу реакторының базасында дайындалады. Қазір фтор-18 және лютеция-177 изотоптарының негізінде жаңа дәрілер әзірленуде. Олар қуық асты безі обырын диагностикалау үшін қажет.

Бүгінгі таңда 7 препарат қолданылып жатса, енді екеуі 2026 жылы қолданысқа енеді.

Ядролық медицина орталығының радиоизотоптық диагностика дәрігері Мақсат Жайымбаевтың сөзінше, емнің сәтті аяқталуы оның ерте анықталуына тікелей байланысты.

Радиофармпрепараттар медицинада қысқа өмір сүретін немесе ультра қысқа өмір сүретін изотоптар пайдаланылады, біз оларды басқа елдерден әкеле алмаймыз, өйткені онда фтордезоксиглюкозаны тасымалдауда 4 сағаттан аспауы тиіс. Сондықтан басқа елдерден, алыс өңірлерден біз бұл радиофармпрепаратты әкеле алмаймыз, оны осы жерде өндіруіміз керек. Фтордезоксиглюкоз 18F препарат 70-80% дейін онкологиялық аурулардың таралуын анықтауға көмектеседі. Ал қуық асты безінің қатерлігі ісігі немесе бас миындағы ісіктерге диагностика жасай алмаймыз, сол үшін осы препараттар бізге анықтауға көмекке келеді, – дейді Мақсат Жайымбаев.

Сонымен қатар қазіргі таңда жасалып отырған радиофармпрепараттардың ішіндегі натрий фтор препараты сүйек ауруларын анықтауға қолданылады. Бұл препараттардың өмір сүру уақыты өте аз, мәселен фтордезоксиглюкозаның жартылай ыдырау уақыты 109 минут. Дәрігердің сөзінше, әр 109 минут сайын радиофармпрепараттың көлемі екі есеге азайып отырады. Мұны үлкен көлемді тасымалдауға болады, бірақ 16 сағаттың ішінде жойылып кетеді. Сол себепті бұлар циклотрондық-өндірістік кешені бар жерде диагностикалық блоктардың қасында орналасу керек, Яғни, бір сағат ішінде тасымалданып, сол күні зерттеу жасалынып, препаратты науқастарға енгізіп үлгеру қажет болады. Ал екінші күнге ол препарат өз күшін жояды.

Жыл сайын 10 мыңға жуық науқасқа зерттеу жүргіземіз. Күнделікті негізде фтордезоксиглюкозаны синтездеп отырамыз. Яғни, біздің орталықта науқастар 70-80 пайызға дейін диагностикадан өтеді. Бүгінде орталық тек зерттеумен айналысады, – деді ядролық медицина орталығының радиоизотоптық диагностика дәрігері Мақсат Жайымбаев.

Ядролық физика институтының директоры Саябек Сахиев еліміздің және Еуропаның көптеген азаматтары Түркияға барып емделетінін айтты. Енді түріктің компаниялары Қазақстандағы ядролық физика институтының жанынан өздерінің қаржысына орталық салуға ниетті екенін айтты.

Сол орталықта еліміздің мықты кадрларын дайындап, көмектесуге де даяр. Ал салуға кеткен қаржысын өтеу керек қой. Ол үшін емдеген адамдардың ақысын денсаулық сақтау министрлігімен келісе отырып диагностика жасау керек. Екіншіден, емдеуге қажетті радиофармпрепараттарды біздің ядролық физика институтынан сатып алуға дайын. Жапонияны алып қарасақ, әрбір үш адамның біреуі осы онкологиямен ауырады. Бірақ орта жастағы адамдар 89-90 жасқа дейін барады. Неліктен? Олар бұл ауруды озық технологияның арқасында ерте анықтап отыр, – дейді ол.

Елімізде қатерлі ісік ауруларынан болатын өлім көрсеткіші 4 пайызға артқан. Оның алдын алу үшін осы препараттар қолданысқа еніп жатыр.

Қатерлі ісікті ядролық медицина арқылы емдеудің жаңа әдісі қолданысқа енгізілді

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙЫЗЫ

Ядролық медицина орталығы ең заманауи құрылғылармен жабдықталған. Мәселен жоғары технологиялық ПЭТ/КТ сканері позитронды-эмиссиялық және компьютерлік томография мүмкіндіктерін үйлестіреді және аурудың ең кішкентай ошақтарын анықтауға, сондай-ақ ісіктердің орналасуы мен шекаралары туралы нақты деректермен үш өлшемді кескін алуға мүмкіндік береді.

Медицина ғылымдарының докторы Айгүл Сәдуақасованың сөзінше, ПЭТ/КТ онкологиялық ауруларға қолданылады: ісік метастаздарын іздеу, бастапқы ісіктерді іздеу, анықталған метастаздар үшін және ісікке қарсы емнің тиімділігін бағалау үшін. Компьютерлік томография бір сканерде бірдей диагностикалық сессия аясында жасалады және науқастың денесінің анатомиялық құрылымдары арасында қатерлі ісікке шалдыққан жерлерді нақты локализациялауға көмектеседі. Нәтижесінде ПЭТ/КТ арқасында мамандар ісіктер мен метастаздарды анықтай алады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға