Жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев су тапшылығынан болатын қауіпті салдар туралы айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев су тапшылығынан болатын қауіпті салдар туралы айтты
Фото: akorda.kz 04.12.2024 02:29 256

Мемлекет басшысы су тапшылығы азық-түлік және энергетика қауіпсіздігіне, өнеркәсіп өсіміне қауіп төндіретінін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оның пікірінше, ауыл шаруашылығындағы су үнемдеуге және энергияның жаңартылатын көздерін дамытуға салған стратегиялық инвестициялар экономика тұрақтылығын арттырып қана қоймай, қоршаған ортаға қысымды төмендетеді.

Суда шекара болмайды. Ол қоғамдастықтар мен экожүйелерді байланыстырады. Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорының төрағасы ретінде аймақтық ынтымақтастық пен бірлескен іс-қимылдың ілгерілеуіне қолдау көрсетеді. Біздің ойымызша, климаттың өзгеруімен күрестің алдыңғы шебінде жүрген мемлекеттердің диалогты жандандырып, халықаралық ықпалдастықты дамытуы және суға қатысты жобаларды жүзеге асыру үшін ресурстарын жұмылдыруы өте өзекті. Осы мақсатқа сәйкес, Қазақстан бүгін жаһандық су дағдарысын шешуге мүдделі тараптарды біріктіретін және су ресурстарын басқару ісінде жаңашылдықты жақтайтын One Water Vision коалициясына ерекше ықыласпен қосылды. Еліміз 2026 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен Өңірлік климат конференциясын өткізеді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы 2030 жылға дейінгі орнықты даму саласындағы жаһандық басымдықтардың бірі су ресурстары екенін еске салды.

Су қауіпсіздігі – жай ғана техникалық немесе экологиялық мәселе емес, бұл моральдық императив. Су қауіпсіздігі проблемасын шешу One Water қағидаты аясындағы көпжақты диалогты дамытуды талап етеді. Қазақстан су ресурстарын жаһандық ауқымда басқару ісін нығайтуды көздейтін осы ұжымдық әрекетке өз үлесін қосуға дайын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға