Жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев Temasek Holdings компаниясының бас директорын қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев Temasek Holdings компаниясының бас директорын қабылдады
Фото: Ақорда 23.05.2024 15:54 642

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Temasek Holdings компаниясының бас директоры Дилхан Пиллэйді қабылдады. Кездесу барысында «Самұрық-Қазына» қоры мен Temasek компаниясы арасында стратегиялық серіктестік орнату мүмкіндігі талқыланды, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі. 

Президенттің сөзінше, аталған бастама іскерлік байланыстарды кеңейтуге, экономикалық өсімді ынталандыруға ықпал етеді. Мемлекет басшысы Қазақстан тарапының Temasek компаниясымен тығыз серіктестік жасауға мүдделі екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев сингапурлық компанияны Қазақстан экономикасының түрлі саласында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру ісіне белсенді атсалысуға шақырды.

Дилхан Пиллэй көлік және логистика салалары бойынша біздің елмен арадағы ынтымақтастық перспективасына жоғары баға берді. Қазіргі уақытта сингапурлық компания Қазақстан экономикасына қатысу мүмкіндіктерін зерделеп жатыр.

Кездесуде бірлескен инвестициялық қор құру, сондай-ақ цифрландыру, электронды коммерция және жаңартылатын энергия көздері салаларындағы ықпалдастық мәселелері қарастырылды.

Temasek – Сингапурдың 1974 жылы құрылған ең ірі инвестициялық компанияларының бірі. Әлемнің 9 елінде компанияның 13 өкілдігі бар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға